Жаңа ғасырда жастарымызға жасампаздық тіледік

1346

0

…Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.


Елбасының Жастар жылының

ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен.

Көрінген таудың алыстығы жоқ дегендей, алдымыздағы ағалардан кезегімен өтіп, үлкендік дегеніңіз бүгінде келіп қалыпты бізге де жетіп. Ақсақалдық ауылына маңдай тірегенімізде ұлтымыздың ұстазы хакім Абай атамызша «қартайып, қайғы ойламасақ» та ұлғайды арман. Диалектикалық материализм заңы бойынша тозбайтын темір, озбайтын өмір жоқ. Ескінің орнын жаңа, жасы жеткеннің орнын жас басатындығы ақиқат. Ай мен Күн аман тұрғанда әке мен бала, ұрпақтар сабақтастығы мәселесі мәңгілік. Дөңгеленген дүниеде «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз». Атадан парыз – балаға қарыз. Еңдеше, ақыл айтарлық алпыс жастың арғымағын ерттеп мінген мендағы ізімнен ерген іні-қарындас, ұл-қыздарыма көкейімді кернеген, өмірлік тәжірибемнен түйген ойларымды, ақыл-кеңесімді  айтып бағайын. Оның үстіне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жауапкершілікті сезіне отырып, жастар саясатына қолдау көрсету, бұған барша ардагерлердің баға жетпес өмірлік бай тәжірибесін, ақыл-ойын жұмылдыру қажет деп білемін.

Мына заман қай заман? Бір жылы ғасырға татырлық оқиғалары өріп жатқан, отбасынан бастап сонау ғарышқа дейінгі аумақ пен уақыт ауқымында күні кеше өңің түгілі түсіңе енбеген ғаламат жаңалықтар болып жатқан, ет пен сүйектен жаралған адамды тұла бойы зіл темірден тұратын құлтемір-робот алмастырып жатқан, жасанды интеллект барған сайын қанатын кең жайып, күш алып бара жатқан ғарыштық зымыран заманда өмір сүріп жатырмыз. Ал осы 21-ші ғасырдың адамы қандай болуы керек? Бұл сауал ең алдымен бар болашағы алда жас өрім жастарымызға тікелей қатысты. Өркениет көшіне ілескен егемен еліміздің, қалың қауым қоғамымыздың басын қатыратын басты проблемасы да осы. Өткен ғасырда қазағының қамын жеген алаштың арыстары айтқандай: «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықпақ». Шүкіршілік. Өрімдей жастың өркенді келешегін ойлайтын елі мен Елбасы  бар екен. Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің өткен жылдың соңына таяу Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында отандастарымыздың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты Үкіметке жүктеген бірқатар нақты тапсырмалармен бірге жаңа  2019 жылды Жастар жылы деп атауды нақтылады. Президент жаңа жылдың басында Астанадағы «Нұр әлем» павильонында бүкіл республика бойынша жиналған жеткіншек ұрпақ өкілдері бас қосқан үлкен жиында «Жас­тар жылының» салтанатты ашылу рәсімін жариялады.

Осы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты шара басталар алдында Елбасы «Жас қазақстандықтардың жобалары» көрмесінде «NNaimi.kz», «Shoqan suits», «Qazaq eli», «Beyond», «Kusto Group» секілді табысты жобалармен танысып, Үкіметке бұл бастамаларды қолдап, жүзеге асыруды тапсырды.

Әр салада жетістікке жеткен жастар алдында кәсіпкер Расул Абдуллаев елімізде ребрендинг жасайтын ұйым құруды ұсынса, тағы бір белсенді жас Тамила Розметова Астанада алма бағын отырғызатынын айтты. Ал 13 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш 1 минутта 1200-ден астам кітапты латын қарпіне аударатын жобаны таныстырды. Құсбегілік өнерді әлемге танытқан моңғолиялық қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызы алыстағы ағайынның сәлемін жеткізіп, Елбасын Баян-Өлгей өлкесіне шақырды. Расында, «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінерлік болса ол». Қылшылдаған қырмызы жасында дара талантымен көзге түсіп, сара дарынымен танылып, қатарластарынан қара үзіп, өздерінің ден қойған басым бағыттарында тамаша табыстарды олжалап жүрген мұндай жасампаз жастармен қалайша мақтанып, марқаймасқа. Бағымызға орай әлгіндей ұлтымыздың үкілі үмітіндей болып отырған, бойына біткен талантымен тас жаруға талпынған, болашақтың жарық жұлдызы болуға ұмсынған ұл-қыздарымыз баршылық.

