Харуки Мураками Нобель сыйлығынан бас тартты

572

0

Харуки Мураками Нобель сыйлығынан бас тартты Жапон жазушысы Харуки Мураками әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткер атанудан бас тартты. Бұл туралы Швеция Жаңа академиясының facebook желісіндегі парақшасы хабарлады.
Харуки Мураками ұйымға электронды хат жолдап, шығармашылық жұмысына байланысты сыйлыққа үміткерлер қатарынан шығаруын өтінген. Сондай-ақ Жаңа академияның ісіне табыс тілеп, алғысын білдірген. Швеция академиясы да жазушының шешімін құрметтейтінін жеткізген. Мәртебелі марапаттың дауыс беру шарасына әлемнен 32 мыңға жуық адам қатысқан. Дауыс беру қорытындысы бойынша үміткерлер анықталған. Академия ақпараты бойынша жапон жазушысы төрт үміткердің бірі болған. Харуки Муракамиден өзге бұл сыйлыққа канадалық Ким Тьюи, ағылшын Нил Гейман және француз жазушысы Мариз Конде үмітті. Харуки Мураками есімі әлем оқырмандарына жақсы таныс. Бірнеше жыл қатарынан Нобель сыйлығына үміткер болып үлгерді. Оның еңбектері әлемнің 40-тан астам тілдеріне аударылды. Қазақ оқырмандары арасында жапон жазушысының «Норвегияның орманы», «Құс фабрикасының жазбалары», «Саяжайдағы Кафка» секілді туындылары белгілі. Оның миллиондаған таралыммен шығатын кітаптарын жата-жастана оқитын оқырмандары әрбір шығармасын асыға күтеді. Айта кетейік, биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейтіні жайлы осыған дейін Швеция академиясы хабарлаған болатын. Оған себеп – француз фотографы Жан-Клод Арноның әйелдерге зорлық-зомбылық жасағаны бойынша істі болуы. Әдебиет саласы бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығы келер жылы беріледі. Яғни, 2019 жылы екі бірдей лауреат анықталатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<