Атақоныс тағдыры азаматына байланысты

1281

0

Былтыр 27 ақпанда «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезі өткен еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жиында ауылды түлетудің алғышартын айтып, елді мекендердің еңсесін тіктеу бағытындағы тапсырмалардың тиянақты орындалуы керегін жіті назарда ұстауды қадап айтты.

«Ауыл – ел бесігі» бірегей жобасы да осы съезде өмірге келген еді. Бұл бастамада ауылдағы әлеуметтік ортаны жақсарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту алдыңғы орында тұрды. Айта кетейік, 2019-2021 жылдарға арналған бұл жобаның аясындағы ауқымды істерге қазынадан 90 млрд теңге бөлінді. Өткен жылдың өзінде өңірде бірнеше ауыл осы жоба аясында жаңа кейіпке енді.

«Бірде-бір ауыл назардан тыс қалмайды»

Облыс көлемінде 230 ауыл­дық елді мекен бар. Жобаны орындаушы арнайы топ осы ауылдардың ішінен даму потенциалы жоғары және орташа деңгейдегі 103-ін таңдап алды. Бұл – қалған 127 елді мекен дамымай қалады деген сөз емес. Олар да өз кезегінде бағдарламалар арқылы жаңару кезеңіне аяқ басады.

– Ауылды қазақтың қара­шаңы­рағы санаймыз. Десе де, бүгінде қаланы бетке алып, орталықтарға қоныс ауда­рып жатқандар аз емес. Бұл – не­гізінен ауылдарды дамы­туда жұртшылықтың елге ықы­­ла­сын аударудан туған жоба. Неге қаладағылар ауылға кө­шіп, елдегі кәсіпті жан­дан­дыр­масқа?!

Біз былтыр бастадық. Өткен жылы 1917 млн теңге бөлінді. Рес­публикалық бюджеттің бүйірін түртіп, жергілікті бюд­­жет қарап отырған жоқ. Оның 1719,0 млн теңгесі рес­пуб­­ликадан бөлінсе, 198,0 млн теңгесі жергілікті қаржы қаза­нынан шықты. Жоба ая­сында барлық ауылды жаңар­туға болады. Тіпті, тіректі елді мекендер арқылы жанындағы елді мекендердің де жай-күйін жақсарту мақсаты бар. Бірақ, нысанаға алған елді ме­кеннің бір ғана жолын жөндеп қоя салмай, ол жерде қандай мәселе бар, соның бәрін ше­шуге атсалысамыз. Өйткені, жоба аясында жұмыс істелген ауылға біршама жылға дейін қайта айналып соқпауымыз керек, – дейді облыстық эко­но­мика және бюджеттік жос­парлау басқармасы басшы­сының орынбасары Алмагүл Нұрасылова.

Қанатқақты жоба былтыр іске қосылғанда алғашқы ны­санаға Жосалы және Жалағаш кенті алынған. Қос ауданда 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жосалыдағы 18 жобаның ішінде білім, мәдениет салаларымен қатар, көшелерді жөндеу жұмыстары да бар. Ал жалағаштықтар осындай 13 жобаның игілігін көруде. Елге серпін берген жобаның жан-жақты мүмкіндіктері бар. Мәселен, өткен жылы осы бастаманың арқасында 54 уақытша жұмыс орны ашылды.

– Сөз басында айтып өттім. Жергілікті әкімдіктер де қарап отырған жоқ. Игі шараны пайда­ланып, аймақтардың жаңа күйге енуіне барынша күш салып отыр. Былтыр осы екі ауданда өз бюджеттерінен 3 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 11 көшеге жарық жүргізіліп, орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 4 кө­ше­нің сумен жабдықтау жүйе­сі қайта жаңғыртылды. Спорт алаңдары салынып, 12 бейнекамера орнатылды. Жеке меншік пен мемлекет арасындағы әріптестіктің де мол пайдасы тиіп, Жосалы кентінде 2 балабақша осы бағ­дарламаның байыпты жал­ғасына айналды, – дейді Алмагүл Рахманбердіқызы.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы кәсіпкерлік саласының өр­кен­деуіне де жол ашады. Жосалы, Жалағаш кенттерінде 899 млн теңгенің 239 инвестициялық жобасы қолға алынды. Бүгінде іске қосылған нысандарда  171 тұрақты, 256 уақытша жұмыс орны ашылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<