Сүйікті қаламыз – Қызылорда

107

0

 Сүйікті қаламыз – Қызылорда
Қызылорда – қала, Қызылорда облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тұрғыны 198,3 мың адам (2005). 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдары. Қала теңіз деңгейінен 126-130 м биіктікте жатыр. Қала аумағы өзенді бойлай оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай төртбұрышты пішінде созылып жатыр. Жер аумағы 3683 га.
Қала Қамысқала атты елді мекенде 1817 жылы салынған Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі негізінде қаланды. 1853 жылдың тамызынан басқыншы, генерал В.А. Перовскийдің атымен бекініс Перовск форты аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901-06 жылдары Орынбор – Ташкент теміржолының салынуына байланысты қала халқы қарқындап өсті. Кеңес өкіметі Қазақстанда ең бірінші осы Перовскіде, 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен, 1925 жылдың сәуірінде Қызылорда деп қайта өзгертіліп, Қазақ АКСР-інің астанасы мәртебесі берілді (1929 жылға дейін).
Қалада 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ драма театры (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия театры) ашылды. Денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. 1938 жылы облыс орталығына айналды. ХХ ғасырдың 30-жылдары қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.
 
«Дарын» продюсерлік орталығы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз