Жәрмеңкеде керектінің бәрі бар

634

0

Қызылорда қаласында аудандардың кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, базар бағасынан 10-15 процент арзан өнімдермен қамтамасыз ету дәстүрі қалыптасқан. Жәрмеңке маусымында әр сенбі сайын шаруалар өз өнімдерін әкеліп, жергілікті тұрғындарға азық-түлік мерекесін ұйымдастыруда.

Өткен сенбіде Астана даң­ғылы (Е.Көшербаев көшесі мен А.Иманов көшесінің аралығы) бойында таңғы сегіз­ден бастап, дәстүрлі ауыл­ шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесі өтті. Жаңақорған ауданының еңбек­керлері 284 тонна табиғи таза өнімді арзан бағада халыққа ұсынды.

Аудан мен елді мекендерден 83 көлікпен ауыл шаруашылығы өнімі  жеткізілді. Онда 120 тонна картоп, 10 тонна асқабақ, 8 тонна ақ күріш бар. Өнімдер нарықтық бағадан 10-15 процентке төмен сатылды. Ет өнімдері жоғары сұранысқа ие болды. Кәсіпкерлердің әкелген 800 келі еті әп-сәтте сатылып кетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі көптің көңілінен шықты. Тұрғындар қыстың қамына кірісіп, азық-түлік қорын  молынан алды. Молшылық болған жәрмеңкеге арнайы келген қала тұрғыны Самат Артықбаев  та ауыл сыбағасынан  алып үлгеріпті.

– Азанғы сегіз шамасында келдім. Адам қарасы көп. Өнімнің бәрі бар, тез өтіп кетуде. Баға қолжетімді. Мен де қысқа қамданып,  картоп, пияз, асқабақ, сәбіз және дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз алдым. Балаларым қуанып қалатын болды. Жылда осы уақытта азық-түлік мерекесін күтеміз. Бұл дағдыға айналған. Себебі, бақша дақылдарын молынан алып, қыстан шығамыз, – деді ол.

Сонымен қатар бұл күні Қызылорда қаласының шаруалары да  С. Толыбеков көшесінің («Тағзым» алаңының алды) бойында жәрмеңке ұйымдастырды. Жергілікті халық жәрмеңке болатынын алдын ала естіген. Мұнда таңсәріден бастап халық көп жиналды. Тауарөндірушілер өнімдерін 67 көлікпен әкелген, 130 тонна өнімді сөреге шығарып, базар бағасынан 10-15 процентке төмен саудалады.

Тұтынушыларға 73,2 тонна картоп пен көкөніс, 3,4 тонна ет, 14,5 ақ күріш, 13 мың дана жұмыртқа, 1 тонна сүт өнімдері ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдер молынан сатылды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<