Түйе сүті табысқа кенелтеді

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында орналасқан Аралқұм елді мекенін жолаушылар жақсы біледі. Теміржол мен автокөлік жолы кесіп өтетін ауылдың ахуалы  бөтен емес. Сауда-саттық жасауға да ыңғайлы. Әрі-бері өткен сайын жол жиегінде құтыға құйылған шұбат, шебер өңделген балық, өзге де ұсақ-түйек сатып тұрған адамдарды көресіз. Бейнеттеніп өсірген малының өнімін сатып, отбасының ризы­ғын айырса несі айып?!

Жаз­дың аптабында, қыстың ыз­ғырық аязында кәсіп жасау да оңай емес. Елді мекенге жа­қын­дағаннан маң-маң бас­қан түйелер келесін жиі кез­дестіресің. Осынау түр-тұлғасы ерекше жаратылған ойсылқара түлігі табиғаты қаталдау  өңірдің тіршілігіне жақсы бейімделген.

Арал­құм елді мекенінде Болат Жаңабаевтың баста­ма­сы­мен ауыл орталығынан сүт қабыл­дайтын пункт ашылған еді. Өткен жылы осы істі қолға алған Болат сүт қабылдау пунк­тін ашу бағытында Ал­маты қаласында орналасқан «Нар» ЖШС-мен келіссөздер жүргізді.  Келіссөз нәтижесінде «Нар» ЖШС өкілі Ғалым Капу Аралқұм ауылына арнайы құрылғыларды жет­кі­зіп,  шикі түйе сүтін қабыл­дай бастады. Жергілікті жер­ден жиналған сүт арнайы сал­қын­датқыш қондырғысы бар авто­­көліктермен Алматы қала­­­сындағы құрғақ сүт өн­діру зауытына жөнелтіліп, өн­ді­рілген өнім алыс-жақын шет елдерге экспортталатын болады.

Сүт қабылдау пунктінің ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев  жаңа бастамаға сәттілік тілеп, ке­шен­ді жұмыстардың ауылға үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Сүт қабылдау пункті цистерналар, арнайы ап­параттар, электр қуатын беретін аппараттарға қоса сүт құрамын тексеретін ап­паратпен, қосымша ыдыс­тармен жарақталған. Пункт толықтай іске қосылғанда, бес адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ауылдық округке қарасты әрі жақын орналасқан елді мекендерде түйе өсіріп отырған  тұрғындармен келісім жасалып, сүттің әр литрін үстеме бағамен сатып алу, жазғы маусымда жеке иеліктерден тәулігіне бір жарым тонна сүт жинау жоспарлануда. Қазіргі таңда түйе сүтін қабылдау пункті Сексеуіл кентінде де іске қосылды. Таяу күндерде Жақсықылыш кенті мен Шижаға елді мекенінен де осын­дай пункт ашу жос­парла­нып отыр.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Әлеумет 22 ақпан 2020 г. 751 0