Көмектесе біл, кемдік көрмейсің

590

0

Фото: ашық дереккөз

Тақырып айтып тұрғандай, кейіпкеріміз дәл осылай әңгімесін бастаған. Былтыр ғана қала әкімдігінің шешімімен «Жыл меценаты» атанған оның туған ауылға да, кәсібін кеңейткен қалаға да жанашыр ісі көп. Бала күнінен қара жұмысқа жегілген ол мектеп бітірген жылдары қойшыға көмекші болыпты. Әрекеттен берекет болатынын ұққаны да осындай еңбексүйгіштігінің арқасы шығар.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан Талғат Жұматов – Шиелінің тумасы, анығы, Телікөл ауылынан.

– 1979 жылы ауылдағы мектепті бітіріп, бір жыл қойшыға көмекші болдым. Келесі жылы Жамбылдағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына түсіп, бес жылдан соң «құрылысшы» мамандығын аяқтадым. Жастай еңбекке араласқандықтан шығар, қай жұмысымды да өте ыждағаттықпен атқарып келемін. Жоғары білім алған соң «МұнайТехСервис» деп аталатын мекемеде 2 жыл жұмыс істегенім бар. Тәуелсіздіктен кейінгі жағдайды өзіңіз де білесіз, нарыққа бейімделіп, жеке кәсіп бастауды ұйғардым. «Олжас» ЖШС осылай өмірге келді, – дейді белгілі кәсіпкер Талғат Жұматов.

Мұнай өнімдерін сатуды қолға алған Талғат 1998 жылы облыс орталығында алғаш рет жанармай құю бекетін ашыпты. Содан бері кәсібін кеңейткен ол 60-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бүгінде серіктестікке қарасты 5 газ кұю және 5 жанармай бекеті бар. Барлығы қала ішінде орналасқан. Сондай-ақ кәсіпкердің өзі туған ауылының маңайынан асылтұқымды ірі қара мен жылқы басын көбейтіп, атакәсіпті де жаңғыртып жүр.

Жұртқа жақсылық жасаудан қашпайтын кәсіпкер «өз ісімнің алға басуына осындай әрекеттерім көп көмегін тигізді» деп ағынан жарылды.

– Әлеуметтік көмек беру жағын айта бергім келмейді. Сіз мамандығыңызға қарай жауап бергенімді қалап отырсыз, – деп күлген ол бүгінге дейін атқарған жұмыстарын еске алды.

– Екі мыңыншы жылдардың басында мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуді бастадық. Оларға жұмыс көзін ұйымдастырып, шағын пәтерден жиһаз құрастыратын шеберхана, компьютерлік қызмет көрсететін орталық аштық. Туған ауылым – Телікөлдегі мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, орталық көшеге жол төседік. Өзім оқыған мектеп ауласына спорт алаңын,  ауыл ішіне субұрқақ салып, саябақ жасадық.  Мойындау керек, нағыз мұқтаж жандар арамызда жетерлік. Балалары, өздері созылмалы аурудан қиналып жүргендері бар. Олардың барлығына қаржылай жәрдем береміз. Расын айтсам, жоқ жерге барымды апарсам, менің кәсібім де алға басады. Сондықтан ұдайы халық ішінде қолдау көрсетер шара болса, қалыс қалмауға тырысамын. Өзіме де жиі айтатын бір сөзім бар. «Көмектесе біл, кемдік көрмейсің», – дейді ол.

Талғаттың айтуынша, кей-кейде нағыз мұқтаждан бөлек, әр жерден көмек сұрауды кәсіп еткендер де бар. «Қоғам ішіне сіңіп бара жатқан мұндай жаман қылық кейін дертке айналып кетпесе екен» деп қынжылады.

Иә, ол кешегі пандемия кезінде бірнеше оттегі аппаратын алып, қала ішіндегі ауруханаларға сыйға тартыпты. Жедел жәрдем көліктеріне 7 тонна жанармай беріп, олардың қызметінің тоқтамауына да септігін тигізген. Биылғы қуаңшылықта Аралдағы төрт түлікті шөппен қамтуға бір миллион теңге қаржы бөлгені бар.

Ердің жасы елуге келген Талғат Жұматов – төрт баланың әкесі. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне септігін тигізер бір сала – кәсіпкерлік болса, ол осы жолдағы жүкті арқалап, ауыл мен қала жұртына әлі де пайдасын тигізіп келеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<