Иә, сонымен тәуелсіздігіміздің тарихында тұңғыш рет жоғары билік тарапынан жаңашырлықпен жарияланған Жастар жы­лының тұсауы кесілді. Халқымыздың ертеңгі өмірге деген сенімі жүктелген шарапатты шара сөреден қанат қақты. Ал жастың мұраты ақын айтқандай: білім, тәлім талабы, өнер, оқу – оның қару-жарағы. Бағымызға орай біздің егемен елімізде жастарымыздың алдына қойылған қандай да бір күрделі, қуатты, өршіл, өзекті, мейілінше батыл міндеттерді ойдағыдай игеріп, орындап шығуға барша мүмкіндіктер бар. Арғы замандардағы даңқты ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен бізге ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы кетілетін осыншама ұлан-ғайыр жерді мирас қылып қалдырған. Ал Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық зерттеу еңбегінде атап көрсеткендей, қазіргі қазақтың баласы осы Ұлы даладағы Қазақ мемлекетін Мәңгілік Елге айналдыра алса игі. Еуропаның әлденеше елдері толайым сыйып кететін құлашын кең жайған қасиетті жеріміздің асты-үсті толған қазына. Өткен ғасырдан бастап халқымыздың қамын жан ауырта ойлаған дана қайраткерлеріміз жүздеген жылдар бойы мүлгіген қазақтың санасына тыңнан түрен салып, жаппай сауатылыққа бетін бұрған. Бүгінде біздің ғылыми-ағартушылық, техникалық потенциалымыз қуатты. Индустриалық-инновациалық ілгерілеудің негізі қаланған. Сөйткенмен, бар болу, бай болу бір басқа да, ал оның нәтижесі мен игілігін толықтай көру әзірге ақырына дейн қол жеткізе алмай жүрген аңсарлы арман, мұңымыз ғой. 

Жастар тақырыбы жан-жақты, сан қырлы. Әсіресе, бүгінгі бүкіл өміріміз интернетке телінген, әлемде күн сайын жаңарып жатқан техника мен технологияларға негізделген ұшқыр дәуірде бұл сыңайлы сұрақтың жауабы шексіз. Қазіргі жаһандану заманында барлық елде, жерде, кеңістікте бәсекелестік бел алып тұр. Өмір деген күрес, тіршілік үшін текетірес. Сондықтан жаңа ғасыр жастарының уақыт алға тартқан талапқа, сұра­нысқа сай болуға талпынбасқа әддісі жоқ. Олар жан-жақты терең сауатты, білімді, бі­лікті, қабілетті, ізденгіш, талпынғыш, талапты, талантты, ал мұның бәрін мінсіз меңгеру үшін ерінбейтін еңбексүйгіш болуы қажет.

Шынайы шындықтың шымыл­ды­ғын түрсек, кешегі кеңестік кезеңдегі насихатталған идеология бойынша ұжымдық (коллективтік) іс-қарекеттерге басымдық беріліп, бар мәселені топтанып жүріп жұмыла атқарған жұмыс шешеді дейтін. Сөйте тұра қызыл империяның көсемі Сталин жолдас «бәрін де кадрлар шешеді» деп, кәсіби дайындығы күшті маманға мейлінше ықылас қойған. Ақиқатында, батыста баяғыдан-ақ басымдық беріліп келе жатқан ең алдымен жеке тұлғаға сену, жекенің қабілетіне ден қою дегеніңіз дұрыс жол. «Шымшықты да қасапшыға сойдыр». Ендеше әрбір адам, бұл жердегі айтпағымыз, әрбір жас қапы қалмай, өмір алға тосқан күллі мүмкіндіктерді сарқа пайдаланып, өз ортасында білімді де білікті маманға, одан асып көш бастайтын талантты тұлға ретінде қалыптасуды мұрат тұтуы тиіс. Мұндай мысалдар өз аймағымыздан да табылады. Анау Шиелінің шалғайдағы ауылынан шыққан академик Асқар Жұмаділдаев математика ғылымының ғаламшарымызға танымал ғұламасы, ал аптап ыстықты Қызылорданың қызы Элизабет мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан төрткүл дүниені таң қалдырса, толағай тұлғамыз Илья Ильин зіл темір көтеруден әлемнің төрт дүркін чемпионы, балауса дарын мектеп оқушысы Назерке Нұрғали шахматтың шахзадасы атанды талантты, талапты жастар аймақта аз емес.

Бағзыдағы қараңғы қазақ қоғамындағыдай баланың әйтеуір бір бастық, әлде бай болуға ұмтылуы қазір қуаттайтын қарекет емес. Тіпті көзіміз көріп жүр ғой, жоғары оқу орындардың екі-үшеуінің дипломдарын қалталарына қаттап басқан бәзбір бейбақтар ешқандай жұмысқа жарамай, дөй далада қаңғып қалғанын. Демек, диплом мансұқ емес, қалайда кәсіпқойлық, біліктілік, өз мамандығының хас шебері болу басты шарт бүгінде. Кәсібіңді жетік біліп, соның білімді білгірі он саусағынан өнер тамған өрісті ұстасы ретінде жұрт мойындаса, сол жетіп жатыр. Айталық, осы қазір елде сантехник, дәнекерлеуші, тұрмыстық құрал-жабдықтарды және компьютерлік техникаларды оңдайтын маман тапшы. Тағы да тәжірибеге жүгінсек, ақылын азық қылған епті еврейлер әдетте не тамаша зергер, не сұңғыла сағат жөндеуші, не етік тігудің майын ішкен шебер, не кәдуілгі сәнді шаш қырқатын шаршамайтын шаштараз болып жүріп-ақ тұтынушылардың ойындағысын орындап, көп клиент тартып, көптің көңілінен шығуының арқасында байлыққа батып жатыр. Біздің қазақтың бірден жан ауыртпай бай, төте жолмен төре, әйтеуір амалдап әкім қара болғысы келетін мазасыз менталитетінің мезгілі әлдеқашан өткен. Ке­шегі көне тарихқа зер салсақ, анау 19-шы ғасырда ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Біздің қазақтың бүгінде сауатын ашқан саусақпен санарлық аз санды балдарының өзі қарапайым қызметке барғысы жоқ, түгелдей түге төре болғысы келеді, әйтпесе отбасында омалып отырып қалуға бейіл» деп ашына айтқан-ды. Өткеннен сабақ алған ләзім, өмір ағымы мүлдем өзгерген.

Біздіңше, қазіргі қазақтың жастары үш тұғырлы  ұстанымды ұстануға тиіс деп білеміз. Біріншіден, олар отбасынан ұлттық тәрбиенің уызын қанып ішіп, ата-баба дәстүріне адал болуы керек. Тарихымызды танып, тым болмаса әулеттік шежірені біліп, жеті атасының атын жаттап өскені абзал. Бұл әуелі әруаққа құр­мет болса, одан соң шыққан тегіңді, қаныңды қа­періңе тоқып, тұрмыс құрғанда жақын бауыр­лардың қан араласып кетуі секілді келеңсіз жайттардың алдын алады. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесін егеленіп отырған ана тілімізді меңгеру баршаға міндет. Мынау іргеміздегі орыс империясының өзі алдымен ана тілін мектептің 2-сыныбына дейін оқытуды қатты қадағалап отыр. Өркениетті елдердің кеуде қатарындағы Жапония болса ұл-қыздарын 12 жасқа дейін тек қана өз төл тілдерінде оқытады. Үйренерлік үрдіс. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда отбасылық институтты көздің қарашығындай қорғап, жанұяда ұлға ертеңгі ер азаматтың, ал қызға келешек әйел-ананың ескіден келе жатқан тағылымын  беру, осы орайда келін, ене, ата, бала, немере сияқты ғасырлардан қалыптасқан өзара сыйластық аясындағы татымды тәрбиенің өзегін бұзып-жармай сақтаған ләзім. Мұның өзі қазір елімізде жылына отау құрған әрбір үш жұптың біреуінің ажырасып жатқанындай сұмдық жағдайдың орын алуына тосқауыл қояр еді. 

