Өңдеу өнеркәсібі: Өсім қалай қалыптасты?

1977

0

Ел экономикасын ілгерілетудің негізгі жолы – өнеркәсіптік өндірістің көлемін арттыру. Экономиканы әртараптандыруды және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайтуды негізгі мақсат еткелі аймақта өндірістің дамуына барынша басымдық берілді. Нәтижесінде нақты стратегиялық жоспарлар бекітіліп, межелі міндеттер белгіленді. Бастысы, қабылданған нақты шаралар өңдеу секторының дамуына оң әсерін тигізді.

Бұлай деуімізге нақты дәлел де бар. Мәселен, облыстың өнеркәсіптік өңдеу саласында 54,1 пайыздық өсім қалыптасып, Қызылорда өңірлер арасында өсiм қарқыны бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында айтылып, Сыр өңірінің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы жоғары көрсеткішке қол жеткізгені ерекше аталып өтілген болатын.

2022 жылдың қорытындысы бойынша қаңтарда өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отырғанын мәлімдеді. Өндіріс көлемі 3,4%-ға өсіп, көрсеткіш өсуі 18 өңірде тіркелді. Елімізде өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4, оның ішінде автомобиль жасаудың 19,1, электр жабдықтарын жасаудың 22,2%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ел бойынша өсу азық-түлік өндірісі, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі салаларында байқалып отыр.

Елімізде индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үшінші бесжылдық кезеңінде шамамен 4,3 трлн теңге сомасына 505 жоба іске қосылып, 45,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Индустрия және инфрақұрылымдылық даму министрлігі мәліметінше, биыл елімізде 16,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы шамамен 1,1 трлн теңгеге 149 жобаны енгізу жоспарлануда. Жобалар барлық өңірлерде іске қосылатын болады.

Бұл ретте Сыр өңірінде былтыр құны 4,8 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шыққанда 175 жұмыс орны ашылатын 7 жоба іске қосылды. Жалпы алғанда, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд теңгені құрайтын 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда. Ал 2010-2021 жылдар аралығында іске қосылған индустриялық жобалар арқылы есепті кезеңде 49 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25 пайызды құрады.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 241,7 млрд теңге болған. Көрсеткіштің өсіміне тамақ өнеркәсібінде «Аралтұз», «РЗА», «Мағжан и К», «Углесбыт», «Қызылдихан», «Ақжарма», жеңіл өнеркәсіпте «Өркен әлем», «Далатекс» серіктестіктерінің, құрылыс индустриясындағы цемент зауыты, «МИР-2001», «LCI-MK» және «Кемикал» құбыр зауытында өнім көлемінің артуы және шыны зауытының өнім шығаруы әсер еткен.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылып, былтырғы қазан айынан бастап өнім өндіруі. Былтыр зауыт барлығы 32 мың тоннаға жуық шыны өндіріп, Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта өнімді Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға экспортқа шығару жоспарлануда.

Зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетудің белдеуін дамытып, 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргізіледі. Шыны зауытының тағы бір артықшылығы – индустриялық аймақты дамытуға да серпін береді. Бұған қоса, индустрияландыру бағдарламасы аясында биылғы жылы құны 1 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды.

Жалпы, өнеркәсіп саласындағы өсім ірі кәсіпорындардың өнім өндірісін ұлғайту және жаңа жобаларды іске қосу есебінен мүмкін болып отыр. Бұл ретте шыны зауытының іске қосылуы – облыста ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс индустриясының дамуына серпін беретін жоба.

Сондай-ақ, өңірде басқа да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Мысалы, агроөнеркәсіп саласында – Жаңақорған ауданындағы «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы қолға алынған. Жоба құны – 28,1 млрд теңге. Қазіргі уақытта жобаның инвесторы әлемнің 13 елінде қызанақ өндірумен айналысатын түрік холдинг компаниясы – «Коч Холдинг». Оның еншілес кәсіпорны «Tat» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ тұқымы егілді.

Былтыр тамызда тараптар жобаның жол картасын әзірлеп, атқарылатын шаралар мен мерзімдері көрсетіліп, бекітілді. Зауыт құрылысын бастау үшін жобалау жұмыстары әзірленуде.

Тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылуда. «Шалқия» – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жоба бойынша жаңа стратегиясы әзірленіп, тау-кен бөлігі мен жерүсті кешендері бойынша түзетулер енгізілген. Бүгінде жерасты кенішінің құрылысы жүргізілуде.

Шетелдік инвестордың қатысуымен тау-кен металлургия саласындағы екінші жоба – «Баласауысқандық» кен орнын игеру басталды. 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. Былтыр «Баласауысқандық» ванадий кенішінен Ұлыбританияға аммоний метаванадаты, Ресейге ферромолибден экспортталды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»