Ұланы ұлтына пана болса игі

582

0

Баса назар аударуды қажет ететін бір нәрсе бар.

Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын  өтеуден қашады.

Әскери билетке ие болу жастардың  мақтанышын тудырмайды және Отанға  қызмет етудің белгісі саналмайтын болды.

Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия.

Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған  азаматтардың саналы таңдауы.

Жастарымызды әскери борышын өтеуге  қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл  қоғам болып ойластыруымыз қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сыр өңірінен жыл сайын мың жарымға жуық кейде одан да асатын жастар әскерге аттанады. Мысалы, кешегі өткен күзгі науқанда 700-ден астам жігіт сапқа тұрса, алдағы көктемгі шақыртуда 800-дей азамат Отан алдындағы борышын өтейді.

Денсаулығы мықты, қосымша шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар өңірде жеткілікті. Олар ҚР Қарулы Күштері қатарына, ҚР ҰҚК Шекара қызметінде, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланы мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімдер және Мемлекеттік Күзет қызметінде борыштарын өтеп жүр.

Бір сұрақ бар. Қазақ әскері біз үшін несімен қадірлі? Бейбіт заманның тірегі болып тұрған қазақ әскерінің кешегі мен бүгінгі болмысын тағы бір ой елегінен өткізсек игі.

Айбатты әке болмай айбарлы ұл жоқ

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие және идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстары басқармасының бастығы, подполковник Алмат Жақыповпен бірге от пен оқтың арасынан, дұрысы, тәжік-ауған қақтығысына қатысқан және бір ардагеріміз де қазақ армиясы мен сарбаздары жайлы пікірін білдірді. Кем-кетігін ашық айтып, жетістіктерді де жоғары бағалап өтті.

– Қазіргі қоғамға айбарлы әке жетіспейді. Ол жоқ болған соң айбатты ұл да аз, – дейді облыстағы тәжік-ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Орынбайұлы. – Ірі сөйлеуде, ұсақталуға жол бермеуде әкенің рөлі зор. Жігітті жігіт етіп дайындайтын, қызды ибалы етіп өсіретін өз ата-анасы.

Шыны керек, біздің қоғамда отбасы ішінде әйелдің рөлі тым басым. Екіншіден, бүгінгі мектептегі ««Алғашқы әскери дайындық» пәні жоғары деңгейде өтпейді. Рас, өз пәніне адалдықпен қарайтын педагогтер жеткілікті. Жалпы осы пәннің жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беруде үлесі барын біз түсінуіміз керек. Сабақ автоматтың оғын шашумен не сапқа тұрғызып, ары-бері жүргізумен шектелмейді. Одан жас буынның рухы оянып кетпейді. Күнім өтсе, айлығым жүрсе дейтін осы пәннің кейбір мұғалімдері бары жасырын емес. Мұғалімдер жиі білімін көтеріп, пән бойынша ылғи өз-өздерін дамыту жұмыстарын жүргізсе, оның білгенін бала да үйренер еді. Екіншіден, ер жігітті дайындауда жалғыз физикалық жаттығу ғана емес, рухани құндылықты да ұмытпаған жөн.

Шыны керек, біздің қоғамда отбасы ішінде әйелдің рөлі тым басым. Екіншіден, бүгінгі мектептегі «Алғашқы әскери дайындық» пәні жоғары деңгейде өтпейді. Рас, өз пәніне адалдықпен қарайтын педагогтар жеткілікті. Жалпы осы пәннің жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беруде үлесі барын біз түсінуіміз керек. Сабақ автоматтың оғын шашумен не сапқа тұрғызып, әрі-бері жүргізумен шектелмейді. Одан жас буынның рухы оянып кетпейді. Күнім өтсе, айлығым жүрсе дейтін осы пәннің кейбір мұғалімдері бары жасырын емес. Мұғалімдер жиі білімін көтеріп, пән бойынша ылғи өз-өздерін дамыту жұмыстарын жүргізсе, оның білгенін бала да үйренер еді. Екіншіден, ер жігітті дайындауда жалғыз физикалық жаттығу ғана емес, рухани құндылықты да ұмытпаған жөн.

М.Орынбайұлының айтуынша, бір мектепте жоғары сыныпты бітіретін 50 бала болса, ол тізім жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімде тіркеліп тұрады. Сол балалармен мектеп кезінен бастап жұмыс істеген лазым. Алдымен рәміздерді сүюге тәрбиелеу қажет. Гимн ойналғанда атып тұрып, қолды кеудеге қойып шырқай кететіндей үрдіс болу керек. Ардагерлермен, әскери ерлігімен көзге түскен батырлармен кездесуді жиірек ұйымдастырып, жақын маңда әскери орындар болса, міндетті түрде апарып көрсеткен дұрыс. Көзбен көргенде ғана көңіл сенеді. Сап түзеген сан әскердің қатарында «мен де тұрсам ғой» деп армандайды. Ал бізде керісінше, мектеп алаңын айналдыра жүгіртіп, әскери форманы бір мезгіл кидіруден асқан емес. Кездесулер жоқ демейміз, бірақ тым аз.

Айтпақшы, Марат ағаның өзі бала күнінен өнерге жақын болып, баян аспабында ойнапты. Күрес секциясына қатысып, талай жүлделі орындарды иеленген.

– Менің айтпағым да осы. Әрбір ата-ана баланы бос отырғызбаса екен. Ұялы телефоннан алыстау ұстатып, түрлі пайдалы үйірмелерге үйір қылу қажет. Мысалы, мен оқушы кезде оқушылар үйіндегі концертке қатыстым. Есімде әлі, сонда Ұлы Отан соғысының ардагерлері болды. Расы сол, мен олардың түріне емес, кеуделерінде толған орден-медальдарға қарап қатып қалыппын. Батырлар осындай болады деген оймен, «мен де батыр боламын, елімді қорғаймын» деген қиялға берілдім. Патриоттық сезім бала күннен оянды осылай. Кейін Отан қорғау үшін тәжік-ауған шекарасына аттандық. Абыройсыз болмадық. Оқушы күнімдегі сол көрініс әскерде де, тіпті әлі де санамда жаңғырып тұр. Бала біткенді осындай жылы естелік берер түрлі патриоттық шараға жиі қатыстырсақ екен, – дейді Марат Орынбайұлы.

Заң жүзінде міндеттелу керек

«Әскерге бару-бармау деген мәселе болмауы тиіс. Отан алдындағы борышын өтеуді заң жүзінде міндеттеу керек». Бұл – қалалық тәжік-ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалмұрат Рахматуллаевтың пікірі. Иә, әскерге бару бұрыннан міндет емес пе дерсіз. Бірақ денсаулығы жарап тұрып, түрлі жағдаймен сылтаурататын ұл көп бізде.

– Мысалы, әскерге бармаса, мемлекеттік қызметке алмау керек. Бізде көбіне-көп жоғары оқу орнынан кейін бірден жұмысқа тұрып, әрі қарай өз тіршілігімен кететіндер бар. Болмаса оқу бітірген соң дипломын қолына бермесін. Әскери кафедрадан бөлек, әрине. Бітірді деген анықтамасын қолына беріп, әскери қызметті міндеттесін. Борышын өтеп келген соң ғана дипломын алып, жұмысқа тұру шартын қойса, қоғамда нағыз ысылған, өмір көрген, жан-жақты азаматтар қалыптасар еді. Ашығын айтайын, кешегідей мародер-бүлікшілер болмас еді. Өйткені, әскери өмір адамды тәртіптен бөлек, адалдыққа, бірлікке, біреудің затына бүлдірмеуге  және қолсұқпаушылыққа, тәрбиелейді, – дейді Қ.Рахматуллаев.

Екі ардагердің де пікірі үндес. Тыңдап қарасаңыз, барлығы мектеп қабырғасындағы жергілікті әскери бөлімге тіркелген ер балалардан басталуы керек. Барлық әскерге жарамды ұлдың тізімі алынып, бөлімнен департаментке, департамент министрлікке жолдау арқылы бір аймақта қанша болашақ сарбаз бары жыл сайын нақтылануы тиіс. Солай етіліп жатқан да болар. Сол нақтылыққа байланысты бюджетке тапсырыс беріліп, төсегі, тамағы, жатар орнының қаржысы шешілгені тағы керек. Солай барлық жарамды ер балаларды алып кетсе… Түгелдей…

– Жоқ, бізде керісінше, әр облысқа шектеу қойып қойған. Күзде пәлен жігіт, көктемде пәлен жігіт дайындайсыңдар деген сияқты. Мысалы, бір жігіт әскерге барғысы келеді. Қатарымнан қалмасам екен дейді ғой. Военкоматқа келеді. Денсаулығы жарап тұр. Келсе орын жоқ. Ренішпен, қолын бір сілтейді сосын. Өкініштісі осы. Әрине, қаржылық мәселе шығар. Бірақ, жасы келіп, денсаулығы жарамды ұлдың барлығы барса, біз бұдан ұтылмаймыз. Құдай қаласа, Президентіміз бұл мәселеге қатты назар аударып отыр. Оң шешімін тауып, жарамды ұлдың барлығы түгелдей Отан қорғауға аттанса, ұтарымыз көп. Әлгіндей шектеусіз жіберу керек, – дейді тәжік-ауған соғысының ардагерлері.

Бұған қоса қос ардагер қоғамның кемшілігін айтпас бұрын, үй-ішіңнің ынтымағын тәртіпке келтірген дұрыс деген де пікір айтады.

– Барлығына жала жабудан аулақпыз. Бірақ «Басқа бәла тілден» демей ме?! Отбасында отырып, баланың көзінше айтатын әңгіме болады. Болмайтын да жағдайлар бар. Қазір әкесі отырып мемлекетті жамандаса, шешесі әкиматты қоса сыбайды. Ал оны естіген балада туған еліне, Отанына деген жеккөрініштілік пайда болмай ма? Отбасы басында мұның не қажеті бар? Дұрыс, кемшілікте бар шығар, бірақ оны тиісті орынға жеткізген дұрыс. Кешегі дүрбелеңде жастардың көбін байқадық. Ызақор, шыдамсыз. Мемлекеттің не екенін олар түсініп тұрған жоқ. Бар білері, өз үйінде, өз әке-шешесінен естіп алған жағымсыз дүниелерді ғана көріп тұр. Тағы бір себеп – ұялы телефон. Оның ішінде бәрі бар. Сайттар, атыс-шабыс ойындары. Соны көрген кейінгі буынның кешегі әрекеті тонаушылыққа жалғасқан жоқ па? – дейді кешегі от пен оқтың арасынан аман келген Марат пен Құлмұрат ағамыз.

Құрылысшылар батальоны қайда?

Байқап қарасаңыз, біздегі үлкен қалалардағы көп құрылыстың басында сырттан келген жалдамалылар жүреді. Мәселен, Өзбекстан мемлекеті дейікші. Құрылысқа қажет қосымша күш неге сырттан келуі тиіс?

– Қаншама тұрғын үйлер, мемлекеттік ғимараттар салынып жатыр. Бірақ олардың құрылысшылары өзімізден бөлек, сырттан келгендер. Басым көпшілігі өзбек-тәжік азаматтары. Демек, оларға төлеген жалақы сырт елге кетіп жатыр деген сөз. Ау, неге құрылысшылар батальонын ашып, солардың еңбегін пайдаланбасқа? Бұрын Кеңес үкіметі кезінде әскери құрылым ішінде мұндай болды емес пе? Белгілі бір шектеу қойып, санаулы баланы әскерге алғанша, осылай күштік құрылымды көбейткені дұрыс деп есептеймін. Әрі әскери өнерге машықтанып, әрі еңбекке пісіп, нағыз ер-азамат ретінде үйіне оралатын болады, – дейді Қалмұрат аға.

Рас. Елде мұндай «стройбат» құрылса, мемлекетке пайдасы да көп. Ең жақсысы сол жерден құрылысқа қажетті мамандығын ала алады. Мысалы, сылақ сылауға иекемі бары «сылақшы», кірпіш өруге ынталысы «тас қалаушы» сияқты өнерді үйренбейді деймісің? Дәнекерлеуші, ағаш ұстасы сияқты мамандар бүгінде таптырмайды емес пе?! Тіпті әскери билетіне қосымша осы мамандықты қосып жазып берсе, оның келешек жұмысқа орналасуына да көп көмек.

«Әскерге бармаған жігітке күйеуге тимейтін»

Кейде әзілге жүгініп жатамыз. 7-мамыр мерекесінде кейбір қыз-келіншектер тарапынан «бұл әскерге барған жігіттердің мерекесі, саған не қатысы бар» деп, Отан алдындағы борышын өтемеген жігіттерді тұқыртып та алатыны бар. Десе де әзіл астарында шындықтың да қылаң беріп қалатыны жасырын емес.

– Бұрын шешелерімізден естіген мынадай сөз болды. «Әскерге бармаған жігітке күйеуге тиюді намыс көретінбіз. Талай қыз «ой, ол армияға бармапты ғой» деп мұрнын шүйіріп өтетін. Соны намыс көре ме, қатар өскен ұлдың барлығы үдере әскерге аттанатын. Бірлі-жарымы болмаса, мектеп бітірген ұлдардың 90 проценті екі не үш жылдық мерзімін өтеп келеді». Осылай дейтін. Бұл – кеңестік кезеңдегі жүйе. Әскерге барып жігіттігің сыналар уақытты сол заманның бойжеткендері де қатты бағалаған, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие және идеологиялық, әскери патриоттық жұмыстары басқармасының бастығы, подполковник Алмат Жақыпов.

Қазір де жігіттер көп. Әскерге баруға құлшынып тұрады. Бірақ, бәрі бірдей жарай ма бұл қызметке? Жас жігіттер арасында көз аурулары кездеседі. Сондай-ақ қан қысымымен ауыратындар жетерлік. Әсіресе, біздің облыста көп. Әбден медициналық сараптамадан өткізіп, жарамды жігіттер ғана әскерге кетуде. Айтпақшы, бұрынғы 2 жылдық мерзім 2006 жылы бір жылға ауысқан. Содан бері әскерге сұранушы көбейіпті. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өтетінін есептегені ме, кім білсін?!

Сондай-ақ, әскердегі әлімжеттік жайлы естіген ата-ана баласын жібергісі де келмейді. Біздің білуімізше, қазір мұндай жағдайлар тыйылған. Подполковниктің айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріндей емес, қазіргі әскери бөлімдегі жағдай мүлде басқаша. Тамақтану жағы, маусымдық киім, жоспарлы іс-қимыл, бәрі дамыған. Облыс бойынша колледж бітіретін жігіттерге де департамент тарапынан ұсыныс жасалып жатқан көрінеді.

– Мысалы, олар үш жыл бойы бір колледжде, бір топта оқыды. Енді неге солар денсаулығы жарап тұрса, бір жерге, бір қалаға, бір әскери бөлімде қызмет атқармасқа?! Қазір оқу орнындарына осындай әңгімелесу жүргізіп жатырмыз. Екіншіден, бұрынғы кезбен салыстырғанда әскери бөлімдегі жағдай мүлдем басқаша. Күнделікті тамақтану өте жақсы, жеміс-жидек, құнарлы дәрумендер беріледі. Маусымдық әскери форма, жаз бен қыс мезгілінен бөлек, спорттық дайындыққа да киім бар. Демек, сарбаз әскери нормативтерін жақсы орындай алады емес пе?! – дейді ол. 

Бір қарын ашатын дүние бар. А.Жақыповтың айтуынша, бүгінгі жас буын әскерге баруды құжатты болумен шатастырады. «Әскери билетім бар, демек мен жұмысқа тұрамын». Ал бұл жерде кейбір жігіттерімізде «Отанды сүю», «Азаматтық борышымды атқару» деген құндылық әсте көрінбейді. Екіншіден, қазақ батырларын, тіпті Бауыржан Момышұлын танымайтын жігіттер бар. Оларды танымаған соң, Сыр бойында қанша генерал немесе туған жерімізде қандай батырлар өмір сүргенін сұраудың өзі артық.