Екіншіден, жастарымыз отансүйгіш, елжанды, туған елі мен жерінің мүддесі үшін аянбай қызмет жасайтын патриот болып өссе дейміз. Үшіншіден, жер жаһанның өмірлік дамуда топ бастаған әлемдік озық ғылым, білім, тиімді тәжірибелерді үйрену, игеру, меңгеру, қол жеткізіп, тұрмысымызда пайдалануға әрекет жасау өскелең ұрпақтың үздік ұстанымына айналғанын қалар едік.

Жақында «Индустрия­лан­дыру­дың екінші бесжылдығы. Қа­зақстанда жасалған» жалпы­ұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын тапсырды. Бұл облысымыздағы тіршіліктің қантамырына айналған кәсіпкерліктің қарқынды беталысына берілген бірегей баға болды деп білеміз.  Мемлекет басшысының көрсеткен зор қолдауының арқасында және облыс әкімінің тікелей бас­та­масымен 2018-2021 жылдар «Жаппай кәсіп­керлікті қолдау жылы» болып белгіленуі де осы саланы дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отырғанын көрсетеді. Осы бағытта облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамытудың  Жол картасы әзірленді.

Облыс басшысы тарапынан жастарға қам­қор­лықтың үзілмей отырғанына көңіліміз көншиді, бұл бағыттағы жұмыстардың бел­сен­ділікпен қарқын алғанын көріп отырмыз. Жас ұрпаққа өзімізде және шетелдерде, оның ішінде Ресейде сапалы білім алуына жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуына мүмкіндік туғызу тәрізді шаралар жүзеге асуда.

Әрине, қай тақырыпқа болмасын көсемсіп те, шешенсіп те айтуға оңай. Дегенмен, осыны қазір кемел жасқа келген аға буын біз айтпасақ, кім айтады, қазір айтпасақ, қашан айтамыз?! Айтсақ, жанымыз ашығандықтан айтамыз. Іште пікір өлгенше… Тек мұны тыңдар құйма құлақ, санасына тоқыр зерек зерде болса, ғанибеті осы! Сөз түйінінде осынау жарияланып отырған Жастар жылының көп шараның бірі болып қалтарыста қалмай, өскелең жас ұрпақ үшін жасалатын жақсылығы, қияға қанат самғататын қуатты қолдау күші, барды баянды қылатын қарымды қажыр-қайраты, болымды да толымды қорытындысы, түптеп келгенде, жемісті нәтижесі болса дейміз. Ол үшін бұл ілкімді іске үлкен-кішіміз болып, бір кісідей жанашырлықпен жұмыла атсалысқанымыз абзал. Келешекке ұмсынған кемел дүниенің ұлтымызды ұшпаққа шығаратын айшуақ ақиқатқа айналуына біздің аға буын аянбай атсалысуға әзірміз. Біздің облыстық ардагерлер кеңесі осы орайда ағымдағы және жылдық жұмыс жоспарында аталған бағытта серпінді шараларды межелеп, жастарға қолдан келген ақыл-кеңес, бай тәжірибемен бөлісу тарапынан барынша қолдау көрсететін боламыз.

Өткен жүзжылдықтың басында қазақтың рухани һәм көсем сөзін ұстаған біртуар ар­қалы ақынымыз Мағжан Жұмабаев айтқандай:

          Көздерінде от ойнар,

          Сөздерінде жалын бар.

          Жаннан қымбат оларға ар,

          Мен жастарға сенемін!

  

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<