Жаңа басшы тимбилдингке қатысты

733

0

«ҚазПочта» АҚ Қызылорда филиалын бес жылдан аса басқарған Аида Әбибуллаева қызмет ауыстырды. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры лауазымына тағайындалды.

Аида Ибрагимқызы 2011 жылы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры қызметін, кейін мекеме аты өзгеріп бір жыл «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы» Халыққа қызмет көрсету орталығы » департаментінің директоры қызметін атқарған. Өзіне жақын ортаға келген басшы жұмысының алғашқы аптасында ұжыммен танысу мақсатында өткен тимбилдингке қатысты. Командалық жұмысты дамыту мақсатында өткен тимбилдинг «Керуен» демалыс орнында өтті. Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Қызылорда облысы бойынша филиалының 150 қызметкерлері 5 топқа бөлініп, өздеріне берілген қызықты тапсырмаларды орындады. Сондай тапсырмалардың бірінде ұжым қызметкерлері бір-бірін биікке көтерген.

Тимбилдинг сайысынан

«Араға 5 жыл уақыт салып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры лауазымына тағайындалдым. Бүгін осы аптаны жаңа қызметте қорытындыладым. Мен бұған дейін «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалына басшылық жасап, көне саланы жаңа заман талабына лайықтауға әлім келгенше әрекет еттім. Ондағы қызметімнің бағасын филиал ұжымы мен поштаның қызметін алушылар бере жатар. Кезінде «Халыққа қызмет көрсету орталығы» құрылып бастағанда, орталықтың өңірде орнығуына өзім жетекшілік еткен едім. Алла қаласа, халыққа қызмет көрсету ісін одан әрі дамытып жаңа жобалар, идеяларды жүзеге асырамыз» – деді Аида Ибрагимқызы.

Аида Әбибуллаева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры

Аида Әбибуллаева қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Республикалық Әйелдер күштері альянсының облыстағы төрағасы. Бүгінде облыстық мәслихат депутаты. «AMANAT» партиясының фракция мүшесі. Отбасылық, әлеуметтік және мүгедек жандар мәселелерін жиі көтеріп жүр. Отбасылы, үш ұл бір қыз тәрбиелеген көп балалы ана. Аймақта отбасымен қызметті қатар алып жүрген нәзік жан білімді де, белсенді іскер әйелдердің көшін бастап тұр. Қай қоғам­да да әйелдің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда Аида Ибрагимқызы іскерлігімен көптің сүйіспеншілігіне бөленіуде.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы«

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<