Алпыс жылдың асқарындағы мектеп

930

0

       Дарияның толқындарын тартып ала

       Ағады көше бойлай Сарқырама

       Батыстан бой көтеріп келе жатқан,

     Бір өзі комбинаттың жарты қала,- деп ақын Махмұтбай Әміреевтің сонау жылдары әнге айналған өлеңінде жазылғандай, Одақтық дәрежедегі алып құрылыстардың бірі – Қызылорда целлюлоза-картон комбинаты өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бой көтере бастап,оның өкпе тұсында осы күнгі Титов шағын ауданы пайда болған. Кең байтақ Кеңес елінің түкпір-түкпірінен мамандар, жұмысшылар келіп,олар үшін   үйлер мен жатақханалар тез салынған. Өзге ұлттың балалары білім алу үшін орыс тілінде оқытатын мектеп ашылған. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, зауытта (комбинатта) 2000 үстінде жұмысшы-қызметкерлер еңбек еткен сыңайлы. Міне, осы күнгі №173 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп тарихы сол1962 жылдан бастау алады. Биыл мектепке 60 жыл толғалы отыр.

  1971 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда Мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген соң,Жалағаш ауданының «Таң» ауылындағы №118 орта мектепте алғашқы ұстаздық жолымды бастап, осы мектепте және Мырзабай ахун елді мекеніндегі №122 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болдым.

 1983 жылдан 1996 жылға дейін»Таң» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы (қазір бұл қызметті әкім деп жүр ғой) содан соң «Таң» күріш совхозының директоры қызметтерін атқардым.1996 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, қалалық білім бөліміне жұмысқа орналастым.Көп ұзамай мені №235 орта мектепке директордың орынбасары етіп жіберді. Сөйтіп араға 13-14 жыл салып, өзімнің ұстаздық қызметіме қайта оралғанмын.

2000 жылдың 3 наурызы әлі есімде. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Жұбайқызы мені сол күні №173 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепке ертіп келіп, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне отырғызып кеткен. Қаланың шеткері аймағында орналасқан мектепке әуелде келгім келмеген.Бірақ, тәуекелге бел будым.

Аралас мектеп болғандықтан мектептің өзіндік қиыншылықтары да бар екен. Мектеп директоры менен 5-6 ай ғана бұрын келген Егізбаев Аят деген жас жігіт. Жастың аты жас.Тәжірибенің аты тәжірибе. Бар мүмкіншілігімізді сала еңбектенуге тура келді. Кеңесе отырып оқу-тәрбие саласына оң өзгерістер енгізуге кірістік.Ұжымның ауызбіршілігін нығайтуға күш салдық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей көп ұзамай тіршілік алға басты. Нағима Естемесова, Ағила Қараева, Ботакөз Сағындықова, Ақбазар Шөкетаева, Лиза Төлемісова, Мағрипа Балтабаева, Гүлнәр Жақсылықова, Әлима Сәдібекова, Гүлнар Биманова, Баян Салходжинова тағы басқа  ұлағатты, тәжірибелі ұстаздар оң істердің ұйытқысы болды. Мектепте жас мұғалімдер тобы баршылық болғандықтан,  көбісінің профессор Ж.Қараевтың «Деңгейлеп, саралап  оқыту» технологиясын меңгеруіне мән берілді. Мектепте осы әдіспен сабақ өтіп машықтанған ұстаздарымыздың 2003 жылы тың бастама көтеріп, облыс көлемінде «десант» сабақтар бергенін айта кету орынды. Мысалы:  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сая Үркімбаеваның бұрын көрмеген,білмеген Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі №87  орта мектепке барып, төтеннен жаңа әдіспен сабақ өткізуі әріптестерін  таңдандырды. «Анықтауыштар байланысы» тақырыбындағы сабаққа 24 оқушы қатысты. Жаңа сабақ оқушыларға түсінікті болуы үшін өткен сабақтағы материалды қайталауға уақыт бөлді.Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту, өз беттерімен тақырыпты меңгеру,анықтамаларды білу үшін тақырыпқа байланысты сұрақ,әңгіме, дискуссия ұйымдастырып,  жекеше де,көпше де пікір алысуды жүзеге асырды. 1-деңгей тапсырмасында қазақтың мақал-мәтелдерінен анықтауыштың байланысы және жасалу жолдары көрсетілді. 2-деңгей екі тармақтан тұрды. Бірінші тармақта оқушылар арнайы кесте толтырса, екінші тармақта сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талдады. 3-деңгейлік тапсырма – тест жұмысы 4-деңгейлік тапсырма – шағын эссе жазу. Нәтижесінде бірінші және екінші деңгейлік тапсырманы сабаққа қатысқан 24 оқушы түгел орындады.

Үшінші  тапсырманы – 6 оқушы,

Төртінші тапсырманы – 3 оқушы орындап, білім шыңына көтерілді. Экономика пәнінен «Сыртқы сауда»  тақырыбында Қалбибі Рысбаева сабақ өткізіп,оқушылар мен әдіс алмасуға келген мұғалімдердің қызығушылығын тудырды.

