Қызылорда қаласының Қорғаныс істер жөніндегі басқарма бастығы, полковник Сейтек Шамшырақов: “ӘРБІР ЖАС ӨЗІНІҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТІН СЕЗІНСЕ ДЕЙМІН”

51

0

– Сейтек Мирасбекұлы 1 сәуірден бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке ресми шақырту басталды. Шақырту жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Иә, көктемгі шақырту басталмас бұрын балаларды зерделеген болатынбыз. Яғни, олардың отбасылық жағдайы, денсаулығы, білімі мен біліктілігі, немен шұғылданады, т.с.с. Осының барлығын сарапқа салдық. Қазір комиссиялық тексеруден тегін өткізіп, 200 азаматты әскер қатарына алуға жұмыстар жасалуда. Шақырту ісіне қала әкімдігі көмектесуде. 
– Әскери борышын өтеуден бас тартатындар бар ма? Оларға қандай шара қолданылуда?
– Өкінішке орай ондай кездеседі. Барлық жағдайы дұрыс, ешқандай кедергі болмаса да өздерінің қалауымен бас тартып жатады. Күзгі шақырту кезінде осындай 4 азамат анықталды. Олардан түсініктеме алынып, қалалық әкімдікке хат жолданды. БАҚ арқылы себепсізден-себепсіз азаматтық борышын өтеуден жалтарып жатқандығын көрсеттік. Қазіргі сәтте қадағалауда тұр.  Ал, осы жылы мұндай жағдай орын алған жоқ. 
– Қандай жағдайда борышын өтеуден босатылады?
– Заң бойынша үш жағдайда босатылады. Бірінші, отбасылық жағдайына байланысты. Яғни, мүгедектігі не  үйінде қараусыз қалатын жан болса. Сондай-ақ, отбасының бір мүшесі әскерде борышын өтеп жүргенде қайтыс болса босатылады. Екінші, жоғары оқу орындарында оқитын жастардың оқуын жалғастыруына орай. Демек, азаматтар оқып жатқан білім ордасынан анықтама әкеліп өткізеді. Соған сәйкес оқуын аяқтағанша оларға біздің тарапымыздан шақырту болмайды. Ал, өзге де себептерге байланысты босатылатындар бар. Оған ауылды жерлерде мұғалім немесе дәрігер секілді қызмет атқарып жүрген жастар кіреді. Жұмыс орнының анықтамасы мен еңбек келісім-шартына сай босатылады. Осы секілді арамызда жас депутаттар жұмыс жасайды. Оларды да мандаттық қызметі біткен кезде ғана әскерге шақырта аламыз.
– Бүгінгі күні әскерге азаматтарды келісім-шарт негізінде алу көзделуде. Яғни, Қорғаныс министрлігі  кәсіби әскерге ауысу үрдісін қолға алып жатыр. Осы  жөнінде айтып өтсеңіз.
– Жастарды келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдаудың жаңа кезеңі бізде де басталды. Жоғары қолбасшы, Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жолдауында «Отанымыздың қарулы күштері кәсіби армия болуға тиіс» деген болатын. Сол себепті де, кәсіби армия мемлекет қауіпсіздігінің кепілі болып саналады. Бұл сапалық жағынан әскерлердің жауынгерлік қабілетінің қажетті деңгейге жетуін, жасақтау жүйесін одан әрі жетілдіруді, әскери іске үйретілген резерв даярлаудың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді. Сондықтан, отанымыздың егемендігі мен тұтастығын қорғауға дайын кәсіби сарбаздар біздің елімізге керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, өздеріңіз де білетін боларсыздар, әскери қызметкерлер мемлекет тарапынан тұрғын үймен, заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, еңбекақының 20 апайызы зейнетақы қорына тұрақты аударылып тұрады. Бұл ретте мұны мемлекеттің жасаған көмегі деп білу керек.
– Қала жастарының әскерге баруға деген құлшыныстары қандай?
– Мен әскери қызметте 1994 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Осы жұмыс кезеңімді үшке бөліп қарайтын болсам, 1994-1998 жылдары жастар аз келетін. Ол кездері тамақ дұрыс емес, киім жетіспеу секілді қиыншылықтар болды. Екінші кезең  1998-2008 жылдары, бұл тұста жұмысқа тұруға әскери билет қажет болған үшін баруға шешім қабылдайтын. Ал, қазір олай емес, жастардың көзқарасы өзгерді. Борышын өтеуге деген  қызығушылық бар. Тіпті, 70 пайызы әрмен қарай қалуға талпынады. Бұл өз кезегінде өте жақсы көрсеткіш.
– Бұрын сарбаздар Отан алдындағы парыздарын 2 жыл бойы өтейтін. Кейін бір жылға қысқартылды. Қазір 27 жастан асқанда бір айға барып өтеп келуге де болады. Осы бір жыл мен бір айда алатын әскери билетте қандай айырмашылық бар?  27 жастан кейінгі бір айлық әскери өмір жайын айтып берсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, 22-27 жас аралығындағы жастар өздерінің еріктерімен, қалауымен барады. Ал, мына 27-32 жас аралығындағылар запастағы әскери міндеттілер болып есептеледі. Бүгінде «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда филиалы базасында ақылы негізде әскери-техникалық мамандық бойынша мерзімді әскери қызмет өткермеген азаматтарды даярлап жатыр. Оқу мерзімі – бір ай, 10 күн. Оқу аяқталғаннан кейін әрбір азаматқа әскери мамандық алғаны жөнінде сертификат беріледі. Бұл сертификат әскери билетті беру үшін негіздеме болып табылады. Сондықтан бір ай мен бір жылда өтеп келген билеттің ешқандай айырмашылығы болмайды. 
– Өзіңіз білесіз, соңғы кездері әскерде түрлі келеңсіз жайттар орын  алуда. Ата-аналар балаларын әскерге жіберуге қорқып қалған. Айтқым келгені, әскерде әлімжеттік бар ма?
–  Расымен, бұрынғы кездері азаматтардың қашып кетуі, жоғалуы секілді оқиғалар болған. Қазір тамақ, киім барлығы бар, жағдай қарастырылған. Кез келген сарбазға ата-анасымен хабарласып тұруға болады. Басқа қалаларда жоқ, бірақ біз арнайы екі тілде жадынама дайындап қойғанбыз. Онда әскери ант, Әнұран, психологиялық кеңестер жазылған. Тіпті, белгілі бір жағдай бола қалса, барлық аймақтың әскери прокуратурасының нөмірі көрсетілген. Соған хабарласып, жағдайын түсіндіре алады. Сондай-ақ, әскерге кеткен әрбір сарбаздың амандығы бізге жүктелген міндет. Борышын өтеп келемін дегенше, біз де оларды қадағалап, бақылауда ұстап отырамыз.
– Әскерге шақыртудағы негізгі проблема не?
– Біздегі басты мәселе шақырту кезіндегі тіркеу болып отыр. Жастар өз міндеттерін білмейді. Яғни, жасы 18-ге келсе, бізге келіп тіркелу қажеттігін, мекен-жайын ауыстырса, ауысқанын айтып өзгерту керек екенін ескере бермейді. Осыдан келіп шақырту жібергенде айтылған мекен-жайда болмай шығады. Енді біреулері вахталық әдістегі жұмысқа немесе егістікке кетіп қалады.  Оны қайтадан іздестіреміз, уақыт жоғалтуға тура келеді. Кез келгені келіп қайда жүргенін, немен айналысып жүргенін айтып, ескертуі керек. Бір кездегідей баруға міндеттісің деп қинап жатқанымыз жоқ. Мемлекет барлық қолайлы жағдайды қарастырған. Жұмысың болса, келесі шақыртуға қалдыруға болады. Дегенмен, халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесіп жұмыс жасап, сол арқылы азаматтардың тұрақты мекен-жайларын анықтап отырмыз. Жалпы, әрбір жас өзінің Отан алдындағы міндетін сезінсе екен деймін. 
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз