Сабақтастықтың сара жолы

312

0

Кейінгі жылдары әлемде болып жатқан оқиғалар аса жылдам, күрт өзгерістермен, сонымен бірге қарама-қайшылықтармен сипатталады. Жылдамдықтың екпіні күшті болғаны соншалық, тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын үйреншікті қағидалар бүгінге өлшем бола алмай қалды. Айталық, әлемде 2015 жылы басталған дағдарыс әлі де жалғасуда. Ол қазір әлемді жайлаған пандемия дертіне ұласты.

Иә, ХХІ ғасырда орын алған қарама-қайшылықтарға толы саяси оқиғалар бүгінге дейін тұтас ұрпақтың санасында қалыптасып, сіңісті болып кеткен ұғымдарға өзгеріс енгізе бастады. Ал біз осы өз­герістерді қабылдауға дайын­быз ба? Тәуелсіздіктің ал­ғашқы 30 жылы қарсаңында біз қаншалықты өзгердік? Қандай қоғам құра алдық? Оның басты құндылығы неде? Тұңғыш Президент әрдайым осы сауалдарға тұшымды, байсалды жауап бере отырып, әлемдік жаһандану үдерісінің тым жылдам дамып келе жатқанын, ал ол біздің ойлау жүйеміз қабылдай қоймайтын талаптарды алға шығарғанын айрықша атап көрсетеді. Атап көрсетіп қоймай, бар­лы­ғымызды немкеттіліктен, бойкүйездіктен, масылдықтан, шалағайлықтан, үстірт іс-қи­мылдан сақтандырады.

Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақстан Республикасындағы жыл сайынғы өнеркәсіп өні­мінің өндірісі нақты көріністе 30 процентке артты. Соңғы 20 жылда Қазақстандағы де­мо­графиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үрдісі 2002 жылы аяқталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 миллион адамға тө­мендеді, бұл ең бірінші халықтың кейбір бөлігінің өздерінің тарихи отан­­дарына оралуына, өт­пелі кезеңдегі қиындықтарға бай­ланысты болды. 2002 жылдан бастап халық саны өсімнің тұрақты үрдісіне ие болды, ең бірінші табиғи өсім есебінен, 2004 жылдан бастап көші-қон өсіміне бай­ла­нысты қалыптасты. Қорыта кел­генде, еліміздің халық саны қазір жал­пы 19 млн-ға жуықтады.

Біз әркез Елбасының мемлекет дамуы­ның әртүрлі дәуірінде айт­қан сөзде­ріне уақыт өте келе қай­та оралып, оны бүгінгі күннің жағ­дайымен са­лыс­ты­рып, жаңа кезең тұрғысынан ба­ғамдап келеміз. Осы арқылы Мем­лекет басшы­сы­ның белгілі бір кезең­де әрбір қа­зақстан­дыққа арналған сө­зінің кейін уақыт өте келе өмір шын­дығына ай­нал­­ғанына көз жеткі­земіз. Осы орайда Ел­басының сонау бір тә­уелсіздіктің ал­ғаш­қы қиын жыл­дарында «Қазақстан – әлеу­меттік бағдарланған мемлекет» де­ген тұжы­рымды алғаш рет көпшілік на­зарына салғаны әлі жадымыздан шыға қой­ған жоқ. Мәселен, теория  жү­зінде Скандинавия елдері тұр­мыстың әлеу­­меттік бағдарына бе­йімделген мем­ле­кет ретінде атал­­ғанымен, олар­дың таби­ғаты бұ­рынғы біздің ұғымы­мыздағы тең­гермешілікке негізделген қоғам­ның қатарына жатпайды. Қыс­қасы, рынок дей­тін қоғамдық қаты­настар дәуірінде бұрынғы келмеске кеткен теңгермешілік үрдісті қайта әкелудің қисыны және келің­кі­ремейді. Осыған қарамастан Қазақ­стан Пре­зидентінің мұндай батыл ой-тұжы­рымдарға баруының себебі неде?

Біз кейін ілгері басқан қада­мымызға тұсау болған, талай ке­лең­сіздіктерді ту­дыр­ған бірнеше әлем­дік дағдарыс сәт­терінде «әлеу­меттік бағдарланған мем­­лекет» деген түсінікті ұмыта қой­ма­ға­ны­мызбен, ол туралы ойымыз кө­мескі тарта бастады. Уақыт өте келе қиыншы­лықтар артта қалды. Ел еңсесін көтерді. Әлеуметтік бағ­дар­ламалардың сәтті жүзеге асы­рылуына, несін жасырамыз, ши­кізат рыногындағы қолайлы ахуал­дың оңды әсері болғаны да шындық. Алайда Қазақстан бюд­жетінде қалыптасқан оң­тайлы жағдайға бір ғана мұнай баға­сы­ның көтерілуі емес, сонымен қатар елдегі тұрақтылықтың, осы­ның әсерінен шетелдерден тар­тылған ин­вестиция­лар­дың ық­палы болғанын, ал осы игілікті ша­ралардың басы-қа­сында Елба­сының тікелей өзі жүргенін тағы да айтуымыз керек. Қазақстан сөйтіп, қиын асуларды игерді, күр­делі кезеңдерден өтті. Еліміз үшін қолайлы кезең туды. Міне, осы сәтте Елбасы әлеуметтік бағдарланған мем­лекет туралы тағы да батыл ой қоз­ғады. Әрбір қазақстандықтың бола­шағы туралы жаңа уақыт ту­ғызған тұжырымдамалық ойды біздің әрқай­сымыздың санамыз­ға қайта сіңіре бастады. Кешегі пан­демия кезінде Тұңғыш Пре­зидент тұжырымы өмірде өзінің дәйектілігін дәлелдеп берді.   

Алайда, Тұңғыш Президенттің әр­да­йым өзі атап көрсеткен, сая­сатта, эко­номи­када әлеуметтік бағ­дар ұстану масыл­дық пиғылмен ұштаспауы тиіс деген пікірін бү­гінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылыққа алуы елдегі билік са­бақтастығының жар­қын үлгісі болып табылады. «Мемле­кеттің стратегиясы әлеу­мет­тік қорғаудан әлеуметтік про­греске бағытымен құры­лады. Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді біл­діреді. Тек осындай жағдайда ғана Қа­зақстан қоғамы патернализм инер­­ция­сын жеңе алады» деп атап көр­сетті Нұрсұлтан Назарбаев.  «Патер­нализм» (латын) – үлкен­нің кішіні, яғни ағаның ініні, ха­лықаралық жағ­дайда үлкен мем­ле­кеттердің әлсіз мемлекеттерді қамқор­лыққа алу ұғы­мын білдіреді. Ал, шынды­ғында, кей­де саясатта мұндай қамқорлықтың астарында небір қитұрқы, жымысқы әрекет­тердің жататынын да жасыруға болмайды. Қамқорсу арқылы сол мемлекеттердің ішкі ісіне араласу, одан әрісі тәуелсіздігіне қол сұғудың ауылы да алыс емес екенін әрдайым есімізде ұстауымыз қажет. Егер біз Елба­сының астарлы сөзіне терең үңілсек, осы ойды аңғарар едік. Бү­гінгідей жаппай жанкешті бәсекеге ұласқан жаһандану дә­уірінде сыртқы әлемнен оқшау­лан­бай, сонымен бірге саналы ең­бек арқылы тәуелсіздігімізді ны­ғайту әрбір қазақстан­дықтың қа­­сиетті борышы болып табы­ла­ды. Президент астарлы оймен бізге осыны түсіндіреді. Жаңаша ойлау жүйе­сімен өмір сүруіміздің қа­жет­тілігін алға тартады.

Экономиканың әлеуметтік бағ­дары­ның іргетасын Президент нақ­ты істермен қалап келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін елімізде елді ме­кендерге сапалы ауызсу жеткізу, электр қондырғыларын, байланыс, жол инфрақұрылымын жаңарту, тіпті әркімнің жеке меншігіндегі көп­қабатты үйлерді қайта жаңғырту бағ­дар­ламаларының өзі мем­ле­кет­тік қол­даудың, жай қолдау емес, бюджеттік субсидиялау арқы­лы қолдау­дың ке­ремет, сирек кезде­сетін үлгісі деп қарауға болады. Осының барлығы Қа­зақстанды әлеуметтік бағдарланған мемлекет деп атауға толық негіз қалайды.

Экономика заңдылығы да жалпы жара­тылыс заңы секілді егер өз орны­на дұрыс пайдаланбаса, ол да мейірім­сіздік танытады. Сол сияқты біз де экономика заңдылығына бағынбай, өз са­намызда субсидия­лауға сүйенген өмір сүру дағ­дысын қалыптастырып, бұл келең­сіздікті бойымызға сіңіріп алсақ, одан өткен қауіпті ештеңе болмайды. Елбасы әрдайым осыдан сақтандырады, Қазақстан жағдайында біздің әр­қайсымыздың төл міндеті­мізді ай­қындап береді. Қазір бар­лығымыз субсидиялаудың барлы­ғы мұнай бағасының тым көтеріңкі кезінде болғанын және ондай оңтайлы құбылыстың әрдайым қайталана бер­мейтінін ескергеніміз абзал.

Нұрсұлтан Әбішұлы эволюция­лық қағидатқа қатысты: «Ешқандай да алға озу» болмауы тиіс. Әлеу­меттік сала­да­ғы барлық өзгерістер даму деңгейі­мен, Қазақстан эконо­ми­касының мүм­кін­дік­теріне сәй­кесуі тиіс», деп атап көрсет­ке­нін жоғарыда айтылған­дармен са­бақ­тас­тыруға болады. Оның нақ­­ты мысалын бүгінгі еуро­ай­мақ елдерінде болып жат­қан дағ­­дарыс, дефолт жағдайлары­мен бай­­ланыстырамыз. Нақты табысқа сәйкес өмір сүре алмай ұдайы сән-салтанатқа, үлде мен бүлдеге ора­нып жүру экономикада қарама-қай­шылықтар ту­дырады, дағ­дарысқа, оның соңы қарызға әкеліп соқтырады. Қазақша айт­қанда, табысыңды ескермей, ал­дын ала қарызға бату неге әкеліп соқтыратынын әркім біледі ғой деп ойлаймын. Айтпақшы, Елбасы бұл тұрғыда сонау 2007 жылы да еске салған болатын. Ұмытпасам, ол эко­номиканың өсімі мен инфляция өсі­мін үйлестіру қажеттігін ес­кертті. Егер экономика өсімі үз­діксіз үдей түссе, оның соңы ин­фляцияның шарық­тауына ықпал жасайды. Қазақстанда 2007 жылы тұрғын үй құрылысы жап­пай са­лына бастағанда құрылыс мате­риалдарының бағасы есепсіз кө­терілгені жұртшылықтың есінде бо­лар. Ол кезде әлемдегі мұнай баға­сының күрт көтерілуі бюджетте ар­тық ақшаның болуына ықпал жа­сады. Ал екінші дәрежелі банктер шетелден келген арзан несиені сұ­раусыз қардай боратты. Ақыр со­ңында дағдарыс орын алып, күллі банк жүйесі қиындыққа ұрынды. Осы орайда Елбасының әлеуметтік қолдаудың мемлекеттің өмір сүру деңгейіне орай жасалатынын ес­кертуі әлемдегі бүгінгі өмір шын­дығынан туып отырған жағдайға байланысты айтылған тұжырым бо­лып саналады.

Қазақстан 2020 жылды несін жа­сырамыз, күрделі жағдайда қо­рытын­дыламақшы. Мемлекет қар­жы ре­сурсын «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша жобаларға жұмсады. Тіп­ті, Ұлттық қордан да бұл бағытта қаржы бөлінуде. Бұл, сайып келгенде, Елбасының кезінде Ұлттық қор құру идеясының са­лиқалы шешім бол­ғанының ай­қын көрінісі. Соңғы күн­дері қалып­тас­қан мұнай бағасы Қа­зақстан үшін қолайлы болып тұр.

Сөзіміздің басында айтқандай, қа­зір әлемдегі жағдай әлі күр­делі сипатын сақтап отыр. Жуырда Қа­зақстанның 2021-2023 жыл­дар­ға арналған бюд­жет жобасы қа­былданды. Үш жыл­дың бюджетіне Ұлттық қордан қаржы бөлінетін болып белгіленді. Бұл – Тұңғыш Президенттің дәйекті саясатының жемісі. Биліктегі сабақ­тастық жо­ға­рыда атап өткендей  Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев­тың прагматикалық саяса­ты­мен жалғасын табуда. «Nur Otan» партиясының сайлауалды кез­десуінде осы сабақтастықтың дә­йекті жалғасы ретінде алға қойыл­ған міндеттер ба­ғыттары айқын­далды. Бұл мемле­кетіміздің келе­шегі кемел екенін айқындай түседі.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз