Нацистер құрбандарын еске алатын күн

1007

0

27 қаңтар – Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні. Оны 2005 жылы 1 қарашада өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бекіткен болатын.

         1945 жылы қаңтардың 27-сінде Освенцим концлагері тұтқындары азат етілген бұл күнді бірқатар елдер атап өтеді. Освенцим концлагері саяси тұтқындар үшін 1940 жылы салынды. Темір жол торабына жақын орналасқан лагерьде 40-қа жуық түрлі нысан – барактар, газ камералары, крематорийлар мен адамдарға тәжірибе жүргізілетін зертханалар болды. Күн сайын мұнда мыңдаған адам тиелген бірнеше эшалон келетін. Оларды жою үшін нацистер Циклон-Б улы газын ойлап тапты. Бұл газ алғаш рет бірнеше жүз кеңестік әскери тұтқындарға сыналды.

         Освенцим «ажал фабрикасы» деген атқа кездейсоқ ие болған жоқ. Лагерь жұмыс істеген 5 жылдың ішінде  мұнда 28 ұлттың 1,5 миллион адамы қаза болды. Кейбір деректерде бұл көрсеткіш 4 миллионға жуық екені айтылады. 1979 жылы ЮНЕСКО концлагерьді халықаралық маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізді.

         Бүгінде көптеген елдерде геноцид құрбандарына арналған мемориалдар мен музейлер жұмыс істейді. Осы күні құрбандарды еске алу шаралары өткізіледі. Бұл күні Освенцимде де осындай шара өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<