Осындай өзара әдіс алмасқан «десант» сабақтар Жаңақорған ауданының «Жұлдыз» ауылындағы №52 орта мектепте жалғасын тапты. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Я помню чудное мгновение» атты өлеңін 10-сыныпта өткен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күнсұлу Тунгачинаның шеберлігіне ашық сабаққа қатысқан ауыл мектебінің мұғалімдері риза болды. Қала мектептерінің оқушыларына қарағанда орыс тіліне шорқақтау ауыл балаларының алдына бармас бұрын тәжірибелі мұғалім бұл тақырып төңірегінде өзіне мынадай сұрақ қойды: Әуелі сол Пушкин жырлаған «Махббат» ұғымы қандай? «Махаббатсыз өмір-қандай өмір?» Данышпан Абай неге «Махаббатсыз – өмір бос» деген  Міне, осылардың өзіндік жауабын шешкен ұстаз үшін әрі қарай сабақ жүйесін тапты. «Любовь» сөзіне ассоциация жасатты. Қортындысында: Любовь – «незабымаемая», «нежная», «искренная», «нераздольная», «первая» т.б. болып шықты.

Осы сабақ жөнінде №52 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі мынадай пікір айтты: «Сабақ маған өте ұнады. Мұғалім – эмоцияға берілгіш, тіпті әртістік қабілеті де бар. Оқушыларды бірден баурап алды. Оларды шашау шығармай ортақ мақсатқа, яғни жаңа сабақты меңгеруге жұмылдырды. Сезімдеріне әсер ете білді. Ойлауға, тақырыпты талдай білуге үйретті. Тәжірибесін сабағымызда пайдаланатын боламыз.»

Осы жолы бастауыш сынып мұғалімі Г.Аяпова, информатика пәні мұғалімі  Г.Шайхутдинова, шетел тілі мұғалімі Б.Салходжинова өткізген сабақтар да өз мақсатына жетті. Орайы келгенде мектептегі біршама мұғалімдердің біліктілігі де ізденісі де айтарлықтай болғанын айта кеткенім жөн сияқты. Олар: С.Убайдилла, Қ.Қасымханова, К.Ишімбаева, М.Есекеева, Г.Әбдіраманова, Ж.Фазылова, Б.Әбілдаева, Ү.Әлменова, Б.Батталова, Ш.Басықараева, Ә.Мизамбаева, С.Қалымбетова, А.Зейнулла болып жалғаса береді.

Осы ретте физика пәнінің мұғалімі және ондаған жылдар бойы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келе жатқан Гүлнәр Биманованың мектепке сіңірген еңбегі зор десек қате емес.

Мектеп алдында Шығыстың қос шынарының бірі, Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші тұр.Әр жылда «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекесіне байланысты еңселі ескерткіштің алдында салтанатты жиын өтеді. Мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар қауымы түгел дерлік жиналады. Сап түзеліп,ту көтеріледі. Сосын «Қыз тусаң, қыз тудым деп қазақ мақтан, Әлия Отанына болған мақтан…» дейтін жыр жолдары ағытылады. Мұнан әрі Әлия ару қызы сен халқымның, Әлия батыр қызы сен халқымның, – деп қайырылатын композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні шалқиды. Түсінген адамға бұл ән  батыр апамызға арналып, әнмен мүсінделген ескерткіш десе болар?! Ал әнді құйқылжыта шырқайтын мектептің ән-әуез пәнінің мұғалімі Гүлмира Қайбілдаева. Керемет ән нағыз әншісін тапқан екен  деп толғана отырып тыңдайтынмын. Музыкадан сауаты бар маған Гүлмираның орындауы Роза Рымбаеваның орындауынан бір де кем еместей көрінетін.Егер мұғалімдік емес, әншілік жолды таңдағанда Қайбілдаева елге танымал мықты өнер иесі болар еді-ау деп те ойлайтынмын. Бірақ, тағдыр ғой, өмір жолы сан соқпақ… Мектепте өнерлі ұстаздар көп болды. Әншілер Оразкүл, Бақыт, Талғат, скрипкашы Асқарды солардың қатарына жатқызар едім. (Талғат пен Асқар дүние салып кетті, топырақтары торқа болсын) Көркемсөз шеберлері Айгүл Өткелбаева, (Айгүл Өткелбева қазір №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектептің директоры) Айгүл Баймішева, Гүлнар Аяпова іс-шаралардың тұрақты жүргізушілері болды.

Бастауыш сыныптың мұғалімдері арасында да өздерінің негізгі мамандықтарымен қоса, өнер әлеміне бой ұрғандар, тіпті әртістік қабілеттері барлары аз емес еді. Осы ретте Гүлнар Аяпованы, Тұрсын Саматованы, Зәуре Бердіхожаеваны, Лиза Әбішева мен ағайынды Мария, Ғалия Тоқбаеваларды айта кету парызым. Олар менің «Гауһартас» атты әдеби-танымдық кітабымның тұсаукесерінде кітаптағы «Гауһартас» новелласы бойынша қойылым көрсеткен. Сөзім жалаң болмас үшін сол әдеби-музыкалық қойылымға пайдаланылған тексті үзіндісін жаза кетейін:» Менен үш жастай үлкендігі бар, өзінен кішілерге әрдайым қамқорлық жасағысы келіп тұратын Жарқын еңбеккқор әрі сұмдық әнші болатын. Алғашында мән бермегем, сөйтсем даусы барқыттай жұмсақ, ал «Гауһартастың» қайырмасын сызылтып қайырғанда тыңдамасқа амалым қалмайтын:

Ажарың ашық екен атқан таңдай

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай

Анаңнан сені тапқан айналайын

Күлімкөз, оймақ ауыз жазық маңдай, – деп баяу бастап нақыштап  көтере түскенде,орғалы жатқан күріш арасындағы қамыс отақтарды шашыратып, ұстай алмай қалатынмын. Бірде сәскеге жуық 7-8 бала үйге қайтып келе жатқанбыз. Төбемізге тым жақын ұшқан екі ақ құсты көріп, шулап қоя бердік, себебі мұндай құсты бұрын көрмегенбіз.

– Мыналар аққулар ғой, бұлар қайдан келген, – деп таңырқаған Жарқын оларды көзімен ұзатып салып тұрды да, «әне,әне қонды» деп солай қарай жүгіре жөнелді. Біз соңынан ердік. Көл жиегіне жақындай берді де, жер бауырлап жата кетті. Бір қолын артына қайырып төмен басып, бізге де «жатыңдар» деген белгі берді. Сәлден кейін басымызды көтеріп қарағанда айдынның қақ ортасында бір-бірін жаңа көргендей тұмсықтарын түйістіріп, қыбырсыз отырған екі аппақ құсты жазбай таныдық. Кей-кейде келіп, салқын суына шомылып жүрген шағын көл бүгін бізге тым ажарланып кеткендей болды.

̶ Құс деп аққуларды айту керек, қандай сұлу және бір-бірін қалай қадірлейді, – деп қалдым мен.

Жарқын маған жалт қарады. Көздері шоқтай жанып тұр екен…

Аз-кем уақыттан соң:

̶ Ғазиза, мына көлдің неге «Мақпал» деп аталғанын білесің бе?

̶ Білмедім.

̶ Онда айтып берейін.

̶ Құлағым сенде Жарқын.

 Бар бала оны қоршалай отыра кеттік.

 Мақпал осы төңіректі мекен еткен бір байдың қызы екен. Бай қызы болғанымен не пайда, дегеніне жетпегесін. Бесікте жатқанында атастырып қойыпты. Қыз өссе келе атастырған жігітін ұнатпай, жалғыз атты сері жігітпен көңіл қосады. Жасырын кездесіп жүріп, күндердің күнінде қашады. Алайда жолдары болмай,қолға түсіп қалады. Сүйгенінен тірідей айырылған Мақпал осы көлге суға кетіп өліпті деген аңыз бар. Халық кейін бұл көлді «Мақпал»  деп атап кеткен.

̶ Шын солай болған ба,-деп көзін сулады Нұрсәуле деген қыз.

̶ Аянышты екен, ̶  деді Ерқанат деген бала көзін төмен салып.

Ал мен ойға берілдім…

Міне, бастауыш сынып мұғалімдерінің сахналаған оқиғасы осы болатын.

    Ұмытпасам 2008 жылдың көктемінде Тұрсын Саматова өз сыныбының оқушыларын Қармақшы ауданы төңірегіндегі «Қорқыт Ата мемориалды кешеніне» экскурссияға апарып келе жатып,  «Мақпалға» жолай бұрылған.

̶ Суы ортайып қалған екен, ағай, ̶ деді ол келгесін маған.

 Мен бас изедім.

 Саналы ғұмырымның 27 жылын ұстаздыққа арнап, соның 12 жылын  қаладағы осы №173 Әлия Молдағұлова атындағы мектепте өткіздім. 2011жылы осы мектептен құрметті еңбек демалысына шыққан маған бұл білім шаңырағы қашанда ыстық! Жазбағым аз емес еді, бірақ бір мақаламен бәрін қамту  мүмкін де емес ғой…Ұлағатты ұстаздар легінің жалғасып жатқанын және білем. Бүгіндері мектепті білікті ұстаз, тәжірибелі басшы Гүлмира Қоңырбаева басқарып келеді. Мен бәріне шығармашылық табыс тілеп, оларды үнемі биік белестерден көргім келеді. Болашақтың иелері – оқушыларың жылма-жыл алтын ұяларынан түлеп ұша берсін!Дүние тұрғанша, тұр мекебім!

                                     Темірбек  Есжанов,

  ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері,

  Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<