Сарытап сағыныш

469

0

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінен  «Америкадағы қазақ» деген мақаланы оқыған болатынмын. Соны сақтап қоймағаным-ай… АҚШ-қа ресми сапармен барған Кеңес Одағының делегациясы құрамында болған қазақ азаматының (жазушы ма, ғалым ба, ұмыттым) соғыс тұтқыны қандасымыз жайлы жазғаны. Ол уақытта республикалық айтулы басылымда мұндай мақаланың жарық көруі ерлікпен тең жағдай еді.

Арада қанша жылдар өтсе де, сол мақала есімде. Біз, – деп жазады автор, – Нью-Йорк қаласына ұшақпен жеттік, қо­нақ үйге орналастырды. Де­­легация құрамында жазу­шы­лар, ғалымдар, өнер қайрат­кер­лері болды. Алдын ала бел­­­гілеген жоспарға сәйкес де­ле­гация мүшелері өз сала­лары бойынша елдің жоғары оқу орындарын, ғылыми орта­лықтарын  аралап танысуға кі­рісті. Арамызда бейресми ба­қылаушылар да болды. Сон­дай кездесулердің бірі Нью-Йорктегі ұлттық кітапханада өтті. Кітапхананың библи­о­г­ра­фия бөліміне кірген кез­де, жасы егде тартқан, түрі қазаққа ұқсайтын бір кісі кө­зіме оттай басылып, ауылдағы туысқанымды көргендей бол­дым. Ол да топ адамдардың ішінен маған көзі өтіп барады. Бізге ескертілген тәртіп бо­йынша кез келген адаммен сөй­лесу, пікір алысуға бол­май­тын. Оқыс қимылдың бар­лы­ғы да  бақылауда. Топ бас­шысының рұқсатымен өзіңнің сұ­ра­ғыңа аудармашы арқылы жа­уап аласың. Мен тәуекелге барып, қасымдағы орыс жол­да­сымнан бұл адамның қан­дай ұлт екен біліп беруді сұ­радым. Жолдасым: «Бұл жақ­та оқыған, мемлекеттік қыз­метке араласып жүрген азия­­лықтар көп қой, мүмкін солардың бі­рі болар» деді. Арада  екі күн өткеннен кейін Ұлттық  кітап­хананың жұмысымен таны­суға тағы да келдік. Топ бас­шы­сынан рұқсат сұрап, әлгі кісімен танысу сәті түсті. Ол да менің кеулімді қимай тә­уекелге барған сияқты. «Көп сұрақ қойма, өзің сөйлеп көп нәрсені білуге тырыс» деді. Кітапхана бастығынан рұқсат алып аудармашы екеуміз бейтаныс азаматқа бардық. Ол да хабардар болған-ау, ор­ны­нан тұрып, қос қолдап  ағыл­шын тілінде амандасты. Біз де танысу мақсатымызды біл­дірдік.

– Мен қырғызбен, – деп бастады әнгімесін ол, со­ғыс­тан бұрын Фрунзедегі пе­да­гогикалық институтты бі­ті­ріп, жұмыс істедім. Со­ғыс бас­­талғанда әскерге алы­нып, Смоленск түбінде қатты жа­ра­­ланып, тұтқынға түстім. Алғашқы жылдары Украина, Польшадағы, тағы басқа қонц­ла­­герьлерде болдым. Гер­ма­ния­дағы тұтқындар лаге­рінде жатқанымызда, Америка сол­даттарды босатты. Үш жыл бойы азаптың қияметін көрдік. Бұл күнге жетпей кеткен мил­лиондаған тұтқынның ішінен тірі қалғанымызға қуандық. Аме­рикандық солдаттар шағын қалашыққа айдап алып келіп, бірнеше мыңдаған адамды моншаға түсіріп, үстімізге ақ түсті таза киім берді. Алдын ала дайындалған орман ара­сындағы жайға төсектерге ор­на­ластырды. Ашығып, өлу ха­­ліне жеткен тұтқындарға әдеп­кі кезде үш, кейіннен төрт мезгіл тамақ беріп, екі ай бойы бақты. Жұмыс жоқ, апта сайын монша, киіміміз бен төсек-орнымыз жаңартылады, ескі киім-кешек пен төсек орындарды біздің көзімізше арнаулы пеште өртейді.  Түні­мен «Америка деген – бай, қуатты ел, оның адамдары бай тұрады, кедейшілік жоқ» де­генді насихаттайтын кино­ларды көрсетеді. Уайым-қай­ғысы жоқ, өлең айту, билеу, көңіл көтеруден басқа ештеңе білмейтін сияқты. Адамдары әр­түр­лі нәсілді, ағы, қарасы, сарысы, бәрі де тең құқылы. Азаматтардың бас бостандығы тек қана Америкада деуден жа­лықпайды. Осылайша өмір сүріп жатқанымызда, бір күні бәрімізді қатарға тұрғызып, радио арқылы «Біздер амери­кандықдармыз, өздерің көріп, куә болып жатқандай, бай елміз, егер сендер осылай­ша өмір сүргілерің келсе, Аме­рикаға келулеріңе болады» деп айтты. «Неміс фашизмі же­ңілді, біз жеңдік! Ал сендер, немістерге беріліп, тұтқынға түскенсіңдер, елдеріңе қайтсаң­дар, алдарыңда өздерің көрген Сібірдің қақаған суығымен концлагері күтіп тұр. Онда жаза ауыр, көсемдерің Сталин­нің «Опасызға Отанда орын жоқ!» деген сөзін естеріңнен шығармандар. Сендерді елде­ріңде өлім күтуде. Ойлануға бір тәулік уақыт береміз» деп хабарлады.

Бұл хабарландыру үнемі қайталанып тұрды. Қатты қи­налдық, бір тәулік тағдыры­мыздың шешуші уақыты бол­­ды. Жанымыз күйзеліп, қол­дан келер шара жоқ, ерте­ңіне сапқа тұрдық. Тағы да кешегі талап айтылып жатты. Со­нымен «Одаққа қайтамыз де­гендер он қадам алға шық­сын, орнында қалғандар Аме­рикаға аттанады» деп тағ­ды­­рымызға нүкте қойды. Ал­ға шық­қандарды тобымен шы­ғысқа, орында қалған бізді батысқа айдады. Елге қайтуға қорықтық. Сол түнде Америка солдаттарының айдауымен ке­меге тиеліп, жол тарттық. Со­дан бері осы елдемін, осы жақтың қызына үйлендім. Жо­ғары білімді азамат екенім ескеріліп, осы кітапханаға қа­тардағы қызметке алынып, Шы­ғыс әдебиеттері бөлімінің мең­герушісімін, – деп сөзін аяқтады.

– Өзің қай ұлттың бала­сысың? – деп сұрады.

– «Қазақпын» дегенімде, ағыл­шын дауыс ырғағымен:

– О, мұнда қазақтар бар, қатысып тұратын екі қазақ аза­матымен таныстыруға бо­лады, – деді.

Мен әрі қарай сұрағаным жоқ, не де болса тәуекелге бел буып, делегация басшысынан солармен кездесуіме көмек­тесуді сұрадым. Ол уәдесінде тұрды. Мен қырғызға жер­лес­теріммен кездесуге рұқ­сат алғанымды, бірқатар рәсім­дер­ден кейін біреуінің отба­сында болатынымды айттым. Қырғыз тігін фабрикасында жұмысшы болып істейтін Мо­раның отбасында болуға ке­ңес берді және онымен жо­лықтырып бірге болатынын айтты. Қасымда аудармашы және қырғыз бар үшеуміз уа­қытында белгілеген жерге келдік. Оның фабрикадағы жұ­мыстан шығып келе жатқан бойы екен. Орта бойлы, мы­ғым денелі жігіт ағасы, қысық көзінде қорқыныштың табы бар. Тосырқай тіл қатып ау­дармашының сөзінен кейін аса сақтықпен «Не мақсат­пен келдіңіздер?» деп сұра­ды. Ке­ңестер Одағының делега­циясы құрамында Қазақстан­нан келгенімді, осында қырғыз кісімен кездесіп, өзі туралы білгенімді айттым.

Ол түрін өзгертпей, маған сезіктене қарап: «Бізде не хал-жағдай бар дейсің, үйге барып сөйлесейік» деді. Шет­кі аудандағы көпқабатты үй­лердің біріне келдік. Жолда әйелі неміс екенін, аспазшы болып істейтінін, жұмыстан сұранып, қонақ күтуге дайын­далып жатқанынан хабардар етті. Бізді ат жақты, көгілдір көзінен мейірім шуағы шар­шырап тұрған әйел қарсы алды. Ақжарқын әйел ауылдағы жең­гелеріміздей екен. Тап-тұй­нақ­тай американдық отбасы, оның тәртіп пен тазалықты бойына сіңірген неміс әйелінің ұқыптылығы анғарылады. Бір бөлмеге жерге төсек салып, қа­лың жапқыштармен көр­пеше жайыпты, жастық қойып­ты. Барған бойда қырғыз екеуміз жеңілденіп, жастыққа қисайдық, аудармашы диванға жайғасты. Әңгімемізді өз тілімізде бастадық.

– Үш күннен бері әйеліме қазақтың салт-дәстүрін, жерге төсек салып дастархан жаюды, шай демдеп кұюды, ет асып, қамырдан нан жайып салуды үйреттім. Ол аспазшы ғой, бәрін меңгеріп алды. Ет асылып жатыр, асықпай әңгімелесейік, – деді.

Мен уақыттың шектеулі екенін ескерттім.

– Онтүстік Қазақстан облы­сының Түркістан ауданына қа­расты елді мекенде туып-өстім. Жетіжылдық білім ал­дым, колхозда еңбек еттім. Со­ғыс басталғанда әскерге алындым. Смоленск түбінде жараланып, қоршауда қалып, тұтқынға түстім, түрлі конц­лагерьлерде болып, көретін жарығым бар екен, аман қалдым. Америка солдаттары концлагерьден  босатты. Ал қал­ғаны, мына қырғыз айт­қандай, дәм-тұз бұйырып, осы елге келдік. Әрине, алғашқы жылдары діні, тілі, әдет-ғұр­пы бөлек елге үйрену оңай болған жоқ. Ақ нәсілді әйелге үйлендім, бұл жақта нәсілдік талғам да ерекше, оның өз артықшылығы болады. Екі қыз, бір ұлым бар. Олар ерже­тіп, шамаларынша білім алды, үл­кен қызым тұрмыста, балам үйленген, бөлек тұрады. Мы­на кенже қызым сауда кол­­леджінің соңғы курсында оқи­ды, – деп сүйкімді қазақ­тың қара көзді, сұлу өңді қарын­дасымызды мақтауын келтіріп, таныстырды.

Әйелімен де таныстық, ол да соғыстың соңғы жылдары Америкаға ауған неміс отба­сынан шыққан екен. Тағдыр екеуін сол жақта табысты­рып­ты. Жерлесім бұрынғыдай емес, шешіліп, әңгімесін айт­ты. Байқаймын, өз өміріне риза сияқты. Аудармашы да, қырғыз да біздің әңгімемізді  тындаумен отырды. Шай ішіл­ді, ет те келді.

Жерлесім қоштасарда қазақ­тың әндерін айтуды өтінді. Ел­ден тыс жүрген қандасым­нан білгенімді аяған жоқпын. Оның кеулі босап, көзіне жас алды. Айтқандарымды үнтас­паға жазып алды. Елімді са­ғынғанда осы әндерді тындап, мауқымды басам ғой деумен болды.

– Қазақстанда мынадай электр шамы  біздің колхозда орнады ма екен? Телевизорға, мынадай үнтаспаларды жазу­ға, электр тауарларын пайда­лануға  халықтың қолы жетті ме? – деп сауыл қойды.

Мен Қазақстанның түгел­дей электр жарығымен қам­та­масыз етілгенін, тұтыну дү­ние­леріне халықтың қолы жет­кенін, соғыстың алдыңғы жылдарымен салыстырғанда өсіп-өркендегенін айттым.

– Ойпырым-ай, біздің кол­хозға электр жарығы қалай жетті екен? – деп американ­дықтарша сенімсіздік білдір­гендей болды. – Менің азан шақырып қойған атым – Мұ­ратбек, әкем мұратына жетсін деген болу керек, ал менің мұратым осылай болды. Бұл жақта «Мора» дейді, Хасан деген жерлесім бар, ол зауытта жұмысшы, әйелі американдық, оны «Хосса» дейді. Ол сенің біздің үйге қонаққа келетініңді білетін, бірге бола алмады, түнгі ауысымда жұмыста. Үйі­не шақырады, – деді.

– Менен Хоссаға сәлем айт, елге қайтатын уақыт болып қалды, – дедім. Жерлесім:

– Мен бүгін нағыз қазақ екенімді сезініп, қуанып отыр­­­мын. Елден кеткеніме отыз жылдан асқанда нағыз қа­­зақты көріп көп жағдай­лар­­дан хабардар болып, өз ті­лімде еркін тілдестім. Бұл – Аме­рика, Нью-Йорк – алып шаһар. Күнде тосын оқиғалар болып жатады, бүгін бар адам ертең жоқ. Әсіресе, біз сияқты Отаны жоқтарға қа­уіп­ті, қорқынышты. Еліме, кін­дік қаным тамған жеріме сәлем айтарсыз. Елім есіме түскенде өзің қалдырып кеткен әндеріңді тындап, еске алып отырамын, – деп  қоштасқанын жазады мақала авторы.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<