Құм даланы құлпыртқан

Арал теңізі маңындағы ауылдарға барып көргендер біледі. Мұндағы жердің көп бөлігі сусыма құм, сортаң топырақ. Аптап ыстығы мен аңызақ желі тағы бар. Сондықтан бұл аумаққа жайқалып тал өсіп, қызыл-жасыл гүл ашыпты дегенге сену қиын. Бірақ құм даланы да құлпыртуға болады екен. Мұны Көкарал бөгеті салынғанда бой көтерген арнайы қалашыққа барғанда байқадық.

Өткен жазда ауылға бар­ға­нымда қаратереңдіктер аузының суы құрып айтып жүрген «құм­дағы оазисті» қалайда көру керек деген ойға бекіндім. Кезінде Көкарал бөгетінің салынуына орай шетелдік маман, жұмысшыларға арнап салынған қалашықтың ау­мағы бұлайша гүлденеді деп кім ойлаған?! Алып гидроқұрылғы тұрғызылған уақыт қалашықтағы өмірді қызықты етіп, жанындағы ауылға да жаңалық ала келген еді.

Ал, қазір «Солтүстік Арал теңізі бөгеті және Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесі ата­латын қалашыққа кірген бетте көріп жүргеніңізден әлденеше есе үлкен сексеуіл қарсы алады. Бұтақ­тары тырбиған, түсі бозғылт, жапырақсыз болса да, табиғаттың туындысы таңғаларлықтай. Әрі қарай жүре берсеңіз, алқызыл гүлдер мен жап-жасыл шөп, арнайы форма бойынша өсіріліп, иілген жабайы жүзімдік, бірі аласа, бірі биік талдарды көргенде «мынау шынымен Қаратереңнің маңайы ма?» дегендей, таңға­лыс­пен қарайсың. Соның арасынан үлбіреген қып-қызыл раушан гүлдерін көргендегі сезім де бір бөлек. Бір бөлігінде қияр мен қызанақ та қылтияды. Құм дала­дағы көрініс ертегідегі ға­йып­тан тайып пайда болған ғажайып бақты еске түсіреді.

  «Қалашықтың аумағын көгал­дандыру қандай жоба бойынша жүзеге асты екен? Су көзі қайдан алынады? Жер сортаң, ауа құрғақ. Мұндай экологиялық жағдай көгалдандыруға қан­шалықты әсер етеді?» деген сауалдар көкейде қалғаны рас. Сондықтан бұл сұрағымызды өндірістік учаске басшысы Марат Бозғұловпен жолыққанда қоюдың сәті түсті.

– «Солтүстік Арал теңізі бөгеті және Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесі 2012 жылы ашылғаннан бері жетекшілік етіп келемін. Бұл қалашықты кезінде Көкарал бөгетін тұрғызған «Зару­бежводстрой» ААҚ-дан «Қазсушар» РМК қабылдап алған. Учаске аумағы алғашында шеге құм болатын. Сондықтан екі жылдай тек сексеуіл ектік. Топырақтың құнары жоқ екені рас, тал өсіре алмадық. Бірақ оның да шешімі табылды. Күзде шеге құмды қазып, орнына шеңгел түбіндегі топырақты әкеп салдық. Ауылдағы мал қора­сынан шыққан қиды тыңайт­қыш ретінде пайдаланып, жерді көктемге дайындадық. Бөлім­шенің аумағы 2 гектарға жуық­таса, қазір соның 1 гектарға жуық жерін көгалдандырдық. Ал қалған бөлігінде жатақхана, көлік тұрағы, токарлық, электр цехтары, архив бар. Биыл көгалдандыру аумағын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, бірақ Көкарал бөгет бар беткейге ережеге сай тал да, гүл де егілмейді, – деді М.Бозғұлов.

Бір қызығы, көгалдандыру – арнайы жоба емес, бөлімшенің өзіндік бастамасы. Ал, «Қаз­су­шар» РМК облыстық филиалы көктемгі көгалдандыру жұ­мыс­тарына қаржылай қолдау көр­сетеді. Қалауын тапсаң, қар жана­тынындай, ерінбей, талап қылсаң, құм суырған дала гүл жайнайды деген осы. Айтпақшы, мұндағы талдар дарияның бойынан әке­лінген. Жеміс ағаштарын отыр­ғызғанмен пайдасыз, көк­темдегі тоқ­таусыз жел гүлін ұшырып әкетеді екен.

– Биыл Сырдария өзенінен Баян көліне жүргізілген арнадан суды бұрып әкелмекшіміз. Қазып әуре болмаймыз, ескі арнаның бойымен біздің бөлімшеге де су келеді. Осы кезге дейін жа­байы жүзімдікті тамшылатып суғардық. Жазда күннің аптап ыстық болмайтын кезі кемде-кем. Сондықтан арнайы резервуар да жасап қойдық. Сыйымдылығы – 72 текше метр. Ол біразға жетеді, – деді бөлімше басшысы. 

Ал, мұндағы қызметкерлердің негізгі жұмысына тоқталсақ, «Солтүстік Арал теңізі бөгеті және Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесі Кіші теңіздегі суды Көкарал бөгеті бойынша реттеу жұмысын атқарады. Егер теңіз суы 42 м БЖ-дан асып түссе, артық су Ұлы теңізге қарай өткізіледі. Сондай-ақ, бөлімше қызметкерлері Ақлақ су тоспасы арқылы Сырдария суының ма­ңындағы көлдерге жеткізілуін қада­ғалайды. Көктемгі сең жүру маусымы аяқталған соң мамыр айынан бастап дария бойындағы 8 кіші су өткізу құрылымдары арқылы көлдерге, шабындық пен жайылымдарға су жіберіледі.

Өткен жылы өңірге сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кіші Аралды қорғап тұрған Көкарал дамбасының жағдайы дабыл көтерерлік екенін айтқан болатын. Себебі теңізге құятын Сырдария табиғи түрде өз ар­насын өзгертіп, су Көкарал бө­гетінен ауытқи бастаған. Егер дария суы дәл гидроқұрылғының өткізгішіне сәйкес келмесе, дамбаның жағ­дайына қауіп төнеді. Бөлімше жетекшісімен жолық­қанымызда бұл мәселе туралы да сөз қозғаған едік.

 – Дария негізгі арнасынан бөлек бағытта аға бастағаны белгілі. Әзірге жаңа арнаның тұсын жауып қойдық. Мұны реттеу Үкіметтің жоспарында тұр. Экономикалық негіздемесі әзірленіп, қазіргі таң­да мем­лекеттік сараптаманың оң қоры­тындысы алынды. Егер қаржы мәселесі шешілсе, тех­ни­калық-экономикалық негізде қойылған жұмыстар атқарылады, – деді ол.

Сөз соңы. Жұмыс орны ґрі жұмысшылар жатағы ретінде салынған қалашық – «САРАТС-2» жобасы басталған уақытта жґне кез келген төтенше жағдайда инженерлер орналасатын бірден-бір аумақ. Жазда бара қалсаңыз, гүл жайнап тұрары анық. Бастысы, бұл жер қуаң даланы гүлдендіру ниет пен еңбекке байланысты екенін дґлелдеп тұр.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Әлеумет 14 наурыз 2020 г. 883 0