ШЕКАРАШЫЛАРҒА КИНОДАН СЫР ШЕРТТІ

72

0

ШЕКАРАШЫЛАРҒА КИНОДАН СЫР ШЕРТТІ

Елімізде
қазақ халқының біртуар азаматы, дарынды кинорежиссер, атақты актер Шәкен Аймановтың
туғанына 100 жыл толуына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қолдауымен «Қазақстан Ұлттық киносының күндері” өтуде. Оны
ұйымдастырушылар ҚР Кинематографистер
одағы және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм” АҚ киностудиясы болып
табылады.

Сыр
бойы жұртшылығының тыныштығын көздің қарашығындай қорғап жүрген шекарашылармен
Қазақ киносының бүгіні мен болашағы жайында сыр бөлісуге келген ҚР-ның еңбегі
сіңген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Кинематографистер
одағының төрағасы, кинорежиссер Игорь Вовнянко бастаған өнер тарландарын 2019 әскери бөлім жауынгерлері құрметпен
қарсы алды. Бөлім командирі, полковник Владимир Колпаков ел шекарасын қырағылықпен күзетіп жүрген әскери бөлім жұмысына
тоқтала келіп, өнер жұлдыздарының қадамдарына сәттілік тіледі.

Делегация
басшысы И.Вовнянко атақты кинорежиссер Шәкен Айманов жайында, оның режиссерлік
тапқырлығы мен актерлік шеберлігіне, өз әріптестері арасында алатын орны мен
адамгершілік қасиеттеріне, ұлттық киностудияны өркендету жолындағы өлшеусіз
қызметіне тоқталды. Ол қазақ киносының кешегісі мен бүгінгісін саралай
келіп, оларға түрліше баға берді. Қаражат бар, кино жетерлік, алайда
көрермен көңілінен шыққаны санаулы. Сондықтан да шекарашылар бүгінгі және болашақтағы кино жайында әңгіме
қозғауға, өзіндік ой-пікір білдіруге ықыласты. Оның киностудия жұмысын жақсартуға сеп болары анық.

Топ
құрамындағы Қазақстан Киноматографистер одағының атқарушы директоры,
кинорежиссер Жәнібек Зауырбеков, ҚР Мәдениет қайраткері, «Жебе” кинокомпаниясының президенті, режиссер Керімбек Ниязбаев, ҚР-ның еңбегі сіңген
қайраткері, театр және кино актрисасы Райхан Айтқожанова, Қазақстан
Кинематографистер одағының мүшесі, киноактер Ерболат Тоқ­ұзақов Шәкен Айманов
жайында, ол түсірген кинолар мен сомдаған рөлдер төңірегінде естеліктер айтып,
тыңдаушылар сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Шекарашыларды, әсіресе осы
киностудияның туындысы «Келін” мен «Шал” фильмдерінде басты кейіпкерді сомдаған
Ерболат Тоқұзақовтың өмір жолы, өнерге келу жолы қызықтырды. Кездесуде
киностудияда қырық жылдай ұйымдастырушы, картина директоры, директордың
орынбасары қызметтерін атқарған Ерболаттың кино әлеміне аяқ басуы, ондағы
кейіпкер бейнесін шынайы сомдауы төңірегінде қызықты әңгіме өрбіді.

Шекарашылар
қазақ фильмдері жайында өз ой-пікірлерін ашық айтып, болашақта жастарға патриоттық тәрбие беретін, шынайы
ұлттық тұғырдағы туындыларды көрсек
деген тілек білдірді.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз