ҚАЙДАСЫҢ, СЕН, АР-ҰЯТ, АДАЛ СЕЗІМ

47

0

Бұрын қыз бала оң босағада отырып балалы болып жатса, одан өткен масқара болмайтын. Тіпті, өліммен тең еді. Ата-ана елдің бетіне қарай алмай, қара бет болдық деп жұрттан ығысып, әбден ұмыт болғанша ел-жұртпен араласуға ұялатын. Қазіргі жағдай қандай? Мүлдем бөлек… Үйленбей жатып туу ешкімге таңсық емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын түсік жасатушы қыздардың көбейгенін айтып дабыл қаққан едік. Бүгінде, міне, түсік жасатқанды былай қойғанда, баласын қоқысқа не өзгенің босағасына тастап кетіп жатқан көкек аналар көбейіп барады. Тіпті, құрсағын жарып шыққан шақалағын бала иісін аңсап отырған жандарға өзара келісіммен  беру арқылы ақша тауып жүргендер қаншама? Ең сорақысы, оң жақта отырып жүкті болғандардың мектеп оқушыларының арасында дендеп бара жатқандығы. Қазаққа мұнан артық ұят, мұнан артық масқара бар ма? Айналып келіп кінәні тәрбие берген ата-анадан іздейміз. Әрине, әке-шешенің берген  тәрбиесі бір бөлек, дегенмен, қызыңызда сана болмаса, он жерден жақсы тәрбиеледім дегеніңізден түк шықпасы анық. 
Қыз баланың тәрбиесі өте ауыр. Дұрыс бағыт пен жол сілтемесең барар жері белгілі. Бүгінгі қоғамдағы безбүйрек ана да, қатыгез қыз да, алданып қалған бойжеткен де тәрбиеден асып, еркіндікті аңсап өскендерден шығады. Осы бір тақырыпта сөз қозғағанда кез келгеніміз бірінші қыз баланы кінәлаймыз. Сөз жоқ, расымен де, ең алдымен қыздар дұрыс емес. Дегенмен, әртүрлі абыройсыздыққа қыздардың өзі ғана бармайды ғой. Оған себепкер болатын жігіттеріміз бар. Неге  үнемі бір жақты қараймыз? Бұл мәселеде қыз да, жігіт те жауапты. Сондықтан неге жігіттердің де жауапсыздығын айтпасқа? Үйленемін дегенше өзінің айласын асырып, жүкті болғанда басын алып қашатын, тіпті, отбасының бар екенін жасырып жүретін ерлер де жетерлік. Жағдай өзгергенде мұның бәрі шығады да, тағы да ауыртпалықты қыз байғұс көтеруге мәжбүр. Бірі аңғалдығынан, енді бірі жеңілтектігінен тауып жатады.
 Қазіргі кезде азаматтық неке деген ұғым да бар. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Алайда, ортақ шешім қабылданғанымен, осы некеден де басты зардапты шегетін қыздар. Жігіттер жағы тағы да сүттен ақ судан таза болып қала береді. Бәрінен бұрын дүние есігін ашатын бейкүнә сәбидің жағдайы не болмақ? Дүниеге келсе, әркімге жәутеңдеп қарап, әкенің тәрбиесіне жарымай, мейіріміне бөленбей өспей ме?  Ғылымда психологиялық тұрғыдан алғанда әкесіз өскен баланы «жарымжан» деп есептейді екен. Осындай өзінің әкелігін танытпайтындардың кесірінен некесіз бала да, жалғыз басты ана да көбейіп келеді. Әкелігін мойындағандардың өзі баласы үшін алимент төлеуден бас тартып жатқанда, біреуінен екіншісіне секіріп жүрген жігіттерден жауапкершіліктен басқа не сұрай аламыз? Ардан аттап, намысты кейінге ысырып қойған олардың бұл әрекеті кімге де болса ерсі көрінері анық. Отбасының тірегі болатын азаматтарымыз осылай кете беретін болса, жарға жығылмаймыз ба? Мақсатымыз ер жігіттерге күйе жағу емес, десе де, қыз баланың алдындағы жауапкершілікті сезіне бермейтін, өз ісін байыптай алмайтын азаматтар  қатарының көптігі адам көңілін қынжылтады. Осы ретте қыздарымыз да өздерінің құқықтарын біліп, өз-өздерін қорғай білу керек секілді. Сол кезде ғана қолымен істеген ісін мойнымен көтеретіндер, ана мен бала алдындағы жауапкершілікке мойынсұнатындар қатары көбейер деген ой келеді.   
Мейрамгүл  ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз