Арман алға шақырады

291

0

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші әр адам баласының асқақ арманы бар. Менің арманым – журналист болу. Бала күнімнен теледидардағы журналистерге қызыға қарайтынмын. Олардың қоңыр даусы, дикциясы қатты ұнайтын. Бертін келе сөз саптауларына да мән беретін болдым. Ана тіліміздегі маржан сөздердің майын ағызып тұрып сөйлейтін журналистердің эфирге қайта шыққанын күтетінмін.

Оқушы кезімде мәнерлеп өлең оқу сайыстарына көп қатыстым. Жеңіске жеткен кездерім болды. Айнаға қарап бағдарлама жүргізіп, күнделік жазатынмын. Журналистика мамандығына өзімді осылай дайындадым.

Журналист болам деген асқақ армандарым мені Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне алып келді. «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасына журналистика мамандығына грантқа түстім.

Ұстаздарымыз көптеген білікті мамандарды даярлап шығарған. Мысалы,Qazaqstan Ұлттық арнаcының Белгиядағы меншікті тілшісі Нұрсұлу Қасым, «Хабар» агенттігінің Ұлыбританиядағы тілшісі Ғалымжан Қараман, «Хабар 24» арнасының аймақтағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Назерке Саниязова, университеттің «Медиа орталық» басшысы Гүлбану Мақажан – барлығы да біздің университеттің түлектері екенін біліп қуанып қалдым. Алдыңғы буын аға-әпкелермізге қарап бой түзейміз. Үйренеріміз көп.

Жүсіпбек Аймауытов айтып кеткендей, «Адамның өмірдегі ісі – алған  тәжірибесінің жемісі». Мақсатым – мамандығым бойынша білім алу. Тәжірибе жинактап, мамандыққа машықтану. Бірінші курсты енді тәмамдадық. Жазғы демалыстан соң мамандық бойынша арнаулы пәндерді оқуды бастаймыз.  Бүгінде университеттің «Медиа орталығында» өндірістік тәжірибеден өтіп жүрміз. Білім ордасының тыныс-тіршілігін ақпараттандыру үлкен жұмыс әрі қызықты екен. Күн сайын түрлі іс-шараларға қатысып, ақпарат алудамыз.

Менің ойымша, журналист – халықтың адамы. Сөзге шешен, ұтқыр ойлы жан дүниесі көркем, өзгені тыңдай білетін, адамгершілігі мол елжанды азамат. Менің арманым елдің құрметі мен сүйспеншілігіне бөленген сүйікті журналист қызы болу.  Арман алға шақырады.

Фото автордан

Любовь НЕСТЕРОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің I курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<