Қазақстан Парижде өтетін Junior Eurovision байқауына қатысады

438

0

Қазақстан 19 желтоқсан күні Франция астанасында өтетін Junior Eurovision 2021 конкурсына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Бұл туралы «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. «Қазақстан Junior Eurovision-ға қатысуға тағы да мүмкіндік алды. Биыл байқаудың финалы 19 желтоқсанда Париж қаласында өтеді және «Хабар» арнасының эфирінде трансляцияланады.

«Хабар» агенттігі өз тарапынан 2016 жылы Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атанды және осының арқасында еліміз төртінші рет халықаралық танымал байқауға қатысу мүмкіндігін алды», – дейді телеарна басшысы.

Оның айтуынша, бүгін Балалар Евровидениесінің Қазақстандағы ұлттық іріктеуіне қатысу үшін өтінім қабылдау басталды. Іріктеуге қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірінен 9-14 жас аралығындағы балалар бақ сынай алады. Айта кетейік, биылғы 19-шы Junior Eurovision Song Contest балалар ән байқауына 19 ел қатысады.

Олар: Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина. Қазақстан сайысқа алғаш рет 2018 жылы қатысты. Ол кезде байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болған еді.

2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды. 2020 жылы пандемия салдарынан байқаут онлайн форматта өтті. Өткен жылдың гранд финалында «Forever» әнін орындаған Қарақат Башанова он үш қатысушының ішінде екінші орынға ие болды.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<