Қызылжарда өсіп, Қызылордада өркен жайған

1699

2

Кеңес Одағының батыры, белгілі қоғам қайраткері Жәлел Қизатовқа мәңгілік мекені Қызылордадан бұйырғанымен, туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Қарағай ауылы еді.

Батырдың өмір жолына шолу жасасақ, 1940 жылы Покровкадағы ауыл шар­уашылығы техникумын бітірген соң, Қызыл Армия қатарына шақырылып, 2-дүниежүзілік соғысына ­бастан-аяқ қатысады. Соғысты майор дәрежесінде аяқтады. Соғыс­тан соң туған жерінде аудан бас­шылығы және  кеңшар директоры қызмет­терін атқарған екен. Мінезі тік, турашыл, ешкімнен тайсалмайтын азаматтың басшыларға ұнамайтыны белгілі ғой, Жәлел батыр да әділетсіздіктің біраз тауқыметін көрді. Ол туралы Айдос Әбутәліпұлы ағамыз «Солтүстік Қазақстан» газетінде осы жылдың 25 маусым күні жария­ланған  «Қызылжардың батыр ұлы» деген мақаласында толық жазған екен. Сөйтіп бірқатар азаматтардың қолдауымен Жәлел Қизатұлы 1968 жылы Қызылорда облысына ауысады. Облыстық деңгейде бірқатар абыройлы қызметтер атқарып, өзінің парасаттылығы арқасында Сыр халқының қошемет-құрметіне ие болады.

Иә, солай Сарыарқаның түлегі,

Сыр бойында қанат жайды, түлейді.

Қайда туды

Қайда тұрды, сөз емес,

Бар қазаққа ортақ оның жүрегі, – деп Кәкімбек Салықов ағамыз айтқандай, Жәлел Кизатов бүкіл қазаққа ортақ тұлға еді. Өмірінің ең бір белсенді кезеңін Қызыл­орда облысында өткізгендіктен, көпшілік оны осы жердің тумасы деп ойлайды екен. Орысы көп солтүстіктей емес, қазағы басым қызылордалықтар батырды ерекше құрметтеді. Оған 2001 жылы Қызылорда қаласында Жәлел Қизатұлының 80 жылдығын атап өткен салтанатқа қатысқан күндері куә болдым. Кәкімбек ағамызбен бірге өткізген сол бір қимас күндерді еске алып, 2003 жылы мамыр айында «Солтүстік Қазақстан» газетіне «Аспанда туған ән» деп мақала жазған едім. Сол мақаламда әуежайда отырып, әкем Рашит пен Жәлел Қизатов жақсы жолдас болғанын, ағам Тасқынның атын Жәлел ағаның қалай қойғанын ақын ағамызға айтып бергенімді еске алған болатынмын. Анамнан естіген әңгімемді лезде өлеңге айналдырған ақын ұшақ ішінде шабыттана отырып:

Жалғызтауда ауыл бар Бұлақ деген,

Талай сырды талғай бер сұрап менен.

Тап қасында

«Қарағай» – Жәлел елі,

Еске түсіп хикая құратты өлең…

Естеліктер азаймас асыл қоймам,

Қай заманда ондайға ақын тойған?

Тасқын деген інім бар Қызылжарда,

Батыр аға Қизатов атын қойған, – деп екпіндете оқып берген-ді. Иә, өмірімде осындай бір бақытты сәттер болып еді.

Жәлел әкеміздің құрметіне арналған сол салтанат Қызылорданың Қорқыт ата атындағы университетінің акт залында өтті. Оған облыс басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері  қатысып, батыр туралы небір тамаша естеліктер айтылды. Сол жерде «XXI ғасыр қоры» баспасы шығарған «Шарболат» атты батырға арналған кітаптың тұсаукесері болды. Ол кітаптың кіріспесінде «Совет Одағының Батыры Жәлел Қизатов – мына өмірде шынайы батыр болып өткен және бүкіл қазақ халқы үшін аңызға айналған адам. Дүниеде қазақ дейтін халық бар екенін осы Жәлел Қизатов сияқты азаматтар дәлелдеп шықты» деп жазылыпты. Алғашқы бөлімі «Батырға арнаулар», екіншісі «Батыр­дың өз өлеңдері» деп аталады екен.

Кітапты ақтарып отырып, әдемі тізілген сөз кестесін, әсем ұйқастарды, маржан сөздерді көріп ерекше риза болдым.

Қымбатым жоқ қазақтың өлеңінен,

Өлеңмен ана тілін үйренгенмін, – деп батыр әкеміз өзінің өлеңге деген құрметін көрсетеді.

Арыстандай батырдың жүрегі үнемі туған жерін аңсап өткенін мына өлеңдерінен көруге болады. Сонау 1943 жылы жазылған «Ауылым» деген өлеңінде майдандағы жауынгер:

Туған жерді еске алып таңданамын,

Ағайынға хат жазып толғанамын.

Бақ берген, өмір берген анамызсың,

Қайда жүрсем өзіңе бел баламын! – деп жырлапты. Бейбіт күндегі «Еліме» деген өлеңі Сыр өңірінде жүргенде жазылыпты.

Сағындым Сарыарқаның сары белін,

Шоқан, Ақан, Ыбырайдың туған елін.

Жан анам дүниеге мені әкеліп,

Ұлының кіндік қанын жуған жерін… – дегенінен туған жерін сағынғанын көреміз. Солтүстік Қазақстан облысы Тіл басқармасының басшысы Оспанов Кемел  батырдың Қарапа деген қарындасынан туған жиені, ол нағашысының бауырында өскен екен. Өмірінің соңғы айларында қатты ауырып ауруханада жатқанында Жалел аға елден сол баласын шақыртыпты. Келе жатқан хабарды естіген батыр Кемелді қарсы алу үшін әуежайға барғанына қасында жүрген екі дәрігер таңғалып «Кемел деген кім еді, неге сонша әбігер болдыңыз?» деп сұрағанда, «Баламмен бірге туған жерімнің иісі келе жатыр» деген екен асыл азамат.

Қорқыт ата университетіндегі салтанаттың арты концертке ұласқан еді. Түс кезінде шақырылған құрметті қонақтарға ас беріліп, батырға арналған той одан әрі жалғасып жатты. Осы салтанаттың қақ ортасында батырдың ақын інісі Кәкімбек ағамыз жүрді. Мені де шет қалдырған жоқ, батырдың жерлесі деп төрден орын да, сөз де беріп жатты.

Кешке бәріміз батырдың үйінде болдық. Кәкең сол жерде тұңғыш рет кеше ғана заңғар биікте дүниеге келген

Соңғы жылдар…

Өзгерсе өмір өңі,

Жалғыз ғана бар жақсы көңіл емі

Тасқын інім Жәлелдей нар тұлғаға,

Тірі жүрген ескерткіш көрінеді, – деген өлең жолдарын оқыды, оның шығу себебін де айтып өтті.

Ертеңіне университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов батырдың мәңгілік мекеніне барып құран оқиық деген ниетімді біліп, облыс имамымен орталық зиратқа алып барған еді. Өмірде небір қызықтар бола береді-ау. Қылышбай Алдабергенұлымен тура жиырма жыл бұрын Канадаға барған сапарымызда танысып, табысып қайтқан едік. Табысып дейтінім, ол өзімнің ұстазым Әбжан Қожабекұлының құдасы болып шықты. Оның Қынабай деген інісі Әбекеңнің Гүлсара деген қызына үйленген екен. Соны білгенде екеуіміз мұхиттың арғы жағындағы Олдс қалашығының көшесінде бір-бірімізді құда деп бас салып құшақтаған едік. Міне, содан бері сыйлас­тығымыз жарасып келеді, сол жолы құдам келді деп сыйлап, ағамыз жатқан зиратқа алып барды.   

Жәлел Қизатов қабірінің басына батыр­дың ескерткіші тұрғызылған екен. Үлкен зират ішіндегі ескерткіштердің еңселісі де, айшықтысы да – сол. Қызылордалықтарға тағы бір риза болдым. Елге, жерге бөлмей бәрін өз бауырына тартқан Сыр еліне қалайша риза болмайсың?! Зират басында құран оқытып, батырдың рухымен іштей тілдесіп жаттым. Туған жерге даңқты жерлесімізге сонау Қорқыт ата елінде көрсетілген құрметті  айтып жеткізсем деп тіледім.

Жалғызтау, мұнара едің жеке біткен,

Күлімдеп күн қарайды шекеліктен,

Мекені Ақан сері, Ыбырайдың,

Сен сұлу кең далада бойын күткен, – деп батыр ақын жырлаған туған жеріме келген сайын Жалғызтауға көз тігем. Осы жерден тағы бір ақын шығып, енді Қизатовтың өзін жырға қосса деп аңсаймын.

Құдайға шүкір, қызылордалықтар секілді туған жері де батыр ұлын құрметтеп жатыр. Өзі оқыған Есіл ауылшаруашылық колледжіне аты берілді, жыл сайын Жәлел Қизатовтың құрметіне спорт жарысы болып тұрады.

Қызылордаға сол сапарымның тағы бір ерекшелігі, Кәкімбек ағамызбен бірге болуым еді.  Бірге жүрген екі-үш күн ішінде әлденеше рет Кәкімбек  ағамыздың ақын жүрегі тулап, көпшілігіміз елемейтін нәрседен өлең тудырып жатқанының куәсі болдым.

Асылдарды байқа достым, іргеңде,

Адам шіркін, барын сыйлай білген бе?

Қызылжардың қыран ұлы Жәлелді,

Кездестірдім Қызылордада жүргенде.

Кең айқарып әлем сыйған жүрегін,

Сөйлеуші еді түріп батыр білегін.

Алатауды ардақтаған Жамбылдай,

Мақтаушы еді

Теңеу жетпес Сыр елін, – деп жазыпты Кәкімбек аға бір өлеңінде. Иә, ақын мен батырды жақындастырып, аға-іні қылып табыстырған ақын жүрегінің тынымсыз тулайтындығы екені анық.

Жәлел, Мәлік, Бауыржан мен Рахымжан,

Үлгі едіңдер шырғалаңға шақырған.

Есімдерің бұл ғаламда сақталар,

Тұғыр алған жиырмасыншы ғасырдан, – деген екен Кәкімбек ағамыз. Сол батыр ағаларының артынан ақын ағамыз да мәңгілік мекеніне  кете барды. Халқымыздың осындай асыл ұлдарының ізінде баянды да ұмытылмас істері қалды, айшықты жырлары қалды, тұлғалары кейінгі ұрпаққа үлгі болып, жарқын болашаққа бастайды.

Әйіп РӘШИТҰЛЫ,

биология ғылымдарының

докторы

Пікірлер:
  • Әйіп Рашитұлы туған ауылынан бастап Қазақстан елі бойынша тарихын,дамуын, еліміз тек қана алға басса екен деп жүрген азамат. Ауылға барса ауылдың әрбір үйінің түтін түзу ұшса деп, ойланып-толғанып жүреді. Осындай едім деп жүрген азаматтардың

  • Осындай елім деп жүрген өміршең патриот азаматтар еліміздің жақсы тарихының қорын құнды материалдармен толтыра беруіне тілектеспіз.

Пікір жазыңыз