Сыр бүлдіршіндері Президент шыршасына қатысты

201

0


Бүгін облыс әкімдігінде Президент шыршасы өтті.

Шырша тойына қатысқан балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше білім беруді қажет ететін, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасының балалары, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта жетістіктерге жеткен 9-13 жас аралығындағы 200 оқушыға Президент сыйлығы табысталды.

Бүлдіршіндерді ​облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтап келді.


— Сіздер – бақытты ұрпақсыздар! Өйткені, Қазақстан деп мақтанышпен аталатын тәуелсіз елде дүниеге келдіңіздер. Әділетті мемлекет болуды мақсат еткен егемен елдің болашағысыздар. Түркі әлемінің рухани атасы Қорқыт ата дүниеге келген, адамзат баласының ғарышқа ұшар арманы орындалған Байқоңыры бар өлкеде туып-өскендеріңізді әрдайым мақтанышпен айтып жүріңіздер!
Сіздердің білімді де білікті азамат болып өсіп, Сыр өңірінің әлемге танылып, көркейіп-көріктенуіне үлес қосатындарыңызға сенемін. Сіздер жақсы оқып, білімді болсаңыздар, еліміз одан әрі көркейе түседі. Ол үшін бізге тек бірлік, ырыс-ынтымақ керек. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Жаңа жыл, өмірдің жаңа парақтары – жақсылықтардың бастауы болсын. Алға қарай ұмтылып, асуларды талмай бағындыра беріңіздер, — деді аймақ басшысы.


Іңкәр БЕК, И.Панфилов атындағы №5 орта мектептің оқушысы:

— Президент шыршасы маған қатты ұнады. Аяз ата келді. Ақшақармен бірге биледік. Түрлі ертегі кейіпкерлерін көрдім.

«Бәйтерек» жеке мектебінің 3-сынып оқушысы Диас Мұратбек Жаңа жылдық кешке ерекше киініп келіпті.

— Президент шыршасы көңілді өтіп жатыр, ән айтылып, би билеп, ертегі кейіпкерлерімен де кездестік. Достарым шырша тойын еш алаңсыз тойласын, мен сырттай бәрін бақылап қорғап тұрамын. Күшім көп. Батыр боламын!, — дейді Диас.

Балалар жаңа жылдық сыйлықтарын алып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Облыс әкімінің ғимаратын аралап, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнымен танысты. Мұнан соң мерекелік дастарханнан дәм татты.

Жаңа жылдық кештен керемет әсер алған қатысушылар Президентке алғыстарын білдірді.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»