2020 жылдың ерекшелігі

Өседі! 2020 жылдың жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, тағысын тағылар бойынша жағымды жаңалығы құлаққа майдай жақты. Парламент палаталары мақұлдап, Президент бекіткен бірнеше заңның қатарында 2020-2022 жылдарға арналған бюджет туралы құжат та бар. Ендеше, түрлі төлемнің көбеюінен бөлек, қазақстандықтарды басқа қандай өзгеріс күтіп тұрғанын тарқатып айтайық.

Төлемдер өседі

Қаңтардан бастап еңбекақы мұғалімдерде 25, мәдениет саласы қызметкерлерінде 35-50, әлеуметтік қызметкерлерде 30-60 процентке артты. «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Ал магистр дәрежесі бар дене тәрбиесі мен спорт са­ласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының қыз­мет­керлеріне, әскери оқу орындарының оқытушыларына қосымша 10 АЕК көлемінде төленеді.

Көп ұзамай еліміздегі 2 миллионға жуық зейнеткердің қолына бұрынғыдан көптеу зейнетақы тимек. 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 7 процентке немесе 38636 теңгеге көтерілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 5 процентке артып, ең төменгі мөлшері 16 839 теңгеге жетіп отыр.

Мемлекет басшысының Жастар жылындағы тапсырмасы студент­тердің көңілін серпілтті. Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы 20 949-дан 26 186 теңгеге, магистранттардыкі 53 530-дан 66 913 теңгеге жетті. Ал докторантурада оқып жатқан жастар 81 998-дің орнына 102 498 теңге алады. Жақсы жаңалық техникалық және кәсіптік оқу орындарындағы жастарды да айналып өткен жоқ. Оларға енді 20 948 теңгеден тиесілі. Жұмысшы мамандығын игеруші 122 мың жастың шәкіртақысы былтыр қыркүйектен бастап 30 процентке ұлғайған еді. Президент тапсырмасымен ол тағы 25 процентке артып отыр.

Сараланған АӘК

Атаулы әлеуметтік көмек жүйе­сінде де оң өзгеріс бар. Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар отбасыға жаңа мемлекеттік жәр­демақы бөлінеді. Ол отбасы кірісіне қарамастан сараланған көлемде беріледі: 4 балаға – 42496, 5 балаға – 53 127, 6 балаға – 63 757, 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

«Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атақтары мен І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлеріне төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көлемі табысқа қарамастан 16 973 теңгені құрайды. Кәмелет жасына толмаған мүгедек баласы бар анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға тағайындалатын және төленетін жәрдемақы көлемі 43 657 теңге болады. Дәл осындай мөлшердегі жәрдемақы бала кезінен І топтағы мүгедекті бағып-қағып отырғандар үшін де төленеді.

Жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандарға, асыраушысынан айырылғандар мен жұмыстан шығып қалғандарға әлеуметтік төлем тағайындау параметрлері өзгеріп, төлем орташа есеппен 30 процентке көбейді. Жұмысынан айырылған, бірақ оған дейін 100 мың теңге көлемінде орташа табысы болған және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 5 жылдан асатын адамдар үшін төлем сомасы 30 мыңнан 41 600 теңгеге ұлғайды.

МӘМС:

кім қанша төлейді?

Биыл іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халықтың 94,5%-ін қамтиды. Оның 5,5%-і – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 қаңтардан бастап төленетін жарна мен төлем мөлшерін бекітті:

жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2 проценті;

жұмысшылар үшін – еңбекақының 1 проценті;

жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін – 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5 проценті;

азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер үшін – табысының 1 проценті;

өздігінен төлеушілер үшін – 1 ЕТЖ-нің 5 проценті.

Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санаты үшін қорға жарнаны ең төменгі жалақының 1,4 проценті мөлшерінде мемлекет аударады.

Жаңа жүйеде үлкендер мен балаларға арналған профилак­тика­лық тексерістер, жоғарғы стационарлық көмек, мейірбике күтімі, қымбат консультативті-диагнос­тикалық қызмет түрлері қарастырылған. Сондай-ақ, қазақ­стан­дықтар медициналық сақтан­дыру аясында экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына тегін қатыса алады.

Жаза күшейді

Ендігі жерде мас күйінде көлік жүргізгендерге қатаң жаза қолданылады. Кісі өліміне әкелген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айыру шарасы көзделген. Ішімдікке сылқия тойып алып руль тізгіндегендерді әкімшілік қамау мерзімі 30 тәулікке, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұзарды. Ал жүргізуші куәлігінің жоғына қарамастан мас күйінде көлік айдағандар темір тұлпардың тізгінін тек түсінде көрмек.

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен мыңға жуық адам қаза тауып, жарақат алған. Жыл сайын мас күйінде көлік жүргізудің 30 мыңнан астам жағдайы тіркеледі екен. Олардың кесірінен болған апаттар нәтижесінде өткен жылдың өзінде 1000-нан астам азамат жарақат алған немесе көз жұмған.

Несие берілмейді. Неге?

Табысы төмен азаматтар қаңтардан бастап банктерден қарыз ала алмайды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын, микроқаржы қызметін және салық салуды реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шарттарының бірі – осы.

Ол табысы күнкөріс деңгейінен (қазіргі кезде 31183 теңге) аспайтындарға қатысты. Сондай-ақ, жұмыссыздарға несие берілмейді. Банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 ай аралығындағы жалақы мөлшері туралы ресми ақпарат ұсыну керек. Бұдан өзге заңнамалық актілерге 90 күн кешіктірілгеннен кейін жеке тұлғаларға қамтамасыз етілмеген барлық тұтынушылық қарыз үшін тұрақсыздық айыбы мен алым алуға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Бұл қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие көлемінің өсуін шектейді.

Өткен жылдың III тоқсан қорытындысына сүйенсек, жеке тұлғалардың несие бойынша берешегі алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4 процентке немесе 7 триллион теңгеге жеткен. Қазақстандықтар несиенің 95 процентін екінші деңгейлі банк­терден, қалған бөлігін шағын қаржы ұйымдары мен онлайн-несие компанияларынан алған.

Назерке Саниязова.

Әлеумет 06 қаңтар 2020 г. 64 0