– Әскери өмір жігіттің нағыз шыңдалуына жол ашады. Жай бір жыл уақыт өткізіп, құжат алу емес. Адами тұрғыдан кез келген қиын жағдайға дайындыққа үйретер орын бұл. Бүгінгі ата-аналар да, әскерге талаптанушылар да осыны түсінсе екен. Несін жасырайық, ұлды да, қызды да көп өбектеп кеткенбіз. Балабақшасына да, мектепке де машинамен тасимыз. Сәл жел тиіп ауырса, уайымдап, тіпті, өзіміз киіндіреміз, өзіміз жуындырамыз. Тіпті, күнделікті байқаймын ғой, әскерге дайын баласының артынан жылап келетін ата-ана да көп. Осыдан кейін болбыр жігіт пайда болмайды деп ойлайсыз ба?! Біз алдымен мұғалім не басқа тұлғаларды жамандамас бұрын өз баламыздың түзу өсуін қатты қадағалауымыз керек. Өйткені, біз не істесек, қалай жүрсек, ол да сол ізбен келеді, – деп түйіндеді А.Жақыпов.

Тағы бір айта кететін жайт, әскерге бару үшін тиісті комиссиядан өтуі қажет. Ал барам деп тұрған адамның алдын кес-кестейтін сыбайластық деген дерт бар. Мұндай жағдай кездесіп тұрады. Болмаса баласын алып қалу үшін денсаулығынан жалған кінәрат тауып, өтірік анықтама жаздыратындар да кездеседі.

– Жоқ дей алмаймыз. Сирек болса да кездеседі. Егерде қандай да бір әскерге денсаулығы жарап тұрып, ол азаматтан әскерге бару үшін ақша сұраса немесе барғызбау үшін де сыйақы дәметсе, бізде департаментте арнайы «Қарулы күштері – Адалдық алаңы» атауымен колл-центр жұмыс істейді. Нөмірі 1424 немесе 8(7242)246673. Сыбайлас жемқорлық белгісі байқалса, кез келген уақытта хабарласа аласыз. Сондай-ақ әскери билетті міндетімді өтемей-ақ жасатып алам деу де бос әурешілік. Екіншіден, бізде әскерге барам деп жұлқынып тұрғандар да, бармаймын деп сырғақсып қашатындар да жеткілікті. Жалғыз ұлын жібергісі келмей заңдылығын сұрайтын ата-аналар да келеді бізге. Тіпті спорт шеберлері де бар. Әскерге барғысы келмейді. Себебін де ашып айтпайды. Жұмыс істеймін деп сылтауратады, – деп ашығын айтты подполковник.

Дегенде, бұрынғымен салыстырсақ, қазір жастардың әскери борышын өтеуге деген құлшынысы артқан. Көктем мен күзгі шақыру кезінде 18-ден асқан жас жігіттердің қағазын құшақтап, жергілікті әскерге шақырту бөлімінде кезекте тұрғанын жиі байқап келеміз. Бұл қуантады. Сарбаз атанғандар біржылдық борышын еркін атқарып жүр. Айтпақшы, ақшасын төлеп, азаматтық парызын бір айда өтеп жүргендер де бар. Ол да сапта тұрып, қару ұстауды үйренеді. Ал әскери бөлімде келісім-шарт бойынша қызмет ететіндер екібастан көбейген. Иә, атқа қонар азаматың көп болса, айбының асқақтамай қайтеді?!

Түйінін айтқанда, намысты ұл өсіру ұядан басталады. Отбасы, оқу орны, әскери өмір, міне, осының бәрінде үндестік ұғым үйлесім тапқанда ғана қорғаның қуатты болмақ. Оны осы қаңтар көрсетті. Сабағынан нәтиже шыққаны абзал. Ұлтына пана болар ұлан керек, ал оны тәрбиелейтін туған ұясынан бастап мемлекеттің бар мүмкіндігі игілікке асуы қажет.

Президент сөзінің өзегі осында деп ойлаймыз.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»