Карантиндік шектеулер жеңілдетілгенімен, жағдай күрделенуде

823

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова карантин кезінде сақтық шараларын сақтау бойынша брифинг өткізді.

Әлемді алаңдатқан пандемия дүние жүзінің қалыпты тіршілігіне өзгерістер әкелгені белгілі. Бүгінде әлем бойынша 5 млн 588 мың адам індетке шалдығып, 350 мыңдай адам қайтыс болды.


– Елімізде дер кезінде төтенше жағдай жарияланып, нақты шаралар қолға алынды. «Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады» деп Елбасы айтқандай, ынтымақтың арқасында тұрақтылықты сақтай алдық.


Бәріңізге мәлім, 11 мамырда төтенше режим тоқтады. Бірақ жағдай тұрақтанғанша карантиндік шектеулер қалды. Шектеулер әр аймақта жағдайдың деңгейіне байланысты жеңілдетілуде.


Дегенмен, Қазақстандағы науқастар саны 9000-ға жақындады.
Осы уақытқа дейін Сыр өңірінде де шектеулерді жеңілдетудің бес кезеңін өткіздік. Көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Алайда, жеңілдетуден кейін жағдай күрделенуде. Облысымызда науқастар саны 301-ге жетті. Өткен аптада 51 жағдай тіркеліп, апталық өсім 20,4 пайызды құрады. Әсіресе, зейнет жасындағы адамдар жиі анықталуда. Алғашқы бір жарым айда зейнет жасындағы 18 адам тіркеліп, біреуі ауыр жағдайда болды. Соңғы екі аптада осы топтағы 12 науқас тіркеліп, оның төртеуі ауыр, біреуі өте ауыр жағдайда ем алуда. Бұл мәліметтер бәрімізді ойландыруы тиіс, -деді облыс әкімі.


Аймақ басшысы сондықтан үлкендерді қорғауға шақырып, 65-тен асқан аға-апалардың үйде болып оқшаулануы керегін айтты.


Бүгінде індеттің таралуы ұжымдастар арасында, отбасылық іс-шаралардан және көп адамдардың жиналуынан екендігі байқалуда.

-Соңғы кездегі науқастардың көбісінің қайдан жұқтырғанын анықтау қиынға түсуде. Яғни, кез-келген адамнан жұғу ықтималдығы жоғары. Қазіргі карантинді жеңілдету кезінде өзара қарым-қатынас артуда. Тұрғындар арасында індетке сенбеушілік және бейқамдық күшеюде. Осыған сәйкес санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды сақтауға деген ынта төмендеді. Осыған сәйкес, күні кеше Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «карантиндік режим сақталмауда. Сондықтан көпшілік орындарда, қоғамдық көлікте бетперде киіп жүру міндетті »,- деп нақты атап өтті.
Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Ұжымдық, отбасылық көпшілік жиналатын іс-шараларды өткізуге шектеу қойылады.
Өйткені, өзіміздің денсаулығымызға, өзіміз жауапты болуымыз керек.
Сондай-ақ, жұмысына кіріскен салалар мен нысандардың иелерінен санитарлық ережелерді әрқайсымыз талап еткеніміз дұрыс. Сонда бұл қоғамдық деңгейге көтеріледі, – деді аймақ басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<