Өнер адамдарын неге өгейсітеміз?!

78

0

Мыңнан бірдің арасынан шыға­тын өнер,
шығармашылық адамдары қашанда ел арасында үлкен беделге, абы­ройға ие. Олар
әрдайым өз өнерле­рімен елдің ынтымағын, ауызбірлігін ұйыстырушы шоғыр болып
саналады. Бұл өз кезегінде мемлекетте қабыл­данған шешімдердің уақытылы орын­да­лып,
ел дәулетінің ар­туына, әлеу­меттің әлеуетінің қызмет жасайды. Об­лыс әкімі Қы­рымбек
Көшербаев өзінің биылғы есеп­ті баяндамасында: «Біз қоғамды жо­ғары
мәдениеттілікке, татулық пен то­леранттылыққа, өзге адамдардың көз­қа­расын
құрметтеуге және төзімділік танытуға үгіттеп ке­ле­міз. Бұл ретте шы­ғармашылық
жә­не үкіметтік емес ұй­ымдардың, интел­лигенцияның атқарып отырған жұмысы зор
екенін атап өту қажет», деп орынды айтты.

Иә, керек десеңіз, өзгелер елді мекен­дегі,
өңірдегі белгілі өнер адамдары ар­қылы сол жерді, елді танып жатады. Мәселен,
«Шаһнаманы» аударған Тұр­ма­ғанбетті айтқанда жұрт Сыр өңірін еске алады,
Нартай есімі аталса, оның «игигайына» бойы балқыған жұрт Шие­ліні біле түскісі
келеді. Ал Манап ақын Сыр жұртшылығының атын алысқа танытты. Бұл айтып
отырғандарымыз білетініміздің жүзден бірі ғана, әңгімені алысқа ұзатпайық деп
келте қайырып отырмыз, расында өмір дегеніңіз көшелі керуен емес пе,
ардақтыларымыздың жо­лын қуған, өнерлерін одан әрі да­мы­та түскен ізбасарлары
жер-жер­лер­де жеткілікті. Алайда,
оларға де­ген халықтың ықыласы жоғары бол­ға­ны­мен, жергілікті атқарушы би­лік­тің
салғырттығы салдарынан талант­ты­лардың талабына су сепкендей, маз­датып емес,
бықсытып қойған се­­кілді. Өйткені, өнер, шығармашыл адам­дары қашанда қолдау
мен қошемет арқылы биіктей түседі. Әсіресе, мына нарық заманы бұрын
ескерілмеген өз жаңалықтарын алып келіп жатқандығы да рас.

Өнер адамдарын қолдау, олардың талантын,
қабілетін ортақ мүддеге ти­імді пайдалану – абыройлы парыз. Ал Жаңақорған
ауданының басшылығы бұл тапсырмаға кереғар істерге бой ұрып, елден шыққан
талантты өнер­паз­дарға самарқау қарайтын се­кіл­ді, «сендерсіз де таңымыз атып,
тауы­ғымыз шақырады» деген пейіл сезіліп қалатындай. Осындай керенаулықтың,
ешкімге керек болмай қалғандығынан, еленбегендігінен ерек­ше дарын иесі,
әнші-сазгер, «ҚР еңбегі сіңген қыз­меткері»
Әбдірейім Өміров елден кетіп тынды. Дәл сондай талантты өнерпазды
тәрбилеп шығару үшін ( егер олай етуге мүмкіншілік болатын болса) қанша уақыт
қажет?! Әбдірейімнің мі­не­зіндегі, атқарған ісінде кей кемшілігін жіпке тізе бергеннен гөрі өнерін пай­да­ланған
жөн емес пе еді?! Атақты әнші жаңақорғандықтардың облыс ор­та­лы­ғында қойған
концертіне елге та­нылған өзін кіргізбегендігіне қатты налыса керек.

Айтыс ақыны, сазгер-әнші, атақты Манап,
Есіркеп ақындармен үзеңгілес жүрген Аманбай Өтебаев та өзін ешкім керек
қылмаған соң, зейнетке шықты да Астана ауып кетті. Онымен бірге талантты
музыкант баласы Са­ғыныш та елден жыраққа аттанды. Ал белгілі айтыс ақыны,
бірнеше рес­публикалық бәсекеде топ жарған Әбілқайыр Сыздықов та Жаңақорғанға
керексіздердің қатарына ілігіпті. Қа­зір мәдениет саласындағы басшы қыз­метінен
босатылып, бір мекеменің барып кел, шауып кел қызметінде күн өткізіп жүр. Тума
таланттың ең­бегін еш, тұзын сор ету деген осы шығар. Бұлардан өзге де елден
жырақ­тағандарды сөз етіп отырған жоқпыз, кейінгілерін ғана қаперге
алғандағымыз бұл. Атқарушы билік, идеология сала­сының басшылары бұл жайттарға
сел­­қос қарап, өнер адамдарын өгей­сіткеніне аса бір қынжыла қоймай­тын секілді. Өткен жылы
республикалық басылымдардың бірінде Жаңақорған ауданының үгіт-насихат саласына
бұл шаруаға етене емес, инженер мен агро­номның келгендігін сынға алған еді.
Осы күндері оныкі де жөн екен-ау, дейсіз амалсыз. Өйткені, өнер адам­­дарына
деген көзқарас әлігіндей болса, мемлекет басшысының жә­не облыс әкімінің
іс-қимылын ақпарат­тандыратын басылымдарға жазылу ойдағыдай ұйым­дас­тырылмады.
Меже орындалмады.

Президентіміздің: «Менің халыққа Жолдауым
біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді түсіндіретін бас­ты құ­жат болып
табылады. Әрбір министр, әкім, кәсіпорын басшысы осы Жолдауды түсіндіру
жұмысына жә­не оған баршаны қатыстыру ісіне жетекшілік етуге тиіс. Жолдаудың
мақ­саттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралар­дан әрбір қа­зақстандық
хабардар бо­луы қажет», деген тапсырмасы жоға­рыдағыдай ен­жарлықпен қалай
толық жүзеге асы­рылуы мүмкін?

Өнер, шығармашылық адамдарына деген
Жаңақорғандағы кері көзқарасқа қайта келетін болсақ, өткен аптада Жа­ңақорған
аудандық мәдениет бөлі­мінің қызметкері, бүкілодақтық, халық­аралық
байқаулардың жүлдегері, сахна шебері Қазбек Башаров кенеттен жол-көлік апатынан
қаза тапты. Тума талант, елінің ерке ұлын ақырғы сапарына шығарып салуға жұрт
көп жиналды, қайғы жеген кісіден жер қайысты. Өкінішке қарай, актердің
әріптестері ұйымдастырған қа­ра­лы жиында аудан әкімшілігінен бірде-бір шенді
қара көрсетпеді. Өнер адамдарының туғанын ескермесе, өлге­нінде бір ауыз жұбату
сөз айта алмаса, онда қалай болғаны?!

Осы өңірден шыққан белгілі аза­маттар да
елге келіп есеп беруге он­шалықты құлықты емес, өйткені мұнда оларды құшақ
жайып қарсы алар ешкім көрінбейді, өздерінше топ құрып, күнделікті
әуре-сарсаңмен жүргендер кімге пана болсын?

«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл
қайдан шықсын” деген сөз осындайда өзекті тырнайды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз