Теңізбен бірге тыныстау

656

2

ЕКІНШІ КҮН

Олар 14 келі балық жейді, ал біз…

Сапардың келесі күні «Арал СДО» балық өңдеу зауытында жалғасты. Өмірінің тең жартысын осы кәсіпке арнаған Әділбек Әйімбетовтың өзі қарсы алды бізді. Зауыт бұрынғы қираған балық комбинатының орнына салынған. Демек Аралда бұрынғы өн­дірістің ізі жоғалмаған деп түсіндік бұны.


Кәсіпорын былтыр «Тауарлы ба­лық өсіру және тереңнен өңдеу ке­шенін кеңейту» жобасын қолға ал­ған еді. Жылына 4500 тонна ба­лық өңдеуге қауқарлы, 50-ден ас­там жұ­мысшысы бар серіктестік ба­лық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұ­мыстарымен айналысады. Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда ша­бақ жібереді. Ал Польшаға тістіден филе дайындап, экспортқа шығарып отыр.

Тұзға піскен шабақтар


Тісті демекші, оны теңіздегілер «алтын балық» дейді. Қабыршағының өзі қатты, аты айтып тұрғандай бір жеріңнен тістесе айрылмайтын, қаты­гездеу, жыртқыш балық. Жергілікті тұрғындар ас ретінде пайдаланбайтын осы балықтың бағасынан ат үркиді. Келісі 1000 теңгеге дейін барды бір жылдары. Сырт елдерге тасылды. Өйткені, шетелдіктер осыны сүйсіне жейтін көрінеді. Сұранысқа қарай, бағасы да қымбат. Теңіздегілерден тікелей саудаласаңыз, келісіне 500-600 теңге сұрайды. «Алтын балық» атануы да сондықтан.


– Осы тістінің басына бақ қонғалы біраз жыл болды, – дедім мен жай тұрмай. – Өзіміз неге жемейміз осы­ны? Еуропаға артқалы көп болды ғой.


– Оның рас, – деді Әділбек аға. – Қазақ майлы әрі семіз балықты жақсы көреді. Сорпасын ұрттап, сазанды асып, не қуырып жегенді кім жек көр­сін? «Ал мынада не құнар бар?» деген ой бәрімізде де бар. Бірақ түрлі дәруменге бай балық осы – тісті.

Орысша судак деп жатады. Еуропада мұны мейрамханада құнарлы тағам ретінде ұсынады. Көрдіңіз бе?!

Жалпы ресейліктер бір жылда 14 келі балық тұтынады. Орташа есеппен айтып отырмыз. Ал өзіміз жылына 4 келі жейміз бе, жемейміз бе?

Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек.
Әділбек ағаның айтуынша, тағы бір кемшілік, бізде тауарлы балық өсіру тым кенже дамуда. Өзі де осы жобасы жайлы айтып берді.


– Біздің зауыт бұрынғы «Арал­рыбпромның» ізімен 2009 жылы құ­рылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шы­ғып, он жылда өнім көлемі 17 есе­­ге артты. Теңіздегі 5 участок, қо­сым­ша көлдерден балық ауланып, да­­йындалған өнімді шетелдерге шы­ға­рып отырмыз. 2012 жылдан бе­рі «Еурокод» белгісін алып, көрші мем­ле­кеттерге жіберудеміз.
Балықтың табиғи өсімі үлкен теңіз, мұхитта жақсы жүруі мүмкін. Ал шағын көлдерде балық қоры тез таусылады. Бас-көз жоқ, аулай берсе, таусылмай қайтпек?! Көл пайдаланушылар деген бар. Олар өзіне тиесілі көлді сақтауға жұмыс істеу керек. Арнайы уылдырық шайқау аппаратын орнатып, көліндегі балық түрлерін көбейтсе ғана, біздегі қор тұрақты болады, – дейді балық шаруашылығы саласының ардагері.


Әлемдік деңгеймен қарасақ, та­уарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда екен. Халқын да қосымша ба­лық өнімімен асырап отыр. Ал көрші Өзбекстанда бұл жұмыстар өте қар­қынды. Ондағы көл жүйелері тауарлы балық өсіруді әлдеқашан қолға алған.


Біздің аймақта «Балық шаруашы­лығын дамытудың 2021-2030 жыл­дарға арналған өңірлік бағдар­ла­ма­сы» іске қосылды. Аймақта 207 көл болса, соның ішінде тұрақты су­мен қамтылатын 55 көл комиссия шешімімен нақтыланған. Бұйырса, осы көлдер тауарлы балық өңдейтін шаруашылыққа айналады деген үмі­тіміз бар. Айтылған су айдындары осы шаруашылыққа көшсе, бір жағы кәсіп, екінші жағынан табиғат қоры да жақсы сақталары анық. Бұған жер­­гілікті жерден тұрғындардың жұ­мыспен қамтылатынын қосыңыз. Мей­­лі, екі адам болса да.
Біз көзбен көрген аралдық зауыт өз мүмкіндігін кеңейтуде қомақ­ты қаржы алып, біршама жұмыс­тар ат­қарған.

Мысалы, Бөген ауылын­да се­­ріктестікке қарасты мұздату це­хы және жатақхана іске қосылған. Әділ­бек Әйімбетовтың айтуынша, енді Қарашалаң ауылына жақын «До­­ма­лақ» көлінен тауарлы балық аулау шаруашылығын құрып, Қам­баш жағасынан туристік орталық тұр­­ғызылмақ. Сондай-ақ, «Арал» СДО ЖШС қалдықсыз өнім шыға­ру­ға бет бұрған. Тазаланған балық­тың қа­быршағы мен ішкі құры­лысы далада қалмайды. Олар мұздатқышта әбден қатырылып, Шым­кент­тегі жем да­йындайтын арнайы кә­сіп­орын­­ға жіберіледі. Балық сү­йе­гінен дайындалған жем мал шаруа­шылы­ғына өте қажет екені белгілі.


Теңізді өлке десек, еске түсетіні – алдымен балық. Осы арқылы Арал ауданын елестетеміз. Қуаныштысы, шеткері жатқан аудан осы үдеден шығып келеді. Ауданда Ә.Әйімбетов басқаратын өндірістен бөлек, 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның екеуінде «Еурокод» белгісі бар. Қазір 2000 жылдардың басындағы есеппен салыстыра қара­сақ, балық аулау 20 есеге артқан.

Жар ортасындағы ауыл

Өтсе-дағы айбынды Арал дәуірі,


Соқса-дағы құмды, құрғақ дауылы.


Мейлі-мейлі, егін ексін, мал бақсын,


Біздің ауыл – балықшылар ауылы.

Есігінде ілінген ау, құралы,


Бесігінде толқын жайлы жыр-әні.


Теңіз көрген, кеме мінген әр үйде


Ең кемінде бір балықшы тұрады…

Ақын Ержеңіс Әбдінің «Балықшы ауыл» өлеңінен үзінді

Сырдың төменгі ағысында мекен­деген елдің кәсібі – мал бағу, одан қалды «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген тәмсілді мықтап ұс­танған. Дарияның құяр сағасын жа­ғалай жатқан елдің жігіттері теңізде түнеп, тіршілік етеді. Сонысымен от­басын асырайды. Балық десе, бір иық бұрылып кететін әдетімізбен, біз де осындағы ауылдарды бетке алып келеміз. Барар жеріміз – балық өсіру питомнигі орналасқан Қосжар ауылы.

Қосжар ауылы


Сәл шегініс жасасақ, Ленин хатына жауап ретінде Арал балықшылары теңіз несібесін жіберді дедік қой. Ат пен түйенің күшіне сенген ата­ла­рымыз арба мен шанаға арт­қан балықты Бөгеннен бастап Қамбаш­та­ғы стансаға жеткізгенін көзіқарақ­ты оқырман біледі. 14 вагон балықты тиеген Қамбаштағы пакгауз әлі тұр. Ескі тарихтың куәсіндей болған бұл нысанды жергілікті халық ауызша «бегауыз» деп атайтын. Сапар бары­сында оны да суретке тарттық.

Өкі­нішке қарай, қазақ ғана емес, түрлі этнос өкілдерінің нәпақасын айырған қасиетті ғимараттың күйі қашқан. Бір уақытта іші-сырты әбден тоналған пакгауздың бүгінде құр сүлдері ғана тұр. Бұл да – біздің тарихымызды қадірлеуден, елдігіміздің еңсесін биік­тететін идеялардан алыстау жат­қанымыздың көрінісі.

14 вагон балық тиеген пакгауздың бүгінгі көрінісі


Қош, Қосжарға да келдік. Арал ауданына қарайтын ауыл 55 жыл бұрын құрылған. Мұнда балықшылар ғана емес, оны өсірушілер де тұрады. Анығында 1966 жылы 5 наурызда Қам­баш көлінің жағасынан теңіздің тартылуына байланысты балық өсіру питомнигінің құрылысы түсті.

Мақсаты – теңізден азайып бара жатқан асылтұқымды сазан, дөңмаңдай, ақ амур секілді балық түрлерін сақтау, көбейту, өсіру. Питомник түскесін, жұмысшы қажет. Жақын маңайдағы ауылдан көшіп келушілердің көбейген кезі де осы тұс. Міне, бір питомниктің арқасында бір ауыл осылай пайда болған деседі. Ал Қосжар деген атауға келсек, көл жағалай арасы шақырымға жуық екі жар бар. Дәл ортада ауыл орналасқан. Қосжар атауы жер бедеріне байланысты бе­­ріл­гені осыдан-ақ белгілі.


– 1965 жылы осында көшіп келдік. Сол кезде балық өсіретін тоғандар салынып жатты. Мекеме әлі жұмыс бастамаған кез. Сонда 5-6 үй ғана болды ғой. Күлмаш, Бимаш, Сүлеймен дейтін ақсақалдардың шаңырағы отырды. Қамбаштың бер жағында көне колхоздың ізі бар. «Сталин жолы» деп аталды. Сол елден де адамдар көшіп келді. Бес-алты жылдан соң мектеп, медпункт салынды. Дәуқара Аймағанбетов басшылыққа келген жылы осы Қосжарда шиферлі там­дар көбейген. Қазір бұл ауылда 100-ге жуық шаңырақ бар. Біраз аза­мат сол балық мекемесінде, одан бөлек, мектеп пен балабақша, әкім­шілік пен клуб үйінде қызмет істеп келеді. Аудандағы көп ауылға қарағанда жұмыссызы жоқ елдің бірі осы – Қосжар шығар, – деді бізбен кездескен балық шаруашылығының ардагері Шарап Байбосынов ақсақал.

Қосжарлық Шарап ақсақал


Қария өмірінің көп бөлігі питом­никпен байланысты. Осы саладан зейнетке шыққан оның әлі де ба­лық өсірушілерге үйретері көп. Бір қызығы, онда «жоғары білім», «дип­лом» деген нәрсе болмапты. Сірә, сол қатырма қағазды бұрынғы басшылар да керек етпеген сияқты. Шарап ата питомникте жай жұмысшы болып бастап, балықты қолдан кө­бейтудің жолын тәжірибе жүзінде үйренген. Сонысымен питомникте бас балық өсіруші деген лауазымға дейін өскен. Дала академиктері осылай пайда болған ғой.

Бұл кәсіпті қазір ұлы Қылышбек атқарады. Питомникке маңдай тері әбден сіңген Шарап әкеден ұлы да көп нәрсені үйренген. Қылышбек балықты өсіріп қана қоймай, оны «босандыру», аталығы мен аналығының күйін қарау, уылдырықтан бастап бір немесе екі жаздық балыққа дейінгі өсуін қада­ғалау сияқты жұмыстарды әбден меңгеріпті.


– Қарапайым тілмен түсіндірейін, – деді питомникте тоған бригадирі болып қызмет істейтін Қылышбек Байбосынов. – Үлкен 30 келіден жо­ғары аналық сазанды қолға түсіреміз. Одан бөлек он шақты аталық бола­ды. Жұмыс барысында аналық ба­лықты ұйықтатамыз. Оның да про­цесі болады. Ұйықтаған балықтың салмағын өлшеп, соған сәйкес екпе салынады. Кәдімгідей толғату жұмысы жүреді. Ұйқыда жатқан балықтың уылдырығы кәдімгі сөк сияқты су­сып түсуі қажет. Оны «балықтың жая­лығы» дейтін болады, соған сығып салып, арнайы қалбырға аударамыз.

Балық өсіру питомнигі


Ендігі жұмыс аталық балықпен болады. Ол жерден үш аталықтың шо­ғалын (ұрығын) алып, әлгі аналықтан алған уылдырыққа араластырамыз. Бұл жерде бір аналыққа үш еркек балықтың шоғалы қажет. Айт­пақ­шы, уылдырық пен шоғалды ара­лас­тырғанда, бұған тек құстың қауыр­сынын ғана пайдаланамыз. Өйтпесе болмайды, уылдырықты зақымдамау үшін құстың жұмсақ қанаты ғана жа­райды. Одан соң жаңа сауған сиыр­дың таңғы сүтінің бір литрін он литр суға араластырып, уылдырыққа қосып тағы араластырамыз.
Қылышбек ағаның айтуынша, уыл­дырықтан майда балық өніп шығам дегенше жұмыс өте күрделі жүреді. Әлгі айналып жатқан уылдырықтың екі-үш күннен соң дернәсілге (ли­чин­ка) айналып, су ішінде сусылдап жүр­генін байқайсың.
Питомникте уылдырықтан бастап 30-40 грамдық шабаққа дейінгі бағу, санау, тоғанға жіберу, тоғандағы ба­лықты жемдеу, одан көлге тасымалдау сияқты жұмыстар жыл бойы үздіксіз жүре береді.
Енді мұндағы жұмысшылардың бір тілегі бар. Ол – питомникке күрделі жөндеудің керектігі. Егер ғимарат пен басқа да құралдар, техникалар жаңартылса, бұл кәсіпорынның жал­ғыз облыс қана емес, басқа өңір­лердегі көл­дердің балық қорын кө­бейтуге шамасы жетеді.


Айта кету керек, Қосжардағы пи­томник пен оның Қаратереңдегі «Тас­тақ» учаскесінде балық өсіруге ар­налған арнайы инкубациялық цехтың бірі гуманитарлық көмек арқылы Из­раильден келген құралдармен жаб­дықталған. Облыстағы балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджет қаржысымен жыл сайын Кі­ші Арал теңізіне және «Ақшатау» мен «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы бір жаздық 14 млн 800 мың және екі жаздық 420 мың шабақ жіберіледі екен.

Ол өлсе де еті адал болмақ

Балықшы қауымды сөйлетсең, ес­кі әңгімеге жүйрік. Қосжарда кез­дескен Қылышбек Байбосынов айт­қан мына әңгімеге құлақ түріңіз. Са­пар барысында Қылышекеңе сұрақ қой­ғанбыз. Диалогқа қараңыз енді.


– Осы ең төзімді, құрғақта бұзыл­майтын қай балық?


– Кәріп қой. Дұрысы, сазан дейік­ші. Одан кейінгісі – жыланбалық. Пәт­шағар су болмаса да, батпаққа басын тығып жата береді, – деді Қылыш аға күліп.


– Сазанды естігенмін. Ресейдің ақ патшасына қалай тірі апарғаны ғажап енді.


– Сол ғой. Бұл сазан жарықтықтың қабыршағы мен желбезегі құрғамаса болды, тірі жата береді емес пе?!


– Рас екен-ау, – дедім мен. – Пат­шаға біздің аралдық балықшылар кәдімгі мөңкені сулы киізге орап апарған дегенді оқып едім. Мөңкеңіз сазан тұқымдас қой.

Атарбамен ай­шылық жүретін жерге тірі балықты қалай жеткізді десем, сулы киіз сәл дегдісе, үстіне су құя берген көрінеді. Мәскеуге дейін киізді кептірмеген болып тұр ғой сонда.


– Иә, әлгінде айтқанымдай, сырт­қы қабыршағы мен желбезегіне су тисе болды, тірі күйінде жатады.


– Онда патшаңның алдына құй­рығымен жер сабалай, шоршып түсті десеңші, – дедім мен де мәз бола.


– Балықтың қасиетін енді ұғып келеміз ғой. Әйтпесе, адам ден­саулығына керекті көп мөлшердегі дә­румендер осы балықта, – деп сөй­леген Қылышекең сәл ойлана, әңгі­месін қайта жалғастырды.

– Саған бір әңгіме айтып берейін. Мүмкін, оны газетіңе жазарсың, жазбассың. Бірақ, жүрген жеріңде айта жүрсең болады. Менің де шалдардан естігенім ғой.


– Айтыңыз, маған да керегі сол, – дедім елеңдей…


«…Бір пенде Құдайға қатты рен­жіпті» деп басталады бұл әпсананың басы. Неге ренжігенін кім білсін, әлде өмі­рінде кездескен қиындыққа төзбеді ме, әйтеуір қатты ашуланғаны сонша, «Құдайды атам» деп кіжініпті. Иә, қатты кектенгені сонша, атар оғын күні бұрын дайындап, садағын әбден сайлайды ғой әлгі антұрған.
Қош, сонымен әлгі Жаратушыға кек­ті пендеңіз бәлкім ертеңгісін, бәл­кім түсте, мейлі кеш дейікші, садағын көкке қарай кезеніпті ғой. «Әй, мен білсем, Құдайың осы тұста болар» деп оғын көздеп, садағын тартып жі­бергенге ұқсайды.


Енді қызығын қараңыз. Құдай да бұның жағдайын түсініпті. Түк те ашу­ланбапты. Керісінше, «байғұс, пен­дем-ай, сені қалай жарылқасам екен» деп кәдімгідей мейірімі түсіпті. Сөй­тіпті-дағы да әлгі ренжіген пендесінің атқан оғын кері қайтарған ғой. Бос қайтармаған, садақ оғының басына бір балықты іліп жіберіпті дейді.


Аңыздың келесі бөлігінде жаңағы кекшіл мергеннің жағдайы белгісіз. Бізге белгілісі балықтың жайы ғана. Садақ оғының басында кеткен балық кейіннен ана дүниеге барып өкпесін жеткізеді ғой.


– Уа, Жаратушым, – деп жылам­сырапты балық сонда.

– Әлгі бейшара сені тілдеп дымыңды қалдырмағанда, оны жазықты етудің орнына, мені оққа қиғаның қалай?!


– Оның рас, – депті. – Бірақ, ен­дігі жерде сенің де басыңа бір ар­тықшылықты берейін. Мен әу баста адамзатқа ненің арам, ненің адал еке­нін белгіледім. Оның ішінде өзі­не тиесілі аң-құс, жан-жануардың бауыз­далмаса, еті арам болатынын айттым. Ендігі жерде сенің етің адал. Тіпті, судан шығып, өлген күйі де адамзат пайдасына жарай бересің.

Ендігі ор­ның пейіште болады…
Міне, қызық! Малды бауыздап, адалдайтын, арам өлгеніне жуымай­тын қазақтың ауға оралып, су бетіне әлдеқашан шыққан балықты өлсе де жей беретіні осыдан шығар. Біз есіткен балық жайлы аңыз-әпса­наның бірі осы еді, оқырманым. Осы әңгіменің әсерінен айықпаған күйі Қаратереңге қалай жеткенімізді бай­қамай да қалдық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер:

Молдир үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау