Елімізде статусы нақтыланбаған адамдардың көпшілігі 5 өңірде тұрады. Олар: Түркістан облысы, Алматы облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары. Үкімет отырысында ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мəдина Əбілқасымова осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, жол картасын іске асыруды үйлестіру мақсатында орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары басқаратын Халықты формализациялау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Жергілікті деңгейде бейресми халықты формализациялау және ел экономикасына тарту жөніндегі өңірлік штабтар белсенді түрде жұмыс істеп, өңірлік жол карталары іске асырылып жатыр.
«Еліміздің барлық өңірлері статусы жоқ адамдардың жалпы санының 37-ден 73 пайызына дейін нақтылап, жоғары жұмыс нәтижелерін көрсетіп келеді. Алдыңғы қатардағы Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында жыл басына статусы болмаған адамдардың 60 пайызынан астамы белгіленді. Ортадан төмен көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (41%), Батыс Қазақстан (41%), Атырау (41%) облыстары және Астана (37%) қаласында байқалады. Елімізде статусы нақтыланбаған адамдардың көпшілігі 5 өңірде тұратынын атап өткім келеді. Олар: Түркістан облысы (15%), Алматы облысы (15%), Алматы қаласы (9%), Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары (8%)», – деді Əбілқасымова.
Министрдің айтуынша, жол картасы шеңберінде жұмыссыз және бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар нәтижелі жұмыспен қамту шараларына белсенді түрде қатысады. Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстарында нысаналы топтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс байқалуда. Ел бойынша ортадан төмен көрсеткіштер Атырау облысында, Шымкент және Алматы қалаларында орын алған.
«Сонымен қатар, халықты есепке қою және формализациялау бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар қабылданып жатыр. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Үкіметке енгізілді. Заң жобасы мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен келісіліп, қоғамдық талқылаудан өтті. Бүгін Үкімет отырысында аталған заң жобасын қараймыз. Заң жобасы шеңберінде бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз», – деді Мəдина Əбілқасымова.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<