Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: «ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІНІҢ АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТПАУЫ – ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ»

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізді.

Кеңейтілген отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Маңызды бағдарламалар қабылданып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет Президенттің тапсыр­маларын орындауды қамтама­сыз еткенімен, экономикалық дамудың сапасына қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар.

– 2019 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнімдегі несие портфелінің көлемі 23 пайыздан 22 пайызға төмен­деп кетті. Бұл экономиканы несие­лендіруді тежейді. Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бо­йынша «чемпион» болдық. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Шикізат экспортының үлесі жәй өсуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойған мақсаты мен міндеттері өзгермейді. 2050 Стратегиясын, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары бағдарламаларын жүзеге асыру жалғаса береді. Дегенмен, Үкімет экономиканы түбегейлі рефор­малайтын жан-жақты бағдарлама дайын­дауы керек», – деп өз ұстанымын ашық айтты.

– Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған ша­қырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жәй қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұл­ғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арт­тыратын тиімді өнеркәсіп саяса­тын, сонымен қатар, ашық әрі прагма­ти­калық салықтық-бюджеттік саясат қалып­тастыру керектігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті фискальды саясат та жаңғыртуды қажет етеді деп санайды. Оның негізгі міндеті – бюджетке қаржының тұрақты түсуін қамтамасыз ету, ұлттық кірісті әділетті бөлу, экономикалық өсімнің сапасы мен құрылымын жақсарту. Микро және шағын бизнесті салықтан босату оның дамуына тың серпін беретінін көрсетті. Бірақ жаппай салықтан босату айтарлықтай теріс әсер беруі мүмкін.

– Еркін экономикалық аймақ бойынша ғана шартты шығынымыз 2 триллион теңгеге жуық. 13 еркін экономикалық аймақтың құрылымына бюджеттен қосымша 340 миллиард теңге бөлінді. Осы аралықта еркін экономикалық аймақтан 170 миллиард теңге ғана салық жиналды. Бар-жоғы 18 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Еркін экономикалық аймақтың бар­лығында сапалы толықтыру проб­лемасы бар, яғни, басқарылуы дұрыс емес. Үкіметке ұсынылатын салық­тық преференциялардың бар­лық спектрі­нің тиімділігі мен мақсат­тылығына талдау жасауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің тапсырмасы бо­йын­ша имидждік шараларға бөлінетін қар­жы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторында да жүргізіледі.

– Үкіметке осы жылдың 1 мамы­ры­на дейін жұмыс нәтижелерін баяндау­ды тапсырамын. Маңыздылығына сәй­кес кейінге қалдыруға болатын шы­ғын­­дарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ішкі нарықтың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін Үкі­метке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стандарттарға сенімді арттыруды, сондай-ақ, «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі  жалғасуда, құрылыс құнының сметасын жасауда проблема бар.

– Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негізделген тәсілдерді қысқарту керек. Мысалы, 8 өңірде жеткілікті түрде жеке тасымалдаушылары бар муниципалды автопарктер құрылған. Үкімет қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Бұл – маңызды әлеуметтік мәселе. Орындауға екі ай уақыт беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің агроөндіріс ке­шеніндегі ахуалға да көңілі толмады. Соңғы 5 жылда аталған салаға 2,4 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5 пайыздан аспайды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экспорт әлеуетін көтере алмағанымызды, сондықтан азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, министрлік елімізде шикізат өңдеу үшін барлық жағдайды жасауы тиіс. Қайта өңдеу ісі мен экспорт тиімді болуы қажет.

– Бізде Агроөндіріс кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы бар. Онда аталған саланың мақсаты мен міндеті, нақты өндірістік және экономикалық көрсеткіштері жазылған. Демек, Үкіметтің жос­парлары мен негізгі басымдықтары айқын. Сонымен қатар қолдау шаралары, яғни, субсидия беру тәсілі жыл сайын өзгереді. Соңғы 5 жыл ішінде бөлінген қаржы 2 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте субсидиялар 47 рет өзгерді. Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған бо­латынмын. Бұл тапсырма әзірге орындалмады. Нақты шешімдер мен ұсыныстар күтемін, – деді Мемлекет басшысы.

2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңге болды. Бұл жалпы бюджеттің 30 пайызы. Әлеуметтік қорғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық қазақстандық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуы тиіс.

– Зейнетақы аудары­мын­дағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй алуға және басқа да қажеттіліктерге пайдалану жайына келер болсақ, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалды. Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қар­тайғанда лайықты зейнет­ақысыз қалдырмау. Еңбек­керлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбек­ақы төлеуде ашықтық қалып­тастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын бір­тіндеп көбейте беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкі­мет­ті әлеуметтік және эко­но­ми­калық қатерлерге жол бер­меу үшін өз бастамаларын мұ­қият әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік ор­гандардың шешімдері аза­маттар тарапынан жиі сы­на­лады, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын ту­дырады. Бүгінде Қазақстанға Еур­азиялық экономикалық одақ­қа мүше елдерден әке­лінген автомобильдерге қатыс­ты проблема қоғам назарын аударды.

– Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқық­тық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еур­­­азиялық экономикалық одақ­қа мүше елдерден 2020 жыл­­дың 1 ақпанына дейін әке­лін­ген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәр­­тіп­пен уақытша тіркеуді қам­­та­масыз етуі қажет. Бұл авто­көліктерді тіркеу 2021 жыл­дың 1 наурызына дейін жал­ғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқы­ғынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына не­месе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Авто­көлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Үкі­метке бұдан былай ел заң­намасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайда­ланылуына шектеу қою­ды тапсырды.

Президент сөзінің соңында бүгін ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкі­мет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көк­темге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін атап айтты.

Әлеумет 25 қаңтар 2020 г. 837 0