Жалағаш ауданы: Инвестиция – іскерлік бастауы

Кеше Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, бірқатар басқарма басшылары және аудан жұртшылығы қатысты.

Аудан әкімі өткен жылдың ең басты көрсет­кіштеріне тоқталып, әсіресе инвестиция тарту бойынша қол жеткен жетістіктерді атап өтті. Инвес­тиция тарту көрсет­кіші ал­дыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 51,4 процентке өскен. Шағын және орта биз­нес­пен айналысушылар кәсіпкерлікті қолдауға ба­ғыт­­талған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар бо­йын­ша жеңілдетілген не­сие алып, мал, егін шаруа­шы­лығы, қызмет көрсету салаларын өркен­деткен.

Өткен жылы күн электр станциясына жер бөлініп, құрылысы басталған еді. «Nomad Solar» ЖШС-ның жобасы алдағы ақпан айында пайдалануға беріледі. Сол кезде 15 адамға жұмыс көзі ашылып, электр станциясы жергілікті бюджетті жы­лына 120 млн теңгеге толықтырады.

Ауданға қарасты ауылдар ахуалын айтқанда, ең алдымен «Таң ЛТД» ЖШС-ның мемлекеттік-жекешелік әріптестік ая­сында сал­ған спорт-сауық­тыру кешені, Ақсу ауы­лындағы дәрі­герлік амбулаторияның пай­­да­лануға берілгені ойға ора­лады. Мұндай меди­ци­налық меке­мелер Таң және Мырзабай ахун ауылында да бой көтерді.

Былтыр Жалағаш ау­даны ауыл шаруашылығы саласында да нәтижелі жұмыс атқарып, «Алтын дән» мерекесінде «Үздік аудан» номинациясына ие болды. «Байқоңыр-ин­вест» форумында мемо­ран­думға қол қойылып, алдағы уақытта ауданнан бордақылау алаңын, ет өңдеу цехын, тыңайтқыш өңдеу зауытын салу туралы келісім жасалды.

Есепті кездесуде аудан­дағы құрылыс қарқыны, ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге, жол жөндеуге қатысты атқа­рылған жұ­мыстар сара­ланды.  Былтыр Аққыр, Жаңа­­дария, Мақ­палкөл ауыл­­да­рында ауызсу желі­лері жаңғыр­тылған. Бү­гінде 25 шақы­рымға жуық жол жөндеуді қажет етіп тұр. Қаракеткен мен Таң ауылдарына кіреберіс жол­дарды жөндеудің құжат­­тары сараптамадан өтті.

Сырдария ауданында орна­ласқан газ тарату стан­ция­сынан Жалағашқа ма­гис­тральдық және квар­талішілік газ желісін тарту үшін өткен жылы респуб­ликалық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Әлеуметтік ны­сандарды газ­дандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Аудандық ауру­хана құрылысы жалғасуда.

Аудан тұрғындары ме­ди­циналық қызмет сапасын жақсартуға,  жол сапасына қа­тысты мәселелерді кө­терді. Сондай-ақ ау­дан­дық музей және көпбалалы отбасыларға арналған көп­қабатты үйлер салу туралы ұсыныстарын ор­таға салды.

Кездесуде еңбек ар­да­­герлері Қ.Жұба­тыров, Қ.Кіш­кенбаев, Б.Төле­ген­қызы, А.Пір­манов, Ж.Төре­мұ­ра­тов сөз алып, аудан әкімі­нің жыл бойы атқарған жұмысына оң баға берді.

Әлеумет 25 қаңтар 2020 г. 935 0