Ел аузынан

727

0

Қанжыға билігі

Екі жігіт Арғынбай бидің алдына дауласып келіпті.

– Мынау менің қанжығамды ұрлап алды, – депті екі жігіттің бірі. Арғынбай ә дегенде кішкентай қайыс туралы болмашы дауға не деп жауап берсем екен деп, ойланып қалса керек.

Сонда жанында отырған бала Бименбет:

– Биаға, осы даудың билігін мен айтайын, – дейді.

– Айтсаң айта ғой, – дейді би.

– Айыл-тартпа болмаса,

Атыңа ер тұра алмас.

Үзеңгі-бау болмаса,

Атқа кісі міне алмас.

Қолда қамшы болмаса,

Қорғалап ат жүре алмас.

Жүген-ноқта болмаса,

Басын жөнге бұра алмас.

Қанжыға бау тон сақтайды, тон жан сақтайды, бір қой айып, – депті сонда Бименбет.

Арғынбай мұны дұрыс шешім деп мақұлдапты.

Ақсақ аяққа артылған айып

Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып, қырманға жібереді. Сойғанда, кімнің қай аяғын алатынын да алдын ала белгілейді.

Біреуі алдыңғы оң аяғы менікі болады, біреуі артқы сол аяғы менікі болады деген сияқты иелік жасайды. Ешкінің бір аяғы ақсақ екен. Осы ақсақ аяқ өзіне тиесілі болған кісі тезірек жазылсын деп, оны май жағып шүберекпен байлап қояды.

Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, астық өртке оранады. Қырман иесі кінəлінің кім екенін іздегенде үш сау аяқтың иесі:

– Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ, – деп оны иеленген адамды айыпты қып шығарады.

Бұған риза болмаған әлгі кісі Арғынбайға жүгінейік дейді. Өз уәждері қисынды көрінген үшеу неден қорықсын. Бәрі биге келеді. Ал, би дау шешімін Бименбет айтады дейді.

Сонда Бименбет:

– Ешкі бір аяғымен ғана жүрмейді, төрт аяғымен де жүреді жəне ақсақ аяқпен жүрмейді, сау аяқтарымен жүреді. Ешкіні отқа айдаған да, отты қырманға əкелген де сау аяқтар. Сондықтан өрттің шығуына оның үш сау аяғы кінəлі, – деп ақсақ аяқтың иесін айыптан арашалап алыпты.

Ешкі аман болсын

Балаби жолаушылап жүріп, елден іргесін бөлек салып отырған бір байдың үйіне түсіпті. Бай қорасы толған қой болса да, биге ешкі сойыпты.

Сол күні түнде байдың қорасындағы қойына қасқыр тиіпті. Қойы бастырлып, түгел қырылып, бес-алты ешкісі ғана қалыпты.

Таңертең бай:

– Ей, би! «Үйге құтты қонақ келсе, қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе, қорасына қасқыр шабады» деуші еді, қандай қонақ екеніңді өзің де білген шығарсың? – дейді терісіне сыймай.

Сонда Балаби:

– Айтқаныңыз дұрыс, байеке. Бірақ мен қойдың емес, ешкінің қонағымын, ешкіңіз аман болсын, – деп жүріп кетіпті.

Бай өзінің қалың ел сыйлаған биге қой соймаған қателігін сезіп, бармағын шайнап қалыпты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<