Тамаққа қатысты ырым-тыйым

1353

0

Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың  қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады.

Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуе­лі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады.Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдында «Бисмиллаһи рахмани рахим» деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді. Бұл сөз «Мейірімді Алланың атымен бастаймын» дегенді білдіреді.

Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді. Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.

«Нан қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен», т.б. сөздерді айтып,  нанды, тамақты сынамайды. Нанды, тамақты сынау – жаман ырым.

Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс. Ал көшеде, базарда, көлікте мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудартпай тамақтанған дұрыс.

Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектерді жеуге болмайды.

Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады.

Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздік саналады.

Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек.

Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады.

Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн.

Жас балаға бұғана ұстатпайды. Бұғана ұстаса, бойы өспей қалады деп жорыған.

Қызға кәрі жілік ұстатпайды. Кәрі жілік ұстаса, күйеуге шықпай, оң жақта көп отырып қалады.

Ішіп отырған шайға сама (сәме) түссе, қонақ келеді.

Шашалған адамға «май қап» дейді.

Ет турағанда бір кесек ет қалып қалса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.

«Қазақы тыйымдар мен ырымдар»

кітабынан алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<