«Таң» атты ауылда…

2954

0

Ауыл тегіс жиналды. Тайлы-тұяғы қалмастан атақты Сегізбай бидікіне тартқан әкелі-балалы да, ағалы-інілі де бар мұнда. Тіпті әр жерден жаулығын басып тартқан әйелдердің де қарасы көрінді. Бұлар – ауылдың атын қоймаққа бекінген жұрт.

– Егінші, – деді әне бір жерде отырған қою қара мұртты жігіт ағасы.

Төрде отырған қария иығын қиқаң еткізді де, басын шайқады. Онысы келіспегені шығар.

Жиналғандар осылайша ауылдың атын тауып қоя алмай жатқан. Алды ұйқыға кеткелі қашан. Сегізбайдың баласы Досбол сыртқы есікті ашқанда шығыс жақтан жарық көрініп, таң атып келеді екен. Дереу іштегілерге қарады да:

– Ағайын, таң бозарып атып келеді екен, – деді.

Үлкендердің бірі бұл сөзге қуана кетті.

– Ағайын, біз таңға дейін ауылға ат қоя алмадық. Бұл жерді Таң деп атайық. Ауылдың атқан әрбір таңы арайлы болсын! – деді әлгі кісі.

Осылайша атақты Сегізбай бидің үйіне кірген жұрт таң қылаң бере тысқа шыға бастады. Жалағаштың іргесіндегі Таң ауылының іргетасы осылай қаланған еді… Өткен жылы бұл елді мекен облыс бойынша «Үлгілі ауыл» байқауында жеңіске жетіп, 10 млн теңге олжалаған.

«Қоғам үшін пайдалы екеніңді сезіну – бақыт»

DCIM\100MEDIA\DJI_0005.JPG

Қособалы асарының үстінде ауыл алақандағыдай көрінеді екен. Құдды бір Көктөбеде тұрып, Алматының тіршілігін бағамдағандай боласың. Туған жердің төсінде алысқа көз тастаған Имамзада Қуанышбайұлы қалың ойдың құшағында. Ойдағы мақсат, кеудеге біткен арман. Оның бәрі осы алақандай ауылдың бел ортасында жүріп орындалып келеді. Әлі де мұрат бар. Жету үшін һакім Абай айтқан талап, еңбек, терең ой керек. Бет­орамалымен маңдайын сүртіп, ауылға қарай асықпай аяңдап келеді.

Таң тұрғындарының арасында Имамзада Шағыртаевтың аты жиі айтылады. Елде жасалып жатқан игі істердің әрбірінің басы-қасында болып, халыққа қолайлы жағдай жасаумен айналысып келе жатқалы қашшан.

– Ауылдағы негізгі жұмыс көзі – шаруашылық. Сондықтан оның мойнындағы жүк ауыр. Салық түсімінде анау айтқандай мол сома жоқ. Бірақ, ауылдың жайқалып тұрғанын көріп тұрсыз. Бұл – ел азаматтарының арқасы. Қазір ауыл құрылыс алаңына айналды. Алла қаласа, бірер айда айналып соқсаңыз, «Таңды танымай қалдым» деп айта жүресіз. Негізі, халықтың әл-ауқаты да жақсы. Мемлекеттік бағдарламалармен оқу курсынан өтіп, қаржы алып, кәсіп ашып жатқандардың дені – жас­тар. Олар – мемлекеттің қозғаушы күші. Егер ауылға азаматының жаны ашыса, ел көркеймей қайда барады? Шаруашылықтың демеуімен талай шаруаны жүргізіп отырмыз. Осыған баса назар аударған жөн, – дейді ауыл әкімі Әліби Байнахатов.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекенге халықаралық трассадан түскен бетте даңғылдың қос беті ашылуда. Бұйыртса, абаттанған аймақ болады. Бұған облыстық бюджеттен тіректі ауыл ретінде 100 млн теңге қаржы қаралған. Маңдай терін алқапқа төгетін еңбеккерлер ауылында «Күрішшілер» монументі салынбақ. Оның айналасы демалатын орын болады. Демалыс алаңының айналасына орындықтар қойылып, жарықшам жағылады. Елді мекен кіреберістен бастап, осындай көрік сыйлайтын нысанға толы болмақ.

– Ауылдағы біршама көшелердің жөнделуі аудан, облыс қаржысынан бөлек, кәсіпкердің де арқасы. Имамзада Шағыртаевтың қолдауымен бірнеше көше жөндеу көріп, гүлзарлар қойылды. Демалыс орындықтары жарықшамдар орнатылды. Бұл өз кезегінде ауылдың абаттануына, көріктенуіне әкелді. Кеңестік кезеңде салынып, кейін қараусыз қалған балабақша бар еді. Біраздан бері осы ғимараттың жай-күйі жанымызға батып жүрген. Бүгінгі бүлдіршіндердің тәлімді тәрбиемен қатар, сапалы білімге даярлануы үшін, қарым-қабілетінің жетіліп, өз деңгейінде дамуы үшін балабақшаның маңызы зор екенін білесіз. «Таң LTD» ЖШС 200 млн теңге қаражат жұмсап, осы нысанды қалпына келтірді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында ашылған «Таң бөбегі» балғынжайы 90 орынға арналған. Одан бөлек, спорт кешені де осы үлгіде бой көтерді. Дзю-до және таэквон-доға балаларды баулуда. Елде егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді. Ал ветеринарлық пункттің жағдайы сын көтермейтін. Осы серіктестік демеушілігімен бұл ғимаратты да жаңадан салып жатырмыз, – дейді Әліби Қодарұлы.

Былтыр серіктестік бастамасымен ауылда 3 жарым гектар жерге алма егілді. Сегіз мың түп көшеттің 80 проценті шығып тұр. Келер жылы Таңдағы балақайлар осы бақтан алма теріп жүреді. Егін саласында едәуір жетістікке қол жеткізген шаруашылық былтыр 2034 гектар жерге егілген Сыр салысының әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алды. Жастарды еңбекке баулуда осы жазда «Жасыл өлке» жасағын ұйымдастырды. Оған он алты студентті тартты. Жастар айы­на елу мың теңгеден жалақы алып отыр.

– Шаруашылықтың мойнындағы жүк ауыр. Жауапкершілікті сезініп, жұмыс істей білсең, тірлігің алға жүреді. Ауылды дамытуға әрбір азамат құлықты болу керек. Осы ұстаныммен жұмыс істеп жатырмыз. Ел дамуына титімдей болса да үлесім қосылса, мен  бақыттымын. Өйткені, туған жер – ана, біз – оның перзентіміз. Әрбір қазақ баласы ауылына осылай жаны ашу керек. Анаң қалай өмірге әкелсе, атамекенің үшін де сондай баласың. Туған жерге туын тігіп, өмірін елімен ұштастырған адам кіндік қаны тамған қасиетті мекенге маңдай терін төге алады. Осы қоғам үшін пайдалы екеніңді сезініп, бір мысқал да болса көмегің тиіп жатса, соны бақыт сана. Өйткені, ол сенің бұл өмірде жай әншейін жүрмегеніңді көрсетеді. Өмірің де мағыналы болады, – дейді Имамзада Шағыртаев бізбен әңгімесінде.

DCIM\100MEDIA\DJI_0001.JPG

Шаруашылық қызметкерлеріне еңбекақысы ай сайын уақытылы беріліп тұр. Заманауи құрылғылармен жарақталған нысандарда оларға барлық жағдай жасалған. Көктемде егіннің егілуінен жиналуына дейін, одан әрі күріш ақтауға дейінгі жұмыстардың әрбірінде техниканың рөлі орасан. Сол себепті, кеңестік кезеңнен қалған техниканың барлығының орнын заманауи техникалар басқан. Ауыл­шаруашылық машиналарының жай-күйі қуантады. Өйткені, әр жұмыстың уақытылы орындалуында ең маңызды нәрсе – техника.

– Шаруашылық құрылымда бар­лығы 80 ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 13 күріш оратын, 6 күріш бастыратын комбайн, 10 лазерлік жер тегістегіш, 35 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор бар. Жыл сайын техникамызды жаңартып отырамыз. Жұмыстың жүйелі жүруі үшін техниканың жағдайы маңызды. Қазір егінді де, экономиканы да әртараптандыру бағытында біраз жоспарымыз бар. Сол жоспарға сай тың жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Қоғам дамуда. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Нарықтың заңы солай, не оз, озбасаң, өзгеге жол бер. Ал оздың екен, тоқтама. Міне, біздің салада жаңашылдыққа көп мән берілетіні сол. Өйткені, асыраушы сала, – дейді И.Шағыртаев.

«Шикізаттан кенде емеспіз»

Қазір – өндірістің дәурені. Кәсіп­керліктің тек саудагерлік емес екенін түсінген қоғамда кәсіптің түрі көп. Әсіресе, өнім өндіру, қызмет көрсету саласының қарқыны дамып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Бұрын қолда бар шикізатты сол күйі сататынбыз. Қазір одан өнім өндірсек, әлдеқайда табыс­ты болатынымызға көз жеткіздік. Таңдағы тындырымды тірлікті көріп, осындай ой түйдік.

Осыдан бес-алты жыл бұрын «Таң-LTD» ЖШС облыста бірінші болып, «Бораншы» учаскесінде он гектар жерге картоп екті. Оған тамшылатып суару әдісін қолданды. Елдің өзін-өзі өніммен қамту бастамасы сәтті болып, өткен жылы тұқым шаруашылығы статусын алған. Гектарына он бес центнерден өнім алып, ауылшаруашылық өнімдерінің түр-түрін шығаруға мүм­кіндік бар екенін айқындады. Бұл өз кезегінде серіктестіктің жаңа бас­тамалардың зауытына айналғанын байқатады.

– Ауылда шаруашылық құрамынан ашылған күріш ақтау цехы жұмыс істейді. Тәулігіне 100 тонна күрішті ақтауға қауқарлы. Құны 150 млн теңге тұратын бұл нысанда 20 адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек облыста алдыңғы қатарлы мал сою және ет бумалау цехы бар. Аймақта алғашқылардың бірі болып іске қосылды. Тәулігіне 16 ірі қара со­йылып, 1000 дана консерві дайындалады. Мұндай бастамалар біздің ауыл­да жеткілікті. Бастысы, азаматына қарап, ауылын таныған елдің Таңның табысты ауыл екеніне сенімі кәміл. Сондықтан, біз алар асу әлі алда. Шығар шыңдарымыз да жетерлік, – дейді ауыл әкімі.

Ауылдарды түлетуге болатынын, тіпті қалаға пара-пар етіп дамытуға мүмкіндік мол екенін Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов ауылы дәлелдеген. Десе де, қазір елді мекендердің барлығы осы бағытты алдына меже қылған. Өйткені, ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Ауыл дамыса, ел дамиды. Әліби Қодарұлы «қазан айында келсеңіз, таңдай қағарсыз. Әлі талай жұмыс ойда бар» деді күліп. Алақандай ауылдың асқақ Алатаудай бағы бар екеніне тәнті болдық. Өйткені, таңы арайлап атқан ауылдың болашағы да жарқын емес пе?!

Мақсат – айқын,

жоспар – нық

Ауылдың кіреберіс жолын сүріп тастапты. Тозығы жеткен асфальтті ауыстырар кезең де келген екен. Бірер айда жаңа жолда сырғыған көлік Жаңақонысты қапталдап ауылдың орталығына абаттанған мекеннің үстімен өтпек. Елде мәселе болған жолдан жалғыз Елтай молда көшесі қалады екен. Ол да көп ұзамай жөндеу көрмек. Ал емхана мәселесін шешуге бюджет қаражаты қаралған. Тек мердігер мәселесі бар.

– Біраз уақыттан бері Жаңа­қоныстағы ауызсу түйткілі тарқамай жүрген. Былтырдан жұмыс басталды. Қазір қолымыз қалт етсе, сондамыз. Қалай болып жатыр,  не болып жатыр, соның бәрін бақылап отырмыз. Елді мекенде салынған көп нысанның тапсырыс берушілері аудандық бөлімдер болады. Әрбір жұмыстың басында болуға олардың мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, қабылдаушылардың қатарында болмасам да, ауылым болған соң, істің басында жүремін, – деген Әліби Байнахатов Жаңақонысқа қарай жол тартты.

Ауылдың даму сызбасын қайта қарап жатқан көрінеді. Өйткені, заман өзгерді, қоғам дамыды. Ауыл орталығынан халыққа тұрғын үй үшін беретін жер жоқ. Ендігі даму сызбасында Жаңақонысқа басымдық бермек. Жаңақоныс деп отырғанымыз – Таң ауылына кіреберістегі елді мекен. Арал теңізі тартылғанда кепкен табаннан көшкен жұрт осында келіп қоныстанған екен.

Жанашырдың жаны асыл

Ауылдық мәдениет үйінің шатыры ауыстырылып жатыр. Ауыл әкімі алыс­тан көз тастап тұрып:

– Ана жылы күрделі жөндеуден өткенде шатырын ауыстыру енгізілмей қалды. Сосын ауданға ұсыныс беріп, биыл қаражатын бөліп, жұмыс істеліп жатыр. Ауылға елдің азаматы жаны ашиды деген осы. Сметада шатырдың астына қыш өріп, қабырғасын биіктету болған жоқ. Бірақ, бұл жұмысты «Таң-LTD» серіктестігі ұтып алып, қабырғасын биіктетіп, шатырын ауыс­тырып жатыр. Басқа біреу болса, әсемдігіне мән бермей, сметада қалай, солай салар еді, – деді.

Расында, ойланып қалдым. Қал­тасын ойлаған кәсіпкер болса, бө­лінген қаражаттан бірде-бір тиын артық  салмас еді. Елдегі игі істердің басы-қасында жүрген Имамзада Қуа­ныш­байұлының жетістігі қашанда халықпен бірге екеніне көзіміз тағы бір мәрте жетті.

Асылында, «жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тасысын» демей ме?! Туған жердің төл перзенті атқарған елдегі жұмыстың бір бөлігі ғана  бұл.

***

Әдепкіде телефон арқылы сөйлесіп, ауылдағы атқарылып жатқан ауқымды істерді жазатынымызды айтқанда бір сәт үнсіз қалды. Содан соң «мен істеген ісімді мақтанышпен айтуға жоқ едім. Соны жазбай-ақ қойсаң қайтеді» деген еді Имамзада Шағыртаев.

Расында, ел үшін жұмыс істеп жүрген жан еңбегінің бағасын тек халқының бергенін қалайды. Ал өзі жақсымын деп айғайламайды. Облыстық мәслихат депутаты болған соң, елге жеке кәсіпкер ретінде ғана емес, ауыл мұқтаждығын шешуге халық қалаулысы ретінде де атсалысып жүрген істері жетерлік.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Жалағаш ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<