Армысың, аланым!

827

0

Фото: ашық дереккөз

жыл және жыл атын иеленген барыс сипаты

Барыс – ерекше жыл, жыл атын иеленген аңның өзі де ерекше. Сонда ол қандай қасиеттерімен ерекше, бүгінгі әңгіме сол жайында болсын.

Барысқа алдымен ғылым тілімен бір анықтама беріп алайық. Ол – мысық тұқымдас, жыртқыш аң. Түсі сұр теңбіл шұбар, сақина тәріздес қара дақтары әдемі жарасады. Дене тұрқы шоқтығымен есептегенде биіктігі 60, ұзындығы 100 см болады. Ол биік тауларда жортып жүреді. Біздің елімізден басқа Орта Азия елдерінде, Үндістанда, Моңғолияда, Ресейде кездеседі. Бүгінгі күнге дейін барысты аулаушылар азаймай отыр екен. Оның терісі қара базарда кемі 60 мың АҚШ долларына бағаланады дейді деректер. Ғажайып аңның ажалы осы баға болып тұр.

Барыс – өте жүректі аң. Оған жеңіліс жат. Күшігі «алан» деп аталады. Егер аланы әлі жетілмеген кезде оған арыстандар шабуыл жасаса, барыс зор арыстанды бүктеп тастайды. Әлі келмеген күнде жауының аузына өзін тығындап, ұрпағы үшін құрбан болады. Барысты саналы адамдар осындай қасиеті үшін қадірлейді. Соны білгендей, барыс та адамға шаппайды. Арыстан да, қасқыр да, шибөрі де адамға тап береді. Барыстың бар аңнан зияттығы сол, ол өзінен күштіге емес, өзінен саналыға бағынады. Сондай-ақ, ол биікті сүйеді, әділетсіздікті жек көреді. «Өзі жыртқыш болса, қалайша әділетсіздікті жек көреді?» деген сұрағыңыз саңқ ете қалды ғой. Жыртқыштық оның болмысы емес, азықтану кезіндегі іс-әрекеті саналады.

Алтайлықтарда: «Барыс әділетсіздікті жек көргендіктен дүниеге соқыр болып туады» деген сөз бар. Рас, ол – «құмарпаз аңшы». Бір үйір киікке шабуылдағанда аса шапшаңдықпен он шақтысын сұлатып тастай алады. Алланың өзіне бұйыртқан азығы – сол. Өзінен артылғанын өзге аңдарға қалдырады. Мұны қанды жерге қайта соқпайтынынан білуге болады, өлексе жемейді.

Барыстың аналығын «таутан» дейді, таутан 2-3 алан туады. Олар бір айдай інінде жатады. Сонан соң далаға шығады да, шайқатылып, құлап-сүрініп жүрмей, бірден-ақ он метр ұзындыққа, үш метр биіктікке секіретін болады.

Барыстың алған мақсатынан қайтпайтындығы, тектілігі адамзатқа үлгі. Баяғы батырлардың барыс терісін жамылуы – жауына көрсеткен сесі, «арыстан болсаң да алдыма келіп көр» деген айбаты.

Тәуелсіз еліміздің барысты өз нышаны есебінде бейнелеуі тегін бе? Барыс бейнесі түркітілдес елдердің біразының елтаңбасына енгізілген.

Барыс туралы аз-маз білдік, ал, Барыс жылғылар қандай адамдар?

Басқа жылдармен салыстырғанда небір ғұламалар мен дарындылар Барыс жылы дүниеге көбірек келген. Мәселен, адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың Барыс жылғы екенін мұсылман қауым жақсы біледі. Солай екен деп пайғамбардың санатын басқа адамдарға қоспағанымыз абзал.

Барыс жылғылардың ашуланған сәтте ақырып жіберетінін қаталдығы деп санауға болмайды. Ол сүйсе күйіп-жанады, адалдығында шек жоқ. Қатал болса сөйте ме? Топ бастауға қабілетті. «Тура-тура сөйлеймін деп, туысқанына жақпайтын» да солар. Өзі көңілді жүрсе де оңашалау, жиын-тойды ұната қоймайды.

Сіз жұлдыз жорамалмен қалайсыз, сенсеңіз де, сенбесеңіз де бұл да – бір ғылым. Расқа шығып жатады. Лайым рас болсын, Ақиқаты Аллаға аян. Сол жорамалды да жағалап көрдік.

Барыстар жылқылармен жарасты жұп бола алады. Итпен шаттыққа толы шаңырақ көтеруі мүмкін. Тышқан жылғылармен тіпті тату емес. Тауық деген менменшіл, «қыт-қыттағанда» кеудесін көтеріп кетеді, өзінше. Ал, Барыс ондайды ұнатпайды. Алғашқы кезде Сиырды жақсы көрсе де кейін оны да жек көре бастайды. Қояндар Барысқа басу айтып сабасына түсіре алмай, қорланады. Қойға да тыныш өмір керек. Доңыз болса – сезім құштарлығы мол, нәзік жаратылыс. Күліп отырсыз ба, мен Доңыздың өзін емес, Доңыз жылғыларды айтамын-дағы. Барыстардың басы ауған жаққа лағып кететін кездері де бар, мұндайда Доңыз ұстамдылық танытса, екеуі жарасып та қалуы мүмкін. Барыс пен Мешін кезіксе тез тұтанатын сезімге ерік береді, алайда, олардың отбасы болып кетуі, ай, қайдам? Ұлумен ілуде бір жарасады, олардың ортақ ұқсастықтары бар – мінездері ашық, қолы жомарт.

Бәрі айтылды ма, айтылмағандар болса, Барыстың қандай екенін білдіңіздер ғой.

Барыс жылы қандай жыл дегенге келейік, енді.

Күнтізбе жасаушылардың зерттеулеріне зер салсақ, Барыс жылы туралы еш жамандық айтылмайды. Жайсыз жылдардың қатарында жоқ. Биыл аспан әлеміндегі болып жататын құбылыстарда өзгерістер орын алады. Турасын айтқанда, қуаты мол шұғылалы жұлдыздар Жермен тіке байланысқа шықты! Бұл шұғыла ұзақ уақыт бойы тарамайды. Ауада, адам ағзасында жүрген түрлі кеселдің ағыны тұншығады. Осының бәрін мен әлемдік ақпараттардан алып отырмын.

Армысың, Аланым!?

Он екі жыл жеті қат көктің құрсағында жатып, қайта туған қастерлім. Ғаламшардан төгілген отты нұрдай көзіңнен шуақ шашылсын, шерім!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<