Кіші теңіз байлығын еселеген

1534

1

Елімізде балық шаруашылығымен, нақты айтсақ, балық өсірумен айналысатын арнайы орындар аз. Тіпті жоққа саналады. Кеңес заманында питомник көп болғанымен, тоқырау жылдарындағы өзгерістерге төтеп беру оңай соқпады. Ал Арал ауданында Кіші теңізді балықтандыру мақсатында екі питомник жұмыс істеп тұр. Бүгін біз 1947 жылы негізі қаланған «Қамыстыбас балық питомнигінің» Тастақ балық өсіру бөлімшесі туралы айтпақпыз. Жылына Кіші теңізге 4 млн балық жіберетін бөлімше дөңмаңдай, ақамур және тұқының санын көбейтуде.

Бәрі бекіре өсіруден басталған…

Алғашында «Тастақ балық өсіру» станциясы аталған питомник 1947 жылдан 1987 жылға дейін Мәскеуге қа­раған. Сол жақтан келген ғалымдардың әуелгі мақсаты Каспий севрюгасын Арал теңізіне жерсіндіру болыпты. Севрюга дегеніміз – бекіренің бір түрі. Атыраудан ұшақпен әкелінген уылдырықты арнайы аппаратта шайқап, 1 айлық дәрежеге дейін өсіріп, дарияға жіберіп отырған.

Бірақ теңіз қайта бастағанда бекіре өсіру ісінен береке кете бастайды. Сырдария мен Әмударияның теңізге құюы нашарлап, судың тұщылығы кеміген соң күйі кетпей қай­теді? Ал бекіре – ағыспен өрлеп уылдырық шашатын ба­лық. Сондықтан станцияның ал­дында енді шөпқоректі балық­тарды өсіру  мәселесі тұрады.

Алғаш рет 1960 жылы дөң­маңдай мен ақамур балық­тары­ның тұқымы Қытайдан ұшақ­пен әкелінген. Ол кезде бұл екі балық та КСРО көлемінде жоқ болған деседі. Бір қызығы, Қиыр Шығыстағы Амур өзені алабында таралған дөңмаңдай, ақамур негізінен тек бес жылдан кейін уылдырық береді. Осылайша станцияда 1965 жылы ғана одан тұқым алынған. Сол жылдан бастап бекіре өсіру толықтай тоқ­татылып, тек шөпқоректі балықтарды көбейтуге бейім­деле бастайды.

КСРО кезінде питомникке түрлі мекемелер тапсырыс беріп, балық алып өсірген. Тіпті, бөлімшенің бір жылдары 30 млн-ға дейін балық өсіру жоспары болыпты. Айталық, 1973-1985 жылдары ақамур, сазан, тұқы, ақбалықтан Калинин облысына 55 млн, «Қамыстыбас» питомнигіне 53 млн, «Қызылорда прудхозына» 15 млн, «Азов рыбводы» РПАС-қа 10 млн балық жіберілген. Бұл шаруашылықтардың іші­нен санамалап айтқанымыз, негізінде балық жіберілген мекемелердің саны бұдан едәуір көп.

Ал 1972 жылдан 1988 жылға дейін Арал балық өсіру заводы болған мекеме кейін «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінің бөлімшесі аталады.

Бүгінде бөлімшенің аумағы – 57 гектар. Тоғандардың саны 23 болғанымен, аумақтары үлкен емес. Алғашында бекіреге ыңғайлап жасалғандықтан олардың бірі жарты, енді бірі 1 гектарды ғана құрайды.

Балыққа бап керек

Аквариумде ғана болмаса, кәдімгі балық өсіріп жүрген адамды кездестірмеген сияқ­тымыз. Себебі, балық өсіру ісінің тігісін жатқызып, тетігін табу үшін білімнен бөлек тәжірибе керек. Біз балық шаруашылығына 50 жыл өмірін арнаған, питомник тарихы туралы тереңнен сөз қозғаған Иманғали Дүйсенғалиевпен әңгімелесу барысында осын­дай ой түйдік. «Тастақ» бөлім­шесінде 1969 жылдан 1986 жылға дейін гидротехник, директор, одан кейін бөлімше басшысы болған ардагер осы жерде 2018 жылға дейін қызмет атқарды. Бүгінде «балықтың жайын бір білсе, Иманғали аға біледі» деген түсінік жайдан-жай қалыптаспаған. Балықтың бабын білетін білікті маман зейнеткерлікке шыққан соң да тоғыз жыл бойы еңбек еткен. Ал осыдан екі жыл бұрын Иманғали аға басшылықтан шын мәнінде зейнеткерлікке шығуды сұрапты. Бүгінде бөлімше басшысы қызметін осы салада он жылдан аса қызмет атқарған ұлы Асылхан Дүйсенғалиев атқаруда.

Дәл қазіргі уақытта цехтағы жұмыс қызу. Балық­тар­дың көбейетін мезетінде қауырт қимылдамаса, уыл­ды­рық шаша алмаған балық тір­шілігін жалғастыра ал­майды. Сондықтан мамыр айының 10-нан бастап бөлім­шеде балықтарды қолдан ұрық­тан­дырып, уылдырық алу үшін жұмыс басталады. Алдымен қыстан шыққан балықтардың арасынан өнім алынатын аталық, аналықтары іріктеледі. Ал қолдан ұрықтандыру үшін балықтың мишығын кептіріп, өңдеп, содан арнайы жасалған дәрі егіледі. Әр балыққа егілетін дәрінің дозасы оның салмағына байланысты.

Осылайша бірнеше кезең­нен тұратын уылдырық алу процесінен кейін ол арнайы аппаратқа салынады. Таза сумен жаңарып, көне су өздігінен ағып кетуге ыңғайлы етіп жасалған құрылғыда уылдырық үздіксіз айналып тұрады. Ақамур мен дөңмаңдайдың уылдырығынан әрі кетсе 1 күнде, тұқынікінен 1-2 күнде  балық дернәсілі жарып шығады. Барлық дер­нәсілдер толық шықты деген уақытта олар 5 күнге жаңа құрылғыға тоғытылады. Бұл – балықтардың мүлде қорек қажет етпейтін уа­қыты. Сондықтан егер бөтен шаруашылыққа тасы­мал­дау қажет болса, осы 5 күн ішінде межелі жерге жеткізуге болады. Осы уақыт аралығында бойындағы азықты тауысқан балықтар бекітілген норма бойынша тоғандарға орналастырылады. Бірақ мұ­нымен балық суға кетті, жұмыс бітті дей алмайсыз. Он бес күн сайын оларға бақылау жасалып, өсуі, салмақ қосуы қалыпты деңгейден қалыс болмауы тексеріліп отырады. Жемді беру де осыған байланысты. Жаз бойы бақылауда болған балықтар қыркүйектің ор­та­сында су салқындап, тем­пе­ратурасы 14 градусқа кел­генде жемнен бас тартады. Жем жемегендіктен, енді олар өспейді де. Сондықтан мамандар жаз айларында ғана мемлекеттік тапсырыс аясында балықтың саны, салмағы деген көрсеткіштерді орындауға мүмкіндігі бар. Тапсырыс бо­йынша су маржандары Кіші теңізге жіберілгеннен кейін келесі жылы уылдырық алы­натын аталық, аналық балықтар су температурасы  8-9 градуста қыстық тоғанға ауыстырылады. Айта кету керек, күзде тоғанда 2,5 мыңдай балық келесі жылғы өсімді қамтамасыз ету үшін қалдырылады.

Қыстық тоғанның тереңдігі мұз астынан 1,20-1,30 метрдей болуы керек. Себебі, судың төменгі қабаты жоғарыға қарағанда +1-2 градустың шамасында болады. Ал жұ­мысшылар қалың мұз қатқан кезде мұзын ойып отырады. Бұл күн көзі түсіп, оттегінің суға араласып, балықтың тыныс алуы үшін қажет.

Иманғали ағамен әңгімелесу барысында балықтардың біз білмейтін өмір сүру дағды­сымен таныса бастадым. Каран­тиндік жағдай адамдар арасында ғана емес, балықтарда да болады екен. Мамандар ауру белгісін байқаған бойда оларды «карантин тоған» деп аталатын су айдынына ауыстырады. Айтуынша, балық – өте сезімтал жаратылыс. Егер көктемде су температурасы салқындап, қалыпты күйден ауытқыса, уылдырық шашпай қояды. Сондай-ақ, тоғандағылардың дария суымен ағып келетін­дермен араласып кетпеуі қа­дағаланады. Сондықтан құбыр­дың тоғанға су құяр бөлігі балық өткізбейтіндей етіп жасалған әрі бірнеше күнде тазартылып тұрады.

Көпшілік үшін бейтаныс кәсіптің басқалар түсіне қоймайтын шаруасының жайы осындай. Бүгінде, Аралдың бойына қан жүгірткен, брендіне айналған балықты сақтау, санын кемітпеу аса маңызды. Цехты аралау кезінде байқағанымыз, Кіші Аралды балықтандыру сынды ауқымды жұмыс атқарып отырған бөлімше аумағын ұлғайтып, мүмкіндігін молайту әрі пайдаланылғанына 40 жылдан асқан құрылғыларды жаңалау керек сынды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<