«Бейбіт күннің қадірін біліңдер»

483

0

Айналайын балаларым, ғасырдан асқан жасымның биігінен айтарым бар. Үлкен сыйлаған елдің ұрпағысыңдар ғой, құлақ қойыңдар.

Айналасы аз күнде бейбітшілік бесігінде тербелген елімізге бүлік, халықтың көңіліне үрей, азаматтардың ойына алаң кірді. Телеарналар көрсеткен көріністердегі қатігездік пен қанқұмарлықтың қайдан шыққанын білмеймін, қалай болғанда да бұл жақсы үрдіс емес.

Менің жастық шағымды сұм соғыс ұрлады. Ел қорғауға көзінде оты жанған қанша боздақ аттанды, қаншасы жат жердің топырағын жамылып сонда қалды. Ақ қар, көк мұз жастанып, жан алысып, жан беріскен қырғынды көзбен көрдік. Қандыкөйлек достарымыздан айырылып, бораған оқтың астында алға ұмтылдық.

Сол кезде бізді жеңіске жетелеген не күш деп ойлайсыңдар? Ол – бейбіт өмірге, мамыражай тіршілікке оралу еді. Осы жасыма дейін кездесулерде, жиындарда жастарға бейбіт өмірдің қадірін білу туралы үзбей айтып келемін. Тағы да айтам, айналайындар, тыныштыққа, ұйыған берекеге, бір қолдың саласындай бірлікке ештеңе жетпейді.    

Мемлекет басшысы халыққа оқтын-оқтын үндеу жолдап жатыр. Әсіресе, тәуелсіздіктің бесігі – Алматыдағы жағдайды айтқанда жаным түршікті. Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етіп, ел тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты қабылдаған шешімі  дұрыс деп есептеймін.

Одан өзіміздің облыстың орталығы – Қызылорданың ахуалы туралы жаңалықтарға құлақ түрдім. Бүлінген ғимараттар, өртке оранған көліктер… Айдың-күннің аманында қаланың көркі, тіршіліктің қиюы қашқан.

Бұл күндер де өтер, бәрі қалпына келер. Орны толмайтыны – адам өмірі.  Президенттің «Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Бұдан шыңдалып шығамыз» деген сөзі бәріміздің беткеұстар темірқазығымыз болсын!

Әр астан кейін дастарқанға «Алла, арам ниеттінің пиғылынан сақта,  ел іргесін берік ете гөр, азаматтарымыздың амандығын бере гөр» деп батамды жаудырып отырмын. Алла сол батамды қабыл етсін!

Яхия ТАСЫРОВ,

соғыс және еңбек ардагері.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<