Дағдарыстан кейінгі дамудың айқын жоспары

873

0

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстел отырысында талқыланды.

Аймақ басшысы страте­гиялық құжат – дағдарыстан кейін экономика мен азамат­тардың әл-ауқатын қалпына келтірудің айқын және нақты жоспары екенін айтты. Жолдауда пандемия кезіндегі әлемдік дағдарыстан шығу жолы көрсетілді. Ол негізгі 11 бағытты қамтиды.

– Президент мемлекеттік бас­қару­дың жаңа үлгісін жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды. Мұны мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі мен оны орындау жауапкершілігіне қатысты көзқарасты өзгертуден бастау керек екенін жеткізді. Мемлекеттік қызметкерлер санын биыл – 10, келесі жылы 15 процентке қысқартып, үнемделген қаржы есебінен 2021 жылғы 1 шілдеден кейін факторлық-балдық шкала негізінде ақы төлеуді жүктеді, – деді облыс әкімі.

Екіншіден, мұнай саласының даму кезеңі аяқталып келетін секілді. Бұл экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Осы орайда өңір басшысы индустрияландыру картасындағы жобалардың арасынан жүзеге асатынын ғана қалдыру, биылдың еншісіндегі жобаларды көп созбай индустрияландыру картасына енгізу, индустриялық аймақтарды жаңа бастамалармен толықтыру керектігіне тоқталды. Инвестиция тарту, отандық тауар және қызмет түрлерін экспортқа шығару міндеті күрделі ахуалға қарамастан жалғасуы тиіс. Инвестиция тарту бойынша биылғы меже – 230 млрд теңге. Бұл мақсатта 2023 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді.

Асыраушы саланы алға бас­тыруда жеке қосалқы шаруа­шылықтардың әлеуеті пайдаланылады. Өйткені өнімнің басым бөлігі (ет – 82, сүт – 84, жұмыртқа – 67 процент) осыларға тиесілі. Бұл, біріншіден, 86 мың үй шаруашылығын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, екіншіден, жалпы аграрлық өндірісті кем дегенде 3-4 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Үкіметке даму жолында өңірлердің өзіндік ерекшелігін ескеруді, баспана мәселесін шешу бағытындағы жұмысты сапалы әрі тиімді жүргізуді, «Аңсаған сәби» жобасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 есе көбейтуді тапсырды. Жолдауда білім саласын дамытуға басымдық берілді.

– Республикалық бюджет қаржы­сы есебінен 22 мыңнан астам компьютер алынуда. Елді мекендерде интернет жылдамдығын арттыру бағытында байланыс операторларымен бірлескен жұмыс жүргізілді. «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында 30 мыңнан астам педагогтың жалақысы 25 процентке артты. Ал­дағы жылы ол тағы осынша кө­лемде көбейеді. Бұдан бөлек, функ­ционалдық міндеттеріне және санат­тарына қарай қосымша 30-50 процент үстемақы төленуде, – деді облыс әкімі.

Ал денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы – өзекті мәселе. Биыл Қызылордаға 86 жас маман тартылса, соның 51-і ауылдарға барды. Де­­генмен, тағы 143 дәрігердің орны бос.

Жолдауда экология және био­ло­гиялық қорғау туралы да айтылды. Осы орайда алдағы 5 жылда аймақ­тың мемлекеттік орман қорын 30 млн, елді мекендерді 1 млн-нан астам тал-терекпен толықтыру көзделіп отыр.

– Мұны науқаншылыққа айналдырмауымыз қажет. Тал егу керек екен деп, суы жоқ құрғақ жерге жаппай көшет отырғызу мүлдем болмауы тиіс, – деді өңір басшысы.

Соңғы жылдары қатты сезілген су тапшылығын сейілту мақсатында «Қара­өзек», «Күміскеткен» су қоймаларын тездетіп салу жос­парланды. Одан бөлек, тауарлы балық өсіру көлемін 2030 жылға қарай 20 есе ұлғайту міндеті тұр. Маңызды құжатта халық үніне құлақ асатын Үкімет қалыптастыру, цифр­ландыру бағытында жүйелі жұмыс атқару жайы сөз болып, азаматтардың мем­лекетті басқару ісіне қатысуы ескерілді.

– Мемлекеттік биліктің бір­қатар институтын реформалау жос­пар­ланған. Соның бірі – ауыл әкімдерін сайлау. Мемлекет басшысы бұл саяси реформалардың бастамасы екенін атап өтті. Заңға өзгеріс енгізілгесін ауыл әкімдерін аудандық, қалалық мәслихат депутаттары емес, ауыл тұрғындары сайлайды, – деді облыс әкімі.

Жиында Жолдау жүктеген мін­деттер талқыланды. Облыс­тық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақы­сын көбейту туралы бастаманы қолдап, мұны стратегиялық маңыз­ды шешімге теңестірді. Сон­дай-ақ отандық ғылым саласын қол­­дауға негізделген тапсырманы қуат­тай түсті.

– Ғылымды қаржыландыру мен қол­дау мәселесі жылдар бойы ше­шімін таппай келгені мәлім. Ірі кәсіп­орындардың, әсіресе, шикізат сала­­сындағы компаниялар табы­­­сы­­ның 1 процентін ғылым мен технологияға бағыттау талабы сақтал­май отыр. Қаржы көп жағдайда компаниялардың өз ішінде бөліске түседі. Мемлекет басшысының Үкімет­ке оны жинақтау ісін орталық­тандыруды, бюджет арқылы жалпы­ұлттық ғылыми басым­дыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсыруын отандық ғылымға жасалған қамқорлық деп түсінемін, – деді ол.

Кәсіпкерлікті қолдау шара­ларына байланысты «Ата­мекен» ҰКП облыс­тық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов хабарлама жасады.

– Пандемия кезінде несие, өзге де төлемдер толық кө­лемде жұмыс бастамаған кәсіп иелері үшін айтарлықтай проблемаға айналды. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға орай қабылданған шектеу шаралары әлі де толық қуаттылықта бизнес жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Жолдаудың салаға қатысты тұсы бизнес өкілдері үшін аса маңызды болды, – деді ол.

Қызылордада 11 мыңнан астам субъект карантин тала­бының зардабын айтар­лықтай тартты. Сала өкілдерінің 31 проценті қысқартуға ұшырап, 32 проценті жалақысы сақтал­майтын еңбек демалысына жіберілгені сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Кәсіпкерлер үшін тағы бір түйткіл – облыс пен қала, аудандардың бас санитарлық дәрігер­лерінің қаулыларындағы үлкен ал­шақ­тық. Осы ретте филиал басшысы қаулыны келісім арқылы қабылдауды ұсынды. Өйткені бизнес иелерінің құқығы бұзылмағаны керек.

«Абай-Даулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, шетелдіктерге жер сатылмайтыны туралы мә­лімдеме көптің күмәнін сейілтті. Сондай-ақ меценат ауыл халқын жұмыспен қам­ту, тұрмыс дең­гейін көтеру сияқты шешімдерді тұр­ғындар зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<