ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ӘН ШЫРҚАДЫ

164

0

Қызылорда облыстық филармониясында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Екі жұлдыз» жұптасып ән салу байқауы өтті. Оған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері мен филармония әншілерінен құралған 8 топ қатысты.
Шараны облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өңірімізде көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біздің ұжым алыс-жақын шет мемлекеттерге гастрольдік сапарлармен шығып, қазақ өнерін паш етуде. Сонымен қатар өзге облыстарда, қала мен аудандарда филармония әртістері шығармашылық кеш беріп келеді. Атқарылып жатқан істер аз емес, алдағы уақытта да маңызды жобалар жүзеге асатын болады. Бүгінгі шара да соның бір көрінісі, – деді облыстық филармония басшысы.
Жалпы, «Екі жұлдыз» жобасы дәстүрлі түрде жалғасып, жыл сайын маңызы артып келеді. Бұл жобаға өткен жылы медицина саласының қызметкерлері қатысып, үлкен қолдауға ие болған. Байқау ережесіне келер болсақ, қатысушылар алдымен патриоттық ән шырқады. Мұнан кейін эстрадалық бағыттағы әндерді сахналаған көрініс арқылы орындап шығу тапсырылды. Сайысқа облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелер қызметкерлері мен филармонияның эстрада бағытында ән салатын әншілері шықты.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Қатысушылар жақсы дайындалған. Бір сәт жұмысбастылықтан арылып, ән шырқап көңіл күйлері көтерілген сала қызметкерлері өздерін жақсы қырынан көрсетті. Кәсіби деңгейдегі әншілерден кем түспеді. Ал, қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күлән Қалымбетова бастаған қазылар бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Сонымен сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде яғни, «Екі жұлдыз» номинациясын №2 Әлеуметтік қызметтер орталығының бақылаушысы Темірхан Жақыпов пен әнші Гаухар Бисекенова жеңіп алды. «Сүйкімді жұп» аталымын филармония әншісі Гүлфира Әлиханова мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының мейіржаны Серік Тілеуқабақов иемденді. Сонымен бірге «Көрермен көзайымы» жүлдесімен жас әнші Айдана Наукеева мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының әлеуметтік жөніндегі маманы Алтынбек Кеңесов марапатталды. «Жарасымды жұп» номинациясымен әнші Ринат Үсенов пен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының музыкалық жетекшісі Перизат Қоланова еншіледі. Ал, «Талғампаз жұп» аталымына әнші Динара Әбдібекова мен арнаулы әлеуметтік қызмет орталығының музыкалық жетекшісі Нұрлыбек Омаров танылды. Көпшіліктің әндерімен баураған жұп әнші Данияр Есентеміров және №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының медбикесі Назерке Омарова «Өнерлі жұп» деп бағаланды. Филармония әншісі Ердос
Әбдіразақов пен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының медбикесі Гүлшат Әбенова «Жұлдызды жұп» номинациясын олжалады. Сайыста «Сәнді жұп» деген атаумен әнші Жалын Жүсіпов пен облыстық мүгедектерге арналған оңалту орталығының мәдени ұйымдастырушысы Зоя Үсенбаева марапатталып, ерекше ілтипатқа ие болды. Жеңімпаздардың барлығына сый-сияпат көрсетілді.
Сара АДАЙБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз