Айдарлыға аяқсу жетеді

Ел президенті қасым-жомарт тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сырдария ауданында өз нәтижесін бере бастады. Тұрғындар тарапынан көтеріліп, жергілікті атқарушы билікке айтылған ұсыныс-пікірлерді орындау ауданда жүйелі жолға қойылған. бұл көп мәселенің оңтайлы шешілуіне тікелей әсер етуде.

Айдарлы ауылы – аудан орта­лы­ғынан ең шалғай орналасқан елді мекен. Ауылдық округте 308 отбасында 1750-ге жуық тұр­ғын тұрады. Алыс ауылдың ең өзекті мәселесі – «Ақтам» ка­на­лы арқылы келетін аяқсудың бір жүйеге келтірілмеуі. Яғни, ка­налдың сағасы бітеліп, арнасы та­рылып қалған. Бұл бірнеше жыл­дан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе екенін көпшілік жақсы біледі.

Өткен жылдың күз айында аудан әкімі Руслан Рүстемовтің ауыл тұрғындарымен кездесуінде де осы мәселе көтерілген болатын. Ауыл ақсақалдары аяқсу мәсе­лесі шешілсе, тұрғындар егін егіп, кәсіппен айналысатынын айтып, жергілікті атқарушы би­ліктен қолдау көрсетуді сұраған еді. Сонымен қатар ауылдың бір­қатар тұрғыны облыс әкімінің қабылдауында болып, тиісті жауап алған. Осыған орай об­лыс әкімінің қолдауымен об­лыс­­­тық бюджеттен 28,9 млн тең­ге қаржы қаралып, жуырда «Ақ­там» каналын тазарту жұ­мыс­­тары басталды. Өткен апта­ның жұмасында аудан әкімі елді мекенге арнайы барып, канал­ды тазарту жұмыстарының бары­сы­мен танысты.

«Ақтам» каналының басында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров пен ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков болды. Ақсақалдар бұл маңға екі күнде бір келуді әдетке айналдырыпты. Мақсат – жұмыстың сапалы жүргізілуін көзбен көру, мердігер мекеме өкілдеріне ағалық ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беру.

– Халқымызда «Қуаныштан бөркімді аспанға аттым» дейтін сөз бар ғой. Біз де каналды тазарту жұмыстары басталғанда бөркімізді аспанға аттық. Бұл бірнеше жыл қатарынан айтып, жауыр болған мәселе еді. Биыл облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен шешімін тапты, – деді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Сүйіндіков бізбен әңгімесінде.

– Су – тіршілік нәрі, берекенің бастауы. Тұрғындар өтініші аяқсыз қалмағанына қуанамын. Ауылға аяқсу келсе, тұрғындар егін егеді. Өнімді сатып алмайды. Сонымен бірге аяқсудың болуы экологиялық мәселенің реттелуіне де әсер етеді, – деп толықтырған ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы ауыл үшін маңызды мәселенің шешілуіне ықпал еткен аймақ басшысына алғыс білдірді.

Каналды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме – «Сириус Строй» ЖШС. Директоры Шазатхан Құлтаев бүгінде каналдың 400 метр жері тазаланғанын, жұмыс белгіленген уақытта аяқталатынын жеткізді. Бұл бағытта екі бульдозер, бір экскаватор және 8 маманнан құралған арнайы бір бригада жұмыс істеуде.

– Мекемеміздің канал қазу­да мол тәжірибесі бар. Жос­парлы жұмыстар кес­теге сәйкес жүргізілуде. Ауыл ақса­қал­да­рының да ұсыныс­тарына құлақ асып, бірлесе жұмыс жасап жатырмыз, – деді серіктестік басшысы.

Аудан әкімі мердігер мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, ауыл үшін аяқсудың өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ орын­басары Б.Лекеровке, ауыл әкімі А.Ержановқа аяқсу мәселесі шешілгеннен кейін елді мекендегі егін егу жұмыстарын жандандыру бағытында бірқатар міндет жүктеді. «Ақтам» каналының сағасынан бастап жаяу аралаған аудан басшысы жұмысты оң бағалап, еңбеккерлерге сәттілік тіледі.

Айта кету керек, «Ақтам» каналы қазылып, ауылға аяқсу келсе, 100 гектар жоңышқа, 60 гектар бақша дақылдары, 20 гектар картоп және 5 гектар көкөніс егілмек. Бұл дегеніңіз шалғайдағы ауыл үшін шаруаның қайта түлегені емес пе?!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ.

Әлеумет 14 наурыз 2020 г. 430 0