Молшылық негізі қалануда

595

0

Егін алқаптарындағы қарбалас қимыл сәт санап қыза түсуде. Күн қабағының ашық-жарқын сәтін ұтымды пайдалануды көздеген диқан қауым уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр.

Биыл Қазалы ауданында 17090 жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқанын, соның ішінде негізгі дақыл – күріш 6587 гектарға егілгенін бұған дейін де жазғанбыз. Қуаңшылық пен Сырдария өзеніндегі су тапшылығы салдарынан межеленген егіс көлемінің 595 гектары кем егілгені белгілі.

Дән себу науқаны қарсаңында өзге тұқымдармен қоса жоғары репродукциялы күріш тұқымы сатып алынып, қажет тұқымның 52,2%-ы жаңартылды. Сатып алынған тыңайтқыш, гербицидпен күріштегі арамшөп өңделіп, 4800 гектары үстеп қоректендірілген. Сонымен қатар, сүрлемдік жүгеріге 2 мәрте культивация жасалды.

Егін орағына  284 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысып жатыр. Қажетті қосалқы бөлшектер,  қою май мен жағар май қоры жеткілікті. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан кепілді бағамен 1070 тонна дизель отыны бөлінген. «НефтьТрансКызылорда» ЖШС оператор болып анықталып, дизель отынының әр литрі 177 теңге болып белгіленген. Күріш орағындағы жатка мен комбайнның 22 данасы – шетелдік жоғары  өнімді, сапалы, заманауи техникалар.

Аудан бойынша күріштің суын байлау, ору және бастыру кестелері бекітіліп, күріш алқаптарының суы тамыз айының басында байланды.  Нақты кезеңде 2558 гектар күріш (38,8 пайызы) ораққа түсіп, 1912 гектары бастырылып,  орта өнім гектарына 40,7 центнерден айналуда. Науқан 10 қазанда толық аяқталады деп күтілуде.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<