Ата Заң – татулықтың алтын арқауы

552

0

Биыл Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз бағындырған белес тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі ҚР Тұңғыш Пре­зиденті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқын­даған этносаралық келісім мен бірліктен бастау алады. Қазір елімізде әлемде теңдессіз саналатын көпэтностық қо­ғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалып­тасты.

Қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп, тағдырдың жазуымен жер ауда­рыл­ған түрлі ұлт өкілдерін қазақ халқы шеттетпей, бауырына басты. Азат атанған, өзін әлемге бейбітсүйерлігімен мойындата білген еліміз татулықты сақтау мен нығайту ісіне айрықша атсалысып келеді. Сыр өңірінің өзінде өзбек этносының 1500-ге жуық өкілі бар. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары жаппай Қазақстанға жер аударылған сан алуан этностың бір шоғыры Қазалы ауданында да қоныстанып, тамырын тереңге жайды. Олардың барлығы қазір қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жетік меңгеріп, өңір дамуына лайықты үлес қосуда. Оның қатарында мен де бармын.

Биыл Өзбекстан Республикасының Бас Консулы Аброр Фатхуллаев Сыр өңіріне іссапармен келгенде өзбек этномәдени бір­лестігінің белсенді мүшелерімен дидарласқан еді. Консул облыста этносаралық келісімді нығайтуда этномәдени бірлестіктер мен аза­маттық институттардың өзара қарым-қаты­насына ерекше көңіл бөлінгенін және «Достық үйі» бейбітшілік пен келісімнің, жарқын бастамалардың орталығына айналғанын атап өтті. Расында, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі деуге негіз бар. Елде әрбір этнос өкіліне жағдай жасалған. Бұл ретте Конституцияның ролі салмақты. Барлық этностарға біртұтас ұлттың ажырамас бөлігі болуға мүмкіндік берген де – Ата Заң.

«Кім қайдан бақыт тапса, ол соның жұмағы». Бір кезде бабалардың табаны тиген топырақ қазір біз үшін туған жерге айналған. Әдетте жетістігіңе сүйсініп, қиындығыңа күйінетін туған жер дегенде тебіренбейтін адамның болмауы мүмкін емес. Сондықтан мен өзімді Қазақстанның ажырамас бөлше­гіне балаймын. Тұғырлы тәуелсіздік – бейбіт өмірдің бастауы, ал Ата Заңымыз тәуелсіздіктің алтын арқауы деп білемін.

Муаззам РАХМЕТОВА,

 өзбек ұлтының  өкілі, Қазалы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<