Карантин кедергі емес. Керісінше…

864

0

СOVID-2019 ­пандемиясы кезінде отандық мәдениет пен өнер саласының өкілдері көрерменмен һәм тыңдарманмен байланысын үзбеді. Шын талантқа шекара жоқ, карантин кедергі емес екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, Мґдениет жґне спорт министрлігінің «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп ґзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» жобасы ә дегеннен көпшілікке танылып үлгерді. Танымал ґншілер мен «Қазақконцерт» артистері жанды дауыста ән салды. Жалпақ жұрт оны Youtube арнасы арқылы тамашалады. Концертті бұлай ұйымдастырудың артықшылығы – көрерменнен алыстап кетпей, онлайн кеңістікті игеруде.

Коронавирус адамдардың өмір сүру салтын, барлық саладағы жұмыс істеу тәртібін өзгертті. Алайда, өнер мен мәдениетке қызығушылар үшін пандемия кедергі емес. Кері­сінше сала өкілдері өздерін басқа қырынан көрсетуге, аудиториямен бай­ланыстың жаңа тәсілдеріне жүгінуге мүмкіндік алды. Офлайннан онлайнға көшудің оңай болмағанын кім-кім де мойындайды. Өйткені ауру айтып келген бе?! Аяқасты абдырап қалдық. Амал жоқ, үйде отырып жұмыс істеуге тура келді. Сахнаға шығып үйренген кәнігі өнер адамдары да осыған көнді. Елдің есендігі үшін басқа лаж бар ма?!

Облыстық филармония қыз­меткерлерінің 200-ге жуығы – шығармашылық өкілдері. Олардың қатарында Тұрмағам­бет атындағы халықтық аспаптар оркестрі, «Томирис» би, «Ақмешіт» фольклорлық, «Сыр самалы» вокалды аспаптар ансамбльдері, «Тұран» триосы, камералық оркестр, балаларға арналған «Әдемі» музыкалық театр-студиясы және өзге де әнші-биші, дәстүрлі орындаушылар бар. Іргелі ұжым карантин кезінде «Жауһар жыр», «Сырлы саз», «Мәртебелі классика», «Ән шашу», «Таңсәріден тән саулығы», «Балаларға базарлық» бағыттарында жұмыс істеді. Әрбір түсірілімді халыққа онлайн форматта насихаттады.

Әлеуметтік желілермен бұ­ған дейін де тұрақты жұмыс істегеннің арқасында аудитория жинау аса қиындық туғыза қойған жоқ. Оның дәлелі, ми­нис­трлік жуырда YouTube арнасында «Жаз әуендері» жобасын ұйымдастырған еді. Қаралымы жөнінен облыстық концерттік ұйымдар арасынан филармония өнерпаздары суырылып алға шықты. Жеке өнерпаздарды ұжым құрамындағы оркестр, ансамбльдер сүйемелдеді.

Филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова республикалық, өңірлік кон­церттік ұйымдарға «Қазақ­концерт» жанындағы концерт­тік-гастрольдік қызмет ор­­­та­­­лығы айтарлықтай қолдау көр­­­сет­кенін атап өтті. Әлгіндей жо­ба­лар өнерпаздардың өзара бәсе­келестігін арттырып, байланысын нығайтты.

– Онлайн концерттерді түсі­ретін құрал-жабдық болған жоқ. Қолда барды пайдаландық. Бұл дыбыс сапасына әсер етпей қоймайды. Өнер адамдарының жаны өте нәзік. Әлеуметтік желілердегі көпшіліктің сынын қабылдау да қиынға соқты. Оның үстіне, Кеңес Дүйсекеев, Қарагөз Ақдәулетова сынды мәдениет майталмандарынан айырылып қалдық. Айналамызда көп адам жақын-жуығын жоғалтып жатты. Жұрт қайғы жамылып отырғанда концерт беру адамгершілікке жат еді. Онлайн жұмыстың, міне, осындай қиындықтары бар, – дейді Ә.Іздіқұлова.

Гастроль мен концерттен қолы босамайтын жергілікті театр ұжымы да елде төтенше жағдай режимі жарияланған бойда қашықтан жұмыс істеуге ауысты. Бұл тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген еді. «Тірі өнер» үшін виртуалды форматтың ауырт­палығы аз болған жоқ.

– Жоспар бойынша артис­тер күнде кешке кезекпен Instagram әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде халықпен жүздесіп отырды. Суретші, гример, костюмер сияқты сахна сыртындағы қызметкерлер де онлайн сұхбат беріп, шеберлік дәрістерін өткізді. YouTube арнасына архивтегі спек­такльдер жарияланды. «Нар­тайдың бүлдіршіндері» қуыр­шақ тобы «Күләш әжейдің ерте­гілері» жобасын әзірледі. Топ жетекшісі Күләш Жанмұратова онлайн ертегілер оқыды. Актер Қанат Архабаевтың «Карантин онлайн» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты, – дейді Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театрының бөлім меңгерушісі Ұлбосын Қылышбаева.

Бүгінде шығармашылық ұжым еңбек демалысынан оралды. Режиссердің жетекшілігімен олар кезекті спектакльге да­йындық үстінде. Келер күннің еншісінде көп шаруа тұр. «Тек карантин аяқталып, қалыпты өмірге оралып, халықпен қайта қауышсақ екен» дейді театр өкілдері.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен оның филиалдары 20 наурыздан бері онлайн форматта жұмыс істеп жатыр. Жергілікті музейлерді халыққа таныстыру мақсатында Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне, музейдің жеке сайтына түрлі дүниелер жарияланды. Бүгінге дейін 400-ге жуық шара ұйымдастырылып, оны 70 мыңға тарта көрермен тамашалады.

– Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шең­берінде ұлттық музей қорының электронды каталогына облыс музейлері бойынша 200-ге жуық экспонат енгізілді. Дерек қоры тоқсан сайын толықтырылуда. Кейбір жәдігерлерді әлеуметтік желілерге, ғаламторға, газет-журналдарға шығару арқылы ел назарын аударуға тырысамыз. Сайт қонақтары онлайн экскурсияларды қызықтай отырып, өлке тарихымен танысады, – дейді музейдің бөлім меңгерушісі ­Эльзира Сағитжанова.

Цифрландыру жұмысы аймақ кітапханаларында да жандана түскен. Қазіргі күні қордағы 10 мыңнан астам кітапты виртуалды түрде парақтауға болады. Бұл мерзімді басылымдарға да қатысты. 1941 жылдан бас­тап жарық көрген газеттер ақырындап электронды форматқа көшіріліп жатыр.

Төтенше жағдай режимі онлайн кеңістікті игеру ісін одан әрі күшейтті. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кі­тап­хана басшысының орынбасары Айгүл Жанғабылованың айтуынша, шаралардың басым бөлігі Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фара­бидің 1150 жылдығы, Алтын Ор­даның 750 жылдығы секілді айтулы мерейтойларға арналды.

– «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі ма­ңыз­­дылығы» атты респуб­ли­ка­лық онлайн конференция ұйым­дас­тырдық. Онда Мұх­тар Әуезовтің «Абай жо­лы» рома­нындағы Ұлы дала өрке­ниеті, Абай және тарихи тұлғалар бейнесі, Абай мұра­сындағы адамгершілік ілімі, Абайдың қара сөздерінің өзек­тілігі талқыланды, – дейді ол.

Бейнелеу өнері бойынша «АРТ-school» виртуалды шебер­лік сағаты, «Ағылшын тілін үйренеміз», «Домбыра тартып үйренеміз», «Корей тілін бірге үйренейік» үйірмелері апта сайын тікелей эфир арқылы жариялануда. YouTube желісінің «KZO-book» арнасына «Оқуға ұсынамын!» айдарымен жастар ұсынған кітаптар туралы бейнероликтер орналастырылуда.

Айта берсе, шаралар ау­қымы кең. Алайда, оның артында қаншама табандылық пен төзімділік тұрғанын көбі сез­бейді.

Ел Үкіметі 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алу мәселесін пысықтап жатыр. Дегенмен, бұған дейінгі бірқатар сақтық шара­лары әлі де жалғаспақ. Оның ішінде мәдениет нысандары мен музейлердің қызметіне тыйым салынады. Демек, өзге салалар сияқты өнер мен мәдениет өкілдері де онлайн жұмыстан әзірге қол үзбейтін сияқты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<