Тарих беттерін ақтарсаңыз халқымыздың талай дәуір дүрмегін бастан кешкенін байқайсыз. Бірақ қандай қиындық кешсе де қазақ өзінің өмірлік ұстанымы мен ұсталығын жоғалтпады. Соның нәтижесінде сөз өнері мен қолөнері бүгінгі ұрпаққа мұра болды. Дәстүрімізді дәріптеп, келешекке үйретіп жүрген жандар қатары аз емес. Соның бірі қала тұрғыны, қолөнер шебері Нүркүл Досова ханым.
Қолөнер шебері 11 жасынан ине мен жіпті жанына серік еткен. Алғашқы ұстазы анасы – әуелі кесте тігуді үйретіпті. Кестеден басталған кәсіп бірте-бірте текемет басу, кілем тоқуға жалғасады. Ауылдан қалаға келіп осы ісін дөңгелентуді ойлап, іске кіріседі. Алғашында тапсырыс берушілер аз болғанымен, кейіннен қатары көбейген.
Шебер өткенін былай еске алады:
– Ата-әжеміз ел басына күн туғанда шетел асып кетіпті. Кейіннен қаншама қиындықпен елге оралған. Сондай-ақ, анамыз өзінің апасынан көрген дүниелерді, бізге үйрете бастады. Қолым қалып алып, өзгелерге үйреткім келетін болды. Жас күнімде ауылдағы қыздармен жиналып, тапсырыс қабылдадық. Түкті кілемді 4 қыз болып тоқып, бір қап ұн алған болатынмын. Бұл менің қолөнердегі ең алғашқы табысым болды. Содан бері зырлаған уақыт өтіп, бұл өнермен айналысып келе жатқаныма отыз жыл толыпты. Бірақ ісімнен жалыққан жан емеспін. Сонымен қатар, үйренем деген ниетті жандарға білгеніммен бөлісіп келемін. Бірақ заманауи технология жеделдеп дамығандығының арқасында қолөнер бұйымдарына айтарлықтай сұраныс жоғары емес.
Алға қойған мақсатым – өздерінің кәсібін ашып жатқан кәсіпкерлер қатарына қосылу. Сондай-ақ үйірме ашып, өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді үйретсем деген ойдамын. Бірақ «үлкен жалын кішкентай шоқтан бастау алады» деген бар. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаға жүгінбес бұрын, өзімнің діттеген мақсатыма жетіп алмақшымын, – деді ол.
Шебер өзі тапсырыс алғаннан бастап оны тамамдауға асығады. Кейде қыз жасауын бір аптада әзірлейтін кезі болады екен. Әсем дүниелерді тігу қиындық тудырмайды және бағасы қарапайым халыққа қолжетімді. Көздің жауын аларлық кілем мен көрпешелерді түрлі ою-өрнектермен әсемдейді. Тіпті, әрқайсының үйлесімді түстеріне де мән береді.
– Жасалған дүние әрқашан көзге тартымды болу үшін, түстерін дұрыс таңдай білген жөн. Халқымыздың ою-өрнектерінде басым түс – ақ пен қара. Әрбір түстің өз мағынасы бар. Мәселен, көк – аспан әлемін еске салады. Ал, кезінде көк түстен жасалған затты аяқасты етпеген. Қызыл – оттың символы десек, сары – ақыл-парасаттың белгісін білдіреді. Сонымен қатар ою-өрнекте арқар, қошқар, марал суреттерінің бейнеленуі, табиғатпен етене араласқан өмірдің өрнегі екенін аңғартады, – дейді шебер.
Сан ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан ұлттық өнеріміздің дамуы бізді қуантады. Өріс жая бастаған өңірдің ертеңі – жастардың қолында.
Маржан НҰРХАНҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<