ТЖД БАСШЫЛЫҒЫ БАҚ ӨКІЛДЕРІН МАРАПАТТАДЫ

102

0

ТЖД БАСШЫЛЫҒЫ БАҚ ӨКІЛДЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Жұма күні облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні құрметіне орай салтанатты іс-шара өтті.

Баспасөз өкілдерін жиған шарада облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы, полковник М.Келесов ұжым атынан журналистерге игі жақсылықты тілейтіндігін жеткізді және төтенше жағдайдың алдын алу мен оны жоюдағы ақпараттық жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Сыр журналистикасындағы белсенді қызметі үшін «Сыр құтқарушысы» журналының бас редакторы С.Алдашбаев пен «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ғ.Бәйімбет ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың атынан алғыс хатпен марапатталды. Сонымен бірге, төтенше жағдайлар саласы қызметін қаламына арқау еткен жиырмаға жуық БАҚ өкілдеріне естелік сыйлықтар мен облыстық ТЖД басшылығының атынан алғыс хат табыс­талды. Департамент бастығының міндетін атқарушы Мұрат Емелұлы құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің, өрт сөндіру бөлімшелері командирлерінің, төтенше жағдай саласы қызметкерлерінің апаттан құтқару жұмыстарындағы табанды жұмысын көрсете білген журналис­тер қауымына алғысын білдірді. «Өзара біріккен іс-әрекеттеріміздің арқасында газет беттерінде, телехабарларда үнемі құтқарушылар туралы қызықты очерктер, өзекті репортаждар және публицистикалық материалдар жарияланып келеді. Департаменттің бөлімдері мен бағынысты бөлімшелері басшылары облыстық «Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам» телеарналарында тікелей эфирлерге шығып келеді» – деді.

Ресми бөлімнен кейін қаламгерлер өрт сөндіру техникалары мен құтқару құрал-жабдықтары көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ТЖД басшылығына ризашылықтарын білдіріп, әрі қарай да қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтты. Мерекелік дастарқан жайған ТЖД өкілдері журналистермен естелік суретке түсті.

Нұрбек Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз