Кредит кешіріле ме?

2412

0

Өмір қызық. Кейде ол өзіңнің қалаған ырқыңа бағына бермейді. Мысал үшін айталық, қалың бұқараның мүддесін қорғайтын заңды қажеттігі қаншама пісіп-жетіліп жатса да, оны кешігіп жүзеге асырамыз. Орынсыз кейінге қалдырамыз. Шамамен бір жылдай уақыт бұрын бізде Президент айтқаннан кейін «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды қабылдау қажеттігі тұрғысында әңгіме болды. Бұл бәзбіреулерге ұнамады. Дұрысы, банкирлердің мүддесіне қайшы келді. Әйтеуір кейінге қалдыруға күш салып барын салды. Армандары орындалды.

Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Әрдайым әрекет үстінде болуды қалайды. Қазақстанның бірқатар қалаларында елдің әлеуметтік мәселелерді қозғап көп нәрсені талап етуі ақыр соңында Президенттің сол кездегі шешімінің дұрыс екенін дәлелдеп берді.

Мәселенің мәнісіне зер салайық. Президент «жеке тұлғалардың  банкроттығы туралы» Заңын күн тәртібіне тезірек енгізіп, оны тез уақытта қабылдау керектігін айтып тиісті тапсыр­ма берді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң нені көздейді? Соңғы деректер бо­йынша Қазақстанда банктен несие алған халықтың 1,7 миллионының 90 күннен асқан қарызы бар. Талғау, талғам жоқ. Несие үлестіріліп жатыр. Президент бұл туралы осыдан екі ай бұрын алаңдаушылық білдірген болатын. Әзірге, нәтиже көрінбейді, халық қарызға батып жатыр.

Егер жаңа заң қабылданса елдің біршама бөлігі жеңілдеп қалар еді деп ойлаймыз. Өйт­кені кәдімгі заңды тұлғалар секілді жеке адамдар да банк­роттыққа ұшырайды. Айталық кездейсоқ жағдайға тап болады, ауырады немесе қайтыс болады дегендей. Бірақ банк бұрын оның қарызын кешірмейтін. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете береді. Бұл не деген берекесіздік? Міне, Президент осындай жағдайдың алдын алу мүмкіндігін заң арқылы реттемекші. Заң қабылданған жағдайда банктер несиені жаппай үлестіре бермейді. Олар енді клиенттің қайтару мүмкіндігін ескереді. Егер қазіргідей әрбір адамның басында 3-4 несие болса, оған жол бермейді. Қысқасы, банкрот туралы заң барлығын реттеп нарықты жөнге салатын сыңайлы.

Қазақстанда кез келген толқу несиені кешіру туралы талаптан басталады. Бұл заңды құбылысқа айналды. Бірақ заң іс жүзінде барлығын елеп ескеретін болса – халық өз басында болуы мүмкін төтенше жағдайлардан өзін сақтандырады. Аталған заң әлемнің көптеген елдерінде бар. Біз өркениетті жолды таңдаймыз десек әлбетте дәл осылай болуға тиіс.

Бүгінгі айтпағымыз жалпы банк саласындағы болатын қадау-қадау реформаларға байланысты. Осы орайда халықтың өз мүмкіндігіне барынша зер салып ойланғаны дұрыс дегіміз келеді. Банкирлер өз мүддесін ойлап бірнеше банкте несие­сі болса да қарыз бере береді. Оның мысалдары толып жатыр. Жұмыс істеп зейнетақы қорына ақша жинасаңыз алты айдан кейін сізге миллиондаған теңге несие бере салады. Тәуекелі аз, оның қайтару проценті кейбір банктерде 25-30 процентке дейін шарықтайды. Егер әрбір үшінші адам қарызға батып жатса қалғандарының есебінен банктің ұпайы түгелдене береді. Бұл енді қарама-қайшы парадокс. Ел қарыздың жылап қайтатынын қанша басынан өткізсе де, ұға бермейді. Мұны банкирлер де жақсы түсінеді.

Сонымен Президент кешегі дүмпуден кейін халық алдына осындай заң қабылдау керектігін баса айтты. Біздің шамалауымызша, заң ұзаққа бармай қабылданады. Оның қалың көпшілікке қаншалықты «ұнайтын» баптары бар. Ол енді біздің халық қалаулыларының кәсібилігіне байланысты.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<