Тұрақтылық – қоғамның басты құндылығы

896

0

Фото: ашық дереккөз

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуовпен кездесіп, атқарылған жұмыстар барысын тыңдады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Облыс әкімі Тәуелсіздік жылдары атқарылған жұмыстарды атап өтіп, діни ахуалды тұрақты ұстау бағытында алдағы міндеттер туралы ой бөлісті.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен барша мұсылман қауымын құттықтаймын. Облыс тұрғындарының, оның ішінде мұсылман жамағатына діни-руханияттық тұрғыда жетекшілік жасап, егемен елдің тұрақтылығын сақтаудағы еңбектеріңізді жақсы білеміз.

Өздеріңізге белгілі, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында Тәуелсіздіктің мән-маңызы мен қадір-қасиеті барынша ашып көрсетілді.

Ең бастысы, Елбасы мақсат тұтқан мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу жолында отбасы мен салт-дәстүрді – қоғамның алтын діңгегі, ұлттық мәдениетті – халқымыздың рухани тірегі, білім мен еңбекті – бақуатты өмірдің кілті етуде Мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілдігі өзіңіздің жетекшілігіңізбен қалыптасқан үрдістердің жаңарған, жаңғырған үлгісін енгізіп, бұдан да зор жетістіктерге жетеді деп сенеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атағандай, ғасырға татитын азаттық жылнамасының тұтас дәуірін тарих қойнауына құрметпен шығарып салып, мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуге жаңа міндеттерді айқындайтын төртінші онжылдық бастауынан үлкен үміт күтеміз, – деді облыс әкімі.

ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов өңірде діни ахуал тұрақты екенін тілге тиек етіп, қайырымдылық шараларын өткізу, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу бағытында бір жыл ішінде жасалған жұмыстарды атап өтті. Мәселен, қайырымдылық бағытта «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 11 пәтер беріліп, «Үміт сыйла сәбиге» жобасы арқылы 48 отбасы жәрдем алып, 28 іс-шара атқарылған. Ал, «Тайқазан», «Берекелі Рамазан сыйы» жобасы негізінде 4256 отбасы азық-түліктен көмек алған. Жалпы әлеуметтік сипаттағы осындай жобалар арқылы 3 мыңға жуық отбасыға жәрдем берілген.

Кездесуде облыс әкімі Болатбек Әбуовке кейінгі кездері індеттің жаңа вирустық штамдарының пайда болуына байланысты мешітке келетін жамағаттардың жұма намазы уақытында қауіпсіздіктік және арақашықтық сақтау мәселелеріне жете мән беру қажеттігін қаперге салды.

Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында өңірдегі 14 мешіт саны 179-ға жетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<