Үкімет алдында үлкен міндет тұр

729

0

Елімізде болып өткен дүрбелеңнен кейін Мемлекет басшысының ҚР Парламенті Мәжілісінде жасайтын мәлім­демесін тағатсыздана күт­ке­німіз жасырын емес. Өйт­кені, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақ­сарту үшін  жаңа бағытта тың қадамдар жасау жолдарын айқындап алу керек болды. Оны Президентіміз өз мәлімдемесінде рет-ретімен көрсетіп берді. Ал бұл ауқымды міндеттерді жаңадан жасақталатын Үкімет жүзеге асыратыны белгілі. Сон­дықтан да жаңа Үкіметті басқа­ра­тын азаматқа үлкен жауап­кер­шілік жүгі артылатыны түсінікті. 

Президент бұл қызметке лайықты тұлға ретінде Әлихан Смайыловты атады. Ол – еңбек жолында экономика саласындағы түрлі құрылымдарды басқарған, Қаржы министрі, Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған мықты маман. Қысқартып айтқанда, оның мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар, мемлекеттік органдарда айтарлықтай сенім ресурсы бар саяси қайраткер. Дәл осындай адам қазір мемлекет пен қоғамға қажет. ҚР Парламенті Мәжілісіндегі саяси партиялар фракциялары Президент шешімін бірауыздан қолдады. Осылайша Ә.Смайыловқа үлкен сенім артылды.

Мәжіліс отырысында жаңа Премьер-Министр сөз сөйледі.

Елдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайды тұрақ­тандыру, халықтың тұрмысын жақсарту туралы Мемлекет басшысының тапсырмалары – Үкімет үшін негізгі міндет.

Елімізде болып өткен жаппай тәртіпсіздік Қазақстан Респуб­ликасы имиджіне, оның ішінде экономикамызға инвестиция тарту ісіне айтар­лықтай нұқсан келтіргені белгілі. Осы орайда жаңа Премьер-Министр ұлттық инно­вациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жоба­ларға отандық және шетел­дік инвестицияны тарту үшін елдің инвестициялық тартым­дылығын арттыру бағытындағы жұмыстар қолға алынатынын айтты.

Қазіргі кезең әлем елдері экономикасы үшін күрделі болып тұрғанын жақсы білеміз. Сол себептен Әлихан Асханұлы Үкіметтің алдында тиімді макроэкономикалық саясатты жүзеге асыру, жаһан­дық өзгерістердің әсері­не ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, эконо­микалық өсуді орта мерзімдік уақытта 5 проценттік деңгейге жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Президент Жолдауының өзегі болып келді. Жаңа Премьер-Министр бұл мәселе айрықша назарда болатынын атап өтті.

«Қазіргі кезде Мемлекет басшысының жетекшілігімен елдің егемендігі мен ұлттық қауіп­сіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, іске асатын болады» деді ол.

Бизнес саласы өркендемей, экономикамыз алға баспайды. Осы ретте Үкімет басшысы бизнес климатты жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мен жалақыны көтеру жөніндегі кешенді шаралар азаматтардың нақты та­бысының өсуіне ықпал ете­тініне тоқталды.

Халықтың денсаулығын сақтау – аса маңызды мәселе. Сол себептен қазіргі эпи­де­мио­логиялық ахуалды жақсарту бағытында коронавирус індетін еңсеру міндеті тұр.

Жалпы Үкімет жұмысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Жаңа Премьер-Министр бұл зор сенімді ақтайды деп үміттенеміз.

Бақдәулет МАХАШОВ,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<