\»Соны серпін сезіледі Сыр бойында\». Қызылорда облысының 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы

32

0

 
 
2013-ші жылдың Сыр еліне берген тарту-таралғысы аз болған жоқ. Мемлекеттік қолдау өз алдына,  табандылық пен тегеурінді тірліктің нәтижесінде сан-салаға қан жүгірді. Өңірдің өрісі кеңейді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше серпіліс сезілген жыл болды десек, артық айтқандық емес.
    Елді елең еткізген оқиғалар мен жарқын жаңалықтардың көші жергілікті биліктің ауыс-түйісімен басталды. Қаңтардың 17-сінде Елбасы Жарлығымен облыс әкімі болып Қырымбек Көшербаев тағайындалды.
  Көп ұзамай, оң өзгерістер де байқалды. Бұған дейін барлық сала бойынша 16 өңірдің соңында тұрған Қызылорда облысы инвестиция тарту, құрылыс нысандарын салу, салық жинау бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты. Жалпы, даму динамикасы жөнінен де аймақ озық болды. Шикізаттық емес секторға құйылған қаржы көлемі мемлекеттік бюджетті есептемегенде 200 миллиард теңгенің үстіне шықты. Инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына  тиесілі. Осы өнеркәсіп кәсіпорындары жыл бойына бір триллион 337 миллиард теңгенің үстінде өнім өндірді. Соның ішінде, мұнай өнімдерін өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдерін өндірудің үлес салмағы 65 млрдтан асып жығылды. Ал  облыс қазынасы 178,9 миллиард теңгені құрап, бюджеттің жеке табысы 21,7 миллиард теңгеге ұлғайды.
   Облыс бюджетінің 57 пайызы әлеуметтік салаға бөлінді. Соның ішінде, денсаулық сақтау саласында «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, асқынып тұрған аурулардың алдын алуға қам – қарекет жасалды. Саланы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаржыға мамандандырылған 26 санавтокөлік, компьютерлі томограф, тағы да басқа медициналық құрылғылар алынды. Қалалық аурухана базасында Нейроинсультті бөлім ашылды. «Жол картасы» бойынша санавиация құрамын дәрігерлермен толықтыру, перзентахана бөлімшелеріне неонатолог-дәрігерлерді дайындап оқыту жүзеге асырылды. Сыр бойында туу көрсеткішінің артып, ана мен сәби өлімінің азаюы, туберкулез, қатерлі ісік аурулары көрсеткішінің төмендеуі саладағы ілкімді істердің қайтарымы болар, сірә.
 Ауқымды жұмыстың жемісі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбыры құрылысының 1-ші кезеңінің аяқталуы. Елге қажет өміршең жобаның негізінде Қызылордада екінші автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Енді бұдан былай облыс орталығында қыс мезгілінде газ жетіспеушілігі проблемасы болмайды. Бұл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасындағы келісім негізінде инвестициялық қаржыға атқарылған жұмыс. Ал,  2014 -2016-шы жылдар аралығында аймақтың 75 пайызы көгілдір отынмен қамтылмақ.
Сондай-ақ биыл Қызылжарма кенішіндегі жер асты су қорын игеру жұмыстары басталды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 14 нысан пайдалануға берілді. Қызылордадағы көп қабатты тұрғын үйлердің инженерлік жүйелерін қайта жаңғыртып, ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 45,6 миллион теңге бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленді.
Құрылыс салу қарқыны бойынша Сыр өңірі 2013 жылдың бірінші жарты жылдығында-ақ  республикада бірінші орынға шықты.  Жылан жылында бас-аяғы 152 жаңа нысан пайдалануға берілді. Төретам кентінде 100 келушіге, Шиеліде ауысымына 250 келушіге арналған емханалар ашылды. Талсуатта «Республикалық балаларды оңалту орталығының» филиалы пайдалануға берілсе, аудандарда 15 дәрігерлік амбулаториялар мен 2 фельдшерлік акушерлік пункт іске қосылды. 19 мектеп пен 4 балабақша, жабық мұз айдыны, тағы да басқа нысандар ел игілігіне берілді.
    8 нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынса, «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 91 тұрғын үй пайдалануға берілді. Апатты жағдайдағы баспана мәселесін шешу мақсатында Титов қыстағында небәрі төрт айдың ішінде 24 пәтерлі баспана тұрғызылса, Талдыарал елді-мекенінде үш жарым айда жаңа мектеп бой көтерді.
     2013-те жаңалығы көп және аймақ басшысы тарапынан сынға да көбірек іліккен – білім саласы. Облыс әкімінің қолдауымен 43 үздік педагогқа бір миллион теңгеден сыйақы табысталды. Қарапайым ұстаздардың «миллионер» атануы жыл еншісіндегі айтулы оқиғаның бірі десек, бірден 25 мектеп директорының қызметтен кетуі білім саласын өрістету жолындағы ең қатал шешім болды.
    Бала болашағына деген жанашырлық  ұлттық біріңғай тестілеу кезінде сезілді.  Емтихан қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке небәрі бір-екі ұпай жетпей қалған түлектерді демеп жіберу үшін облыс әкімінің білім гранттары табысталды. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан 123  мектеп түлегі аталмыш гранттарды иеленді. Қазір олар облысқа қажетті мамандықтар бойынша республикамыздың жоғары оқу орындарында тегін оқып жатыр. Бұдан бөлек, өңірде үш ауысымдық мектептердің мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына 9-ы қайтадан салынды.  
Облыста маусым айында тағы бір игілікті бастама бастау алды. «Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша таудай талабы бар 18 бен 60 жас аралығындағы 77 ауыл тұрғынына бір миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант сертификаттары табысталды. Қанатқақты жоба Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында жүзеге асырылуда.
 Ауылдың әл-ауқатын көтеру мақсатында шикізаттық, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік қуаты мен басқа да маңызды факторларды ескере келе, 43 тірек елді-мекенді кешенді дамыту қолға алынды. Соның ішінде, ең алдымен Сексеуіл елді-мекенінің тынысы ашылғалы тұр.
   Тоғыз жолдың торабында орналасқан облыстың транзиттік мүмкіндігі мол. Өндіріске қажетті шикізаттық қоры орасан. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, аймақтың экономикасын әртараптандыру мақсатында металлургиялық кластер  құрудың тұжырымдамасы әзірленді. Өңірдің оңтүстігіндегі ванадий кен орнында бір емес, 10 шақты қосалқы өндіріс орнын ашу жоспарға кірді. Қара және түсті металлургия өнеркәсібін жетілдіру Сыр өңірі үшін жаңа да дара бетбұрыс болса, шыны зауыты құрылысының республикалық картаға енуі жыл үлесіндегі жетістіктің  бірі. Жаңартылмалы энергия көздерін пайдалану бағытында Жаңақорған ауданында сағатына 420 квт электр энергиясын өндіретін күн электр станциясы іске қосылды.
   Жаңаша серпін ала бастаған Сыр өңірінде «Байқоңыр ғарыштық Жібек Жолы» деген атпен арнайы экономикалық аймақтың салынатыны белгілі болды. Облыстың инвестициялық имиджін көтеру, туризмді дамыту, мемлекеттер арасындағы экономикалық, саяси – әріптестік байланыстарды нығайту мақсатында  Қазақстанда елшілік қызмет атқарып жүрген 30-дан астам елшінің ғарыш айлағында болуы, сондай-ақ  «Байқоңыр» инвестициялық форумы мен республикалық агрофорумның ұйымдастырылуы да облыс үшін пайдасы орасан айтулы шаралар ретінде есте қалды.  
  Ал Сыр диқандары 365 мың тонна өнімді қамбаға құйып, егемендік алғалы ең жоғары рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Аймақ басшысының тапсырмасымен «Күріш консорциумы», одан соң «Балық консорциумы» құрылды. Шаруаны жүйелі ұйымдастыруды көздейтін бұл бастамалар ауыл тұрғындарын бір серпілтсе, Күріш  өндіру және өңдеу  қауымдастығының төрағасы, кәсіпкер Абзал Ералиевтің «Еңбек Ері» атануы қара жерден ырзық несібесін терген диқандардың мерейін үстем етті.
    Жылан жылының үлесіндегі тағы бір айрықша оқиға – тарихы тереңнен сыр шертетін өлкенің тарихи-мәдени мұраларын қорғауды және насихаттауды көздейтін тұңғыш ғылыми-әдістемелік кеңестің құрылуы. Кеңеске Қазақстанның ЮНЕСКО – дағы тұрақты өкілі, жазушы, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов төрағалық етеді. Ең татымдысы – облыс әкімдігінің мұрындық болуымен теңдесі жоқ ұлы мұраның аудиоэнциклопедиялық нұсқасы дайындалды. Тұрмағамбет жырау аударып кеткен «Шаһнама» антологиясы 22 жыршының орындауында 48 дискте мың дана болып шықты.
    Айта кету керек, жергілікті биліктің пәрменімен жыл соңында  жолаушылар тасымалын реттейін «Қызылорда автобус паркі»  құрылды. Ал қаңтардан бастап бас шаһарға 20 жаңа автобус әкелінсе, жыл ішінде тағы 100 автобус алынады деп күтілуде. Қала көшелеріне орнатылған жаңа үлгідегі 31 бағдаршам мен 42 автобус аялдамасы да 2013-тің еншісіндегі жұмыстар. Сонымен қатар, еліміз бойынша алғашқы рет Қызылоданың электронды картасы әзірленді. 15 мың гектар аумаққа жасалған ғарыштық түсірілім нәтижесінде облыс орталығындағы жылжымайтын мүлік нысандары есепке алынып, қала көшелері мен инженерлік жүйелер туралы толыққанды ақпарат жинақталды. Бұл алдағы уақытта жұмыстардың жүйелі жүруіне септігін тигізбек.   
    Ал Қазақстанның саяси сарапшылары облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты 2013 жылдың «Принципшіл саясеткері» деп таныды.
   Сарапшылардың пікірінше, Қырымбек Елеуұлы аз уақыттың ішінде Қызылорда облысының 2020-шы жылға дейінгі даму стратегиясының жобасын дайындатып, тоқтап қалған құрылыс нысандарын қайта жандандыруға ықпал етті.Одан бөлек, еңбекақыны уақытылы төлемей жүрген облыс аумағындағы мердігер компания басшыларын тәртіпке шақырып, жұмысшылардың айлар бойы жиналған қарыздарын төлетті.  Ең негізгісі, шілденің екісінде құлаған «Протон- М» зымыран тасығышының зардаптарын жою жөніндегі түйткілді алға тартып, табандылығының нәтижесінде жылы жабылғалы тұрған мәселеге Үкіметтің назарын аудартты.
  Өткен жыл расында Қызылорда облысы үшін толағай табыстарға толы болды. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту және экономиканы жаңарту бағытында нақты шаралардың қабылданып, жүзеге асырылудың  нәтижесін облыс халқы осы 2014 жылы да көретін болады.
  Ал бүгінге дейін атқарылған шаруа біздің сөзіміз бен ісіміздің бір арнада тоғысып, жұдырықтай жұмыла алатынымыздың көрінісі. 
 
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз