«Соңғы қоңырау» салтанаты

771

0

Биылғы «Соңғы қоңырау» салтанаты жылдағыдан бөлек болды. Карантиндік шектеулерге байланысты сақтық шаралары жасалды. Атап айтар болсақ, 2019-2020 оқу жылында облыстағы 293 мектепті 162 мыңға жуық оқушы қашықтан оқыту арқылы  аяқтап отыр. Мерекелік сәтте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі барша оқушылар мен ұстаздарға жергілікті телеарна арқылы құттықтау лебізін жолдады.

Облыс әкімі білім саласына мемлекет тарапынан әрдайым қолдаудың жоғары екеніне тоқталып, заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде игілікті істердің әлі де жалғасын таба беретінін айтты. Бұл орайда өңіріміздегі білім беру ұйымдары бойынша білікті де талантты түлектердің талай халықаралық, республи­калық байқауларда топ жарып жүргенін атап өтті. Сонымен бірге, облыс басшысы бітіруші түлектер үшін ең жауапты сын – Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 25 мамыр күні барлық орта мектептерде 1-10 сынып оқушылары үшін «Соңғы қоңырау» салтанаты онлайн-сынып сағаттары негізінде аталып өтті. Мерекелік жиынды оқушылар, ұстаздар және ата-аналар ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, бірге тамашалады. Ал 11-сынып бітіруші түлектер үшін салтанатты шара 3-4 маусым күндері өткізіледі. Онда түлектерге аттестаттар және «Алтын белгі», «Үздік аттестат» марапаттары табысталады. Алдын ала белгілі болғандай, бітіруші түлектердің  алтын ұя – мектебімен қоштасу кештері  барынша санитарлық талаптарға сай өтеді. Нақтырақ айтсақ, биыл 6 060 оқушы 11-сыныпты бітіреді, оның ішінде 5 171 оқушы ҰБТ емтиханына қатысуға өтініш берген.

Сол сияқты, онлайн-соңғы қоңы­рауда облыс әкімінің орынбасары Н.Бай­қадамов, облыс­тық білім басқармасы басшы­сының уақытша міндетін атқарушы А.Қасымова түлек­терге құттықтау лебізін жолдады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<