Ұлағатты ұстаз биігі

1075

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек еткен математик ұстаз Қадыр Әмзеевтің 85 жас мерейтойы өтті. Салтанатты шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысты. Ардагер ұстазға облыстың Құрмет грамотасы табысталды.

Қадыр Әмзеұлы 1961 жылы Қызылорда пединститутының физика-математика бөлімін бітірген. Еңбек жолын Ақмола облысының «Сабынды» орта мектебінде мұғалімдіктен бастайды. 1963 жылы өз облысымызға келіп, А.Пушкин атындағы орталау мектепте және №143, №147 мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Оның оқыту әдістерін, педагогикалық жұмыстарды басқару тәжірибесін үлгі етіп, бірнеше рет аудандық, облыстық семинарлар өткізілген.

Озат тәжірибесін облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институты зерттеп, 1965 жылы «Озат тәжірибе көпке ортақ», 1972 жылы «Толық үлгірімге жету жолында», 1987 жылы «Сабақтарға ЭВМ қолдану-өмір талабы» деген плакаттар шығарылған. 1990 жылы «Компьютерлік сауаттылық-білімділіктің негізгі шарты» тақырыбымен екі тілде кітапша жарық көріп, аймақ мектептеріне таратылған. Жаңашыл ұстаздың оқыту әдістері жайлы зерттеу мақалалары «Қазақстан мектебі»,  «ИФМ» журналдарына шықты. Бұған қоса, республикалық физика-математикалық журнал – «Алгорифмнің» әр жылдардағы сандарында оқырмандар үшін тартымды әрі қызғылықты еңбектері жарық көрді.

Мерекелік шарада ұстазға құрмет көрсетілді.

– Сыр бойы ұстаздары атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіз ұзақ жылдар қиындығы мен қызығы қатар жүрген мамандықтың көш басында тұрған ұстазсыз! Білім керуенін бастаған ұстаз ретінде қандай құрмет көрсетсек те, қалай мақтасақ та жарасады. Сіздің еліміздің болашағы жастарға білім мен тәрбие беру жолындағы ұстаздық еңбегіңізді, салиқалы сөздеріңізді, сабырлы мінезіңізді, ұстазға тән ұстамдылығыңызды, шеберлігіңіз бен парасаттылығыңызды, еліміздің қоғам белсенділерін тәрбиелеу жолындағы табысты жұмыстарыңызды әрқашан үлгі тұтамыз, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

Мерелік шара Қадыр Әмзеұлының сөзіне жазылған әсем әндермен жалғасын тапты. Эстарада жұлдызы Қыдырәлі Болманов ардагер ұстазды мерейтойымен құттықтап арнайы келді. Мерелік шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<