Рухани өмір мәйегі

1106

0

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мәдениет мамандарының жағдайын жақсартуға, еңбекақыларының ұлғаюына үлкен мән берілді. Президент: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын-үй бағдарламаларына қатыса алмайды» деп мәдениет саласындағы бірқатар маңызды мәселелерге айрықша тоқталды.

Бүгінде мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Кейінгі кезеңде ұлт мәдениетінің, азаматтарымыздың зияткерлік дамуының өзегі болып саналатын кітапхана ісін өркендетуге мемлекеттік деңгейде жіті көңіл бөлініп отыр.

Бұл сала қызметкерлеріне  мемлекеттік деңгейде қолға алынған үлкен қамқорлықты білдіреді десек артық болмас. Осы ретте облыс басшысы Н.Нәлібаевтың да азаматтарымыздың кітап оқу мәдениетін арттыруға баса мән беріп отырғанын айта кету қажет. Мысалы, алдағы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай Шиелі кентіндегі жаңадан бой көтерген әсем ғимарат аудандық балалар және ересектер кітапханасына берілетін болды. Бұл облыстан сайланған сенатор Н.Жүсіптің Үкімет алдында маңызды мәселе ретінде көтеріп жүргеніндей «кітап культін» қалыптастыруға бағытталған аймақ басшысының құтты қадамының бастамасы деп ризашылықпен айта аламыз.

Қазір облыста 209 кітапхана жұмыс жасайды. Олардағы жалпы оқырман саны 99442 адам. Кітап оқу мәдениетін арттыру ісіне облысымыздағы кітапханалардың ғылыми-әдістемелік орталығы саналатын Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйытқы болып отыр. Мақсат – қызылордалықтардың мәдени-интеллектуалдық таным көкжиегін кеңейту, әдеби мұраларға қызығушылықты күшейту. Орталық кітапхана қорында бүгінгі күні 418586 дана кітап бар. Ұжым өткен жылы 31998 оқырманға қызмет көрсетті, жалпы  келушілер саны 180368-ге жетті. Бұған қоса, өткен жылы әдебиеттер сатып алуға облыстық бюджеттен 6,5 млн теңгеден  астам қаржы бөлініп, оған 2402 дана әдебиет алынса, мемлекеттік тапсырыс негізінде қосымша 1422 кітап, жекелеген тұлғалар мен ұйымдардан сый ретінде 948 дана кітап алынды. Биыл бұл бағытқа облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы 6,8 млн теңгеге  ұлғайып отыр.

Ұжымда тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін ұлықтау, шетелдік, әсіресе, отандық авторлардың шығармашылығын насихаттау мен оқырмандарды кітап оқуға көбірек қызықтыру бағытында жоспарлы түрде бірнеше қызғылықты жобалар іске асырып келеді. Сөзімізге дәлел ретінде атқарылған ауқымды жұмыстардың бірқатарын қысқаша атап өтуге болады. Мәселен, жыл басынан бері кітап оқуды насихаттау мақсатында 247мәдени іс-шара өткізілді: әдеби  кештер,  дөңгелек үстелдер, кітап фестивалі, кітап тұсаукесерлері, кездесулер, көрмелер, шолулар, акциялар т.б. с.с. Солардың қатарында Д.Қонаевтың, Р.Бағланованың, К.Байсейітованың, А.Байтұрсынұлының, М.Әуезовтің, Ә.Нұршайықовтың, С.Мәуленовтің мерейтойларына арналған еске  алу  іс-шараларын,  дәстүрлі «Тәжібаев оқуларын» атауға болады.

Республикалық және облыстық кітапханалармен әріптестік байланыс орнатып, онлайн режимде Zoom платформасы арқылы вебинарлар, конференциялар және онлайн кездесулер өткізілді. Кітапхана жұмысының өзекті сұрақтары бойынша аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету мақсатында іссапарлар ұйымдастырылды.

Облыста балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту, кітап оқуды насихаттау және «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бағытындағы 2021-2025 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес іс-шаралар толық атқарылды. «Отбасымен бірге оқимыз», «Балалыққа кітаппен барар жол», «Әжем айтқан ертегі», «Дәстүрлі отбасылық оқу», «Библиокеруен», «Жазғы кітапхана», «Ертегімен есейемін», «Сыр сандық»  атты жобалар жүзеге асырылды.

Сыр өңірі ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау,  оларды туған топыраққа табан тіретіп, қаламгерлер мен оқырмандарды байланыстыратын жырсүйер әдеби ортаны қалыптастыру мақсатында «Елге сәлем» атты жоба іске асып келеді. Сонымен бірге жастарымызды ұмыт бола бастаған батырлар жырын жаттауға машықтандыру мақсатында «Батырды ұлықтау – тарихымызды ұмытпау» атты облыстық байқау өтуде.

Бүгінгі күні «2022 жыл – Балалар жылына» орай балаларды кітап оқуға қызықтыру бағытында «Кітаппен бірге өсеміз», «Әжемнің ертегілері», «Ертегілер елінде» атты жобалар бойынша көлемді жұмыстар атқарылуда. Бүлдіршіндер үшін «Алақай» қуыршақ театры мен «Ісмер» қолөнер үйірмесі, оқыған шығармаларын өзектендіру арқылы жасөспірімдердің есінде ұзақ сақтауға қызмет ететін «Еркетай» балалар алаңы ашылды. Біз үшін өрендеріміздің шығармашылықпен жұмыс жасауға ерте бейімделгені өте маңызды. Осы бағытта кітапханада «Рауан» балалар шығармашылық клубы және «Кездесу», «Жауқазын-ғұмыр» жас ақындар клубы, Қызығушылық клубы және сурет салу, домбыра үйірмелері жұмыс жасайды. «Шаңырақ» интеллект орталығында жұмыссыз жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар компьютерлік сауаттылыққа тегін үйретіледі. Сонымен қатар, жаңа бастамалардың бірі ретінде мемлекеттік қызметкерлерді кітап оқуға тарту мақсатында қолға алынған жұмысты атап айтуға болады. Облыстағы 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер арасында кітап оқу байқауын  жүйелі жүргізу мақсатында «Меморандум – мәдениет қызметін маздатудың мүмкіндігі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев пен облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемов өзара әріптестік меморандумына қол қойды. Мұндай тәжірибе алдағы уақытта кеңірек жалғасатын болады. Жыл соңына дейін   «Дарынды ұрпақ – кемел келешек кепілі» атты аймақтық-тәжірибелік конференция, «Елге сәлем», «Әдеби өлкетану», «Жазғы кітапхана», «Арулар әлемі», «Музыкалық қонақжай» жобалары және «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, Қазалы ауданында «Оқырман ұрпақ – ұлт болашағы» атты облыстық семинар, облыс кітапханашылары арасында «Жыл кітабын бірге оқимыз» және «Үздік кітапханашы»  байқауы өтеді деген жоспарымыз бар.